• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Есірткі 22 Мамыр, 2024

Есірткіге қарсы заңнаманың қауқары қандай?

120 рет
көрсетілді

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары «Есірт­кі құралдарының, психотроптық заттар мен прекур­сорлардың таралуына қарсы іс-қимыл сала­сын­дағы заңнама мен құқық қорғау практикасының проб­ле­малық мәселелері» тақырыбына арналған отырыс өткізді.

Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров нашақорлық проблемасы еліміздегі қоғам денсаулығы мен ұлттың қауіп­сіздігіне елеулі қатер төн­діріп отырғанын атап өтті. Елі­мізде есірткінің таралуы жа­с­тардың денсаулығы мен ар-ожданына қауіп төндіреді, бола­шағына алаңдатады және қазақстандық қоғамның әлеу­мет­тік тұрақтылығына күмән туғы­зады.

«Бүгінгі таңда көптеген дамыған мемлекетте есірткіге тәуелді жандарды оңалтуға бағытталған құқықтық, меди­ци­налық, әлеуметтік және өзге де қамтамасыз ету жүйесі бар және сонымен қатар есірткіге қарсы күшті үгіт-насихат науқаны жүргізіледі. Өкінішке қарай, елімізде мұндай жүйе тиісті деңгейде іске аспай отыр. Есірткіге тәуелділер санының өсе түсуі және есірткінің әсері­нен жасалған қылмыстар саны көбейіп бара жатқанда мұн­дай жағдай мемлекет пен қоғам тарапынан шұғыл шара қабылдауды талап етеді», деді Н.Бекназаров.

Дөңгелек үстелге қатысқан Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-лейтенанты Марат Қожаев есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар мен оның құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар жұмысының нәтижесін жақ­сартуға ықпал етіп отыр­ға­ны туралы айтып берді. Мә­селен, биылғы төрт айда есірт­кімен байланысты құқық бұзу­шы­лықтарын анықтау 7%-ға өскен.

Оның айтуынша, елдегі есірткі ахуалы үш негізгі фак­торға байланысты. Олар – син­тетикалық препараттардың таралуы, өзімізде өсетін канна­бис­тік шикізаттың болуы және «Солтүстік бағыт» бойынша­ ауған героинінің трафигі. Соның ішінде 2015 жылдан бері синтетикалық есірткі заттарының таралуы­ қатты қарқын алған. Алғаш­қыда біздің заңнамамыз оны құрықтауға қауқарлы болмай, 2019 жылы есірткі заттарының тізімі заң негізінде толықтырылған.

«Сол үшін тиісті нормаларды жасаудың өзі бір жылдан көп уақытты алды. Бұл кезеңде нарық бақыланбайтын жаңа заттармен толығып жатты. Олардың құрылымы 1-2 молекулаларды ауыстыру арқылы өзгеретін. Бұл есірткі саудагерлерінің заңды айналып өтулеріне мүмкіндік беріп жүрді. Дегенмен заңнамаға есірткі заттарының «аналогтері» және «айырбастаушылары» ұғымдары енгізілгеннен кейін бұл келеңсіздіктің алды алынды», дейді М.Қожаев.

Қазіргі күні заңнамаға енгі­зіл­ген өзгерістердің арқасында жаңа синтетикалық есірткі заты пайда болса, оны тізімге енгізу 1 айға дейінгі уақытты алады. Соның арқасында кейінгі 5 жылда тәркіленген «синтетикалар» көлемі жылына 10 кг-дан 1 тоннаға дейін артқан. Министрлік өкілінің айтуынша, бүгінде есірткі қылмысы толықтай кибер-кеңістікке көшкен. «Крипто-әмияндар», «мессенджерлер» және басқа да инновация түрлері белсенді пайдаланылады. Соған сәйкес олармен күрес тәсілдері де үнемі жетілдіріліп келеді.

«Өздеріңіз білетіндей, есірт­кі сатушылар арасында ең танымалы – «Telegram» мес­сенджері. Олар бір-бірін білмейді, өйткені барлық байланыстар «боттар» арқылы жүреді. Мұнда біз «анти-бот» деп аталатын парақша құрдық. Сол арқылы интернет-дүкендерді бұғаттаймыз», деді М. Қожаев.

Ішкі істер органдары есірткі бизнесі саласындағы 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойып, 23 есірткі зертханасын жойды. Одан басқа, жыл сайын республика бойынша нашақорлықтың алдын алу аясында 9 мыңнан астам профилактикалық шаралар өткізіледі. Отбасындағы, әлеуметтік ахуалы нашар және өмірі қиын жағдайдағы балаларға, жасөспірімдер мен жастарға ерекше назар аударылады, сондай-ақ саламатты өмір салтын насихаттау аясында мақсатты түрде жұмыс жүргізіледі.

М.Қожаев «синтетика»­ өндірісіне байланыс­ты­­ қатерлерді ескер­е отырып­, есірткі зерт­ха­на­ларын ұйым­дастыруға жауап­кер­ші­лік­ті күшейтуде түзетулер әзір­лен­генін атап өтті. Қазіргі таңда оны ұйым­дастыратын адамдар 10 жыл­дан 15 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру жазасына кесіледі. Ал ІІМ ұсынған өзге­рісте 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау туралы айтылып отыр.

«Қазір қоғамда есірткіні «жа­сырып кетушілерге» қа­тыс­ты жазаның тым қатаң­ды­­ғы туралы айтылып ке­ле­­ді. Бұл осы салаға жас­тар мен жас­өс­пірімдердің көп­теп ке­луі­не байланысты болып­ отыр. Шын мәнінде, кейінгі жылдары есірткі тара­ту­шы­­лар­дың «портреті» едәуір өз­гер­ді. Олардың басым бөлігін күн­көрісі жақсы отбасылар­­дан шыққан жастар құрайды. ­Олар ин­тернет-техно­ло­гия­ларды ше­­­бер қолданады. Құқықтық са­уаты төмен бол­ғандықтан және оңай олжа­ға кенелу үшін есірткі саудагерлерінің құ­рығына оңай түсіп қалып жатыр», деді полиция генерал-лейтенанты. Қазіргі таңда осындай қылмыстары үшін кәмелет жасына толмаған 7 жасөспірім сотталған. Олардан бөлек, 20 адамның үстінен қылмыстық іс жүріп жатыр.

Отырысқа Денсаулық сақтау министрлігі, Қаржы мониторингі агенттігі, Сот әкімшілігі, Құқық қорғау органдары академиясы, ғылыми қоғамдастық, Парламентаризм институтының өкілдері, сондай-ақ еліміз өңірлері мәслихаттарының депутаттары қатысты.