Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары бар, жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жеткен адамдардың, сондай-ақ егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін белгіленген кесте бойынша алуға құқығы бар екенін еске салады.
Қордан зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толуына байланысты тағайындауға тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚО), ал бірінші немесе екінші топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты төлем алуға қор бөлімшелеріне, электрондық цифрлық қолтаңбасы бар болса, БЖЗҚ сайты арқылы уақтылы жүгінуі қажет. Алушы зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын ХҚО-ға өтінішпен бірге қажетті құжаттарын өткізуі керек.
«Біз осы мерзімді қатаң сақтауға кеңес береміз. Себебі бұл мемлекеттік зейнетақыны алуда өте маңызды, оны тағайындауға ұсынылған құжаттар бойынша еңбек өтілін тексеру қажет. Оған қоса заңнамаға сәйкес жасына байланысты зейнетақы және мемлекеттік базалық төлем тағайындау өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі. Мұндай күн өтініш пен қажетті құжаттар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында тіркелген күн есептеледі», делінген хабарламада.
БЖЗҚ мәлімдегендей, жасы бойынша зейнетақыны жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жеткен адамдар, мысалы, осы жылы 63 жасқа толған ерлер мен 61 жасқа толған әйелдер ала алады. БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Сонымен қатар проактивті қызмет көрсету мақсатында зейнет жасына толған, қорда зейнетақы жинақтары бар, бірақ төлем алуға өтініш білдірмеген тұлғалар бойынша БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, осындай азаматтарда жасына байланысты тағайындалған зейнетақы төлемдерінің, бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің бар-жоқтығын жыл сайын салыстырып, тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Жыл сайынғы салыстыру нәтижелері бойынша бюджет қаражаты есебінен тағайындалған зейнетақы төлемдері бар адамдар анықталған кезде БЖЗҚ оларға Мемлекеттік корпорациямен жасалған тиісті келісім шеңберінде зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады. Мысалы, осы жылдың 1 наурызына жыл сайынғы салыстыру нәтижелеріне сәйкес зейнетақы жасына толған, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, оны төлеуге өтініш білдірмеген шамамен 200 мың адам Мемлекеттік корпорацияның мәліметтері бойынша анықталды. Атап айтқанда, 45 мыңға жуық адам жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, базалық зейнетақы алмайды. Шамамен 92 мың адам бюджет қаражаты есебінен жасына байланысты, базалық зейнетақы, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алады, оның ішінде биыл 20 мыңға жуық азамат БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін алуға тұрғылықты жері бойынша ХҚО-ға өз бетінше өтініш білдірді. 72 мыңға жуық азаматқа салыстыру нәтижелері бойынша БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері проактивті форматта тағайындалды. Сонымен қатар шамамен 63 мың адам – республикадан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, не қайтыс болған адамдар санатында.
Осылайша, жоғарыда көрсетілген салыстырып тексеру нәтижелері бойынша БЖЗҚ осы жылдың наурыз-сәуір айларында 70 мыңнан аса азамат ХҚО-ға проактивті форматта жүгінбесе де оларға зейнетақы төлемдерін жүзеге асырды.