Егер Францияға жолыңыз түсер болса, ғажайып суретші-импрессионист Клод Моненің үйіне тоқтауыңызға болады. Иә, «Airbnb» қызметі бірнеше жылдан бері қылқалам шебері Клод Моне тұрған әйгілі көк үйді жалға беріп келеді. Әсіресе өнерге жаны құмар адамға аңызға айналған шебердің үйінде тұру, Моненің ізімен жүру өлшеусіз бақыт екені сөзсіз. Бұл, әрине, кез келген тұлғаның мұражайына ақысын төлеп, кіріп шыққаннан әлдеқайда биік сезім. Тіпті тарихты көзбен көргендей әсер қалдыруы мүмкін.
Суретшінің 1883 жылдан 1926 жылға, яғни өмірінің соңына дейінгі 40 жылдам астам уақыт тұрған үйі Живерни ауылында орналасқан. Осы үйдің ауласында бүгінде барша әлем таң-тамаша қалатын талай картина жазылды. Осы ауылдың аспаны, күн мен түннің түрлі күйі, табиғаттың әр сәттегі мың түрленген құбылысы Моненің қылқаламымен боялды.
Бұл үйде 3 жатын, 2 қонақ бөлме мен 3 жуынатын бөлме бар. «La Maison Bleue»-дегі бір күн 350 евро (167 мың теңге) тұрады. Кең жерімен сатып алған суретші айналасын бақшаға айналдырды. Есігінің алдын гүлзар қылды. Өзі ылғи бейнелейтін су лалагүлінен тоған жасады. Бұл бақ суретшінің көп картинасында суреттелген.
1966 жылы Моненің ұлы бақшалы үйді мемлекетке мұра етіп қалдырып, бүгінде суретшінің мұражай-үйі орналасқан. Мұнда әр кезде әлемнің түкпір-түкпірінен импрессионизм бағытын сүйетіндер мен ландшафт дизайнерлері ағылып жатады. Бәрінің іздейтіні – Клод Моне.
Мақамы бөлек шебердің қылқаламы табиғаттың тылсым түстеріне, аспанның сан түрлі бояуына неге ұмтылып тұратынын кім білсін? Жарыққа ұмтылған сол қылқаламнан туған табиғат көрінісі өң мен түсті адастырады. Дәл бір картина емес, сан құбылған түстердің жылы шырайына көзің арбалып, сол ғажап далада өзің тұрғандай, құшақ ашқандай, аспанға қол созып, арпалысқан ойларың бір сәт тыныштық тапқандай сезілетіні бар. Әр минут сайын түрлі күйге түсетін табиғаттың әр тынысын аңдып, барлап, қас пен көздің арасындағы құбылысты кенебіне дереу түсіріп, дала кезіп жүріп таңғажайып туынды жасаған шеберлердің тағдыры да қилы жолға түсті.
Париждің Монмартрында дүниеге келген Клод Моне бала кезін дәптер шимайлаумен өткізіпті. Суретшінің шығармашылықты карикатура салып бастағанын да білеміз. Сол кездегі жоқшылық, жұмыссыздық мәселесі оның шығармашылығына молынан әсер еткенін айта кетуіміз абзал. Ол жас кезінен-ақ шарж бен карикатурадан пайда түсіріп, өз күнін өзі көре бастайды. Мектепке барғысы келмейтіндігі тағы бар, үнемі Гавр жағалауында суреттерін 15-20 франк бағасына сатып жүретін. Бұл істен әжептәуір ақша тауып, өзінше «өсе» бастаған өнерлі жігітке суретші Эжен Буден кездеспесе, импрессонист Моненің асқан талантын әлем білер ме еді?
Клодтың суреттерін көріп, тамашалаған Буден: «Бұл өнермен шектеліп қалмай, әрі қарай оқу керек», деп ақыл айтады. Табиғат аясына барып, мольбертін құрып жіберіп, көріністі кенепке қалай жазу керектігін көрсетеді. Қылқалам ұстаған Буденнің сол кездегі сәтін көзімен көрген Моненің таңданысында шек болмапты. «Көзім алдымнан перде ашылғандай күй кештім... Көркем суреттің құдіретін бір-ақ сәтте ұққандай болдым», деп жазады.
Осыдан соң Париж барып, Сюисс Академиясын көру, Труайон, Шарль Глейр мен Огюст Тульмуш шеберханасынан дәріс алуы жас таланттың шеберлігін ұштай түседі. Десе де Моне әу бастан біреуге бағынғанды ұнатпаған, Буденнің өзін әрең мойындаған «бүлікшіл» бала емес пе еді? Академияда да қатаң тәртіпке бас ие алмай, айтылған сынға шалқақтап, ақыры мольбертін арқалап, еркіндікке кетеді. Шығармашылыққа біржола бас қойып, көзқарастары ұқсас Мане, Сислей, Ренуар секілді суретшілермен дос болады. Олар Париж салондарында тек тарихи тақырыптағы суреттер қойылатынына наразы болатын. Шығармашыл топ «дәл қазіргі сәт» ұғым шеңберінде өмір сүріп, соны кенепке түсіргенді құп көрді. Сондай-ақ оларға өз заманының кейіпкерлерінің тағдыры қызығырақ көрінетін. Кейін Моне, Ренуар, Сислей мен Базиль өздері жеке шығармашылық бірлестік құрып, 1874 жылы алғашқы көрмесін ұйымдастырады. Осыдан кейін өнер әлемінде осы суретшілер толқыны «импрессионистер» аталып кетті. Көрменің атауы Моненің «Әсер. Күннің шығуы» (Impression, soleil levant) картинасына байланысты қойылған.
Әзіл сурет жазып, таланты танылған Оскар Клод Моне адамзаттың өнер қорына өлмейтұғын екі мыңға жуық картина қалдырыпты. Әр туындысына қарап, көзің тояды, жаның жылынады. Ең бастысы, өнердің құдіретті күшіне еріксіз бас иесің.