Қарағанды дәрігерлері ауыр дертке шалдыққан екі айлық балаға күрделі операция жасап, сәбиге өмір сыйлады. №2 көпсалалы аурухананың дәрігерлеріне, кардиологиялық орталықтың хирургтеріне баланың ата-анасы алғыс жаудырды.
Сәбидің анасы баласының ауруханаға алғаш қаңтар айында түскенін, емханада жүрекке жасалған ультрадыбыстық зерттеуі негізінде «Тетрада Фалло» диагнозы қойылғанын айтады. Сол уақытта дереу ауруханаға жатқызылып, бір айдан кейін операцияның бірінші кезеңін жасаған.
Кардиологиялық орталықтың хирургтері жүйелі-өкпе анастомозы операциясының бірінші кезеңін жасады. Артерия тарылған жерде өкпе артериясына стент орнатылды. Бұл болашақта ақауды түзетуге және радикалды операция жасауға мүмкіндік береді екен.
– Сәби ауруханаға ауыр халде түсті. Біз операцияның бірінші кезеңін жүргіздік. Бұл соғып тұрған жүрекке жасалады. Операция баланың қалыпты дамуына, жүректің толығымен түзетуге дайындалуына көмектеседі. 4-5 айдан соң операцияның екінші кезеңін жасау керек. Бұл Фалло ақауын түбегейлі түзетуге мүмкіндік береді, – дейді №2 көпсалалы аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Жанат Болатбекұлы.
Мамандар «Тетрада Фаллоны» төрт анатомиялық аномалияны біріктіретін туабіткен жүрек ақауы деп түсіндіреді. Қарыншалық перде ақауы, ортаның ығысуы, оң жақ қарыншаның стенозы және гипертрофиясы. Жүрек ақауы қанның оттегімен қанығу деңгейінің біртіндеп төмендеуіне әкеледі. Бүкіл ағзаның жұмысында өзгеріс пайда болады, иммунитет төмендейді, ми қызметі және ағзаның жалпы дамуы баяулайды. Науқастың жүрек ұстамасы кезінде денесі көгереді, жылдам тыныстай бастайды, мазасызданады.
Уақытында жасалған операцияның оң нәтижесінде мамандар кішкентай науқасқа туабіткен жүрек ақауын кезең-кезеңімен түзетіп, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік жасауға тырысты. Бұл операция қымбат әрі күрделі екен. Дәрі-дәрмек пен медициналық ем-шаралар көп уақытты қажет етеді. Оны тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі аясында алады.
Қарағанды облысы