Өмеш асуынан аса бере тау арасындағы иір жолдың қос қапталы күлгін түсті гүл атқан аласа бұталар. Көрсеңіз ғой, әр-әр жерге шоқтасқан әдемілік.
Бір қарағанда сирень бе дейсіз. Енді бірде Жапонияның әйгілі сакурасына ұқсатасыз. Алайда негізгі атауы – марал оты. Мамырда гүлдейді. Бұл өсімдік Ресейдің Шүй жолы бойындағы беткейлерде тұтасып өседі. Туризмнің дамығандығы ма, ол жақта марал оты гүлдегенде саяхатшылар анау-мынау жұмысын ысыра тұрып, алыс-жақыннан арнайы жетіп, суретке түседі, табиғаттың сұлулығын тамашалайды. Сол секілді Өскемен – Самар тас жолындағы марал отын да көбейтіп, туристерді тартса деген ой келген. Ол туралы ботаник мамандар не дейді? Ең әуелі солардың пікірін тыңдағанбыз.
– Иә, ерекше әдемі гүл. Өкінішке қарай, азайып бара жатқандықтан, «Қызыл кітапқа» енді. Көбейту жағын зерттеп, өзі бейімделген жерлерге отырғызуға болады, әрине. Бірақ онымен айналысатын арнайы мамандар керек шығар? – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ биология кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты Жамал Игісінова.
Егер марал оты Өмеш асуынан асқандағы Лайлы бұрылыстарының ішіндегі беткейлерге киіздей қаптап, көктемде құлпырып тұрса, саяхатшылардың арнайы сапарлайтыны анық. Жапонияда сакура ағашы гүл атқанда қаншама елден турист сабылады. Мәселен, Токиодағы «Синдзюку» саябағында ғана 1000 түп сакура ағашы бар екен. Сол секілді Самардың «сакурасын» да көбейтуді қолға алса, игі іс болар ма еді. Қазірдің өзінде әр түптің түбіне тоқтап, суретке түсіп жүрген сұлулыққа жаны құмар жолаушыларды байқадық.
Шығыс Қазақстан облысы,
Самар ауданы