Қоғам • 24 Мамыр, 2024

Қимыл-қозғалысы күрделі балаларды оңалту тәжірибесіне арналған семинар өтті

155 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» және Ақыл-есінің немесе бой-бітімінің жетілуінде кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу, кәсіби еңбекпен оңалту орталығының ұйымдастыруымен «Ауыр мүгедектіктің алдын алу және азайту үшін мүгедектігі бар балалар мен жастарды физикалық-әлеуметтік оңалтудың заманауи тәсілі» тақырыбында семинар-практикум өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қимыл-қозғалысы күрделі балаларды оңалту тәжірибесіне арналған семинар өтті

Семинар мүгедектіктің орташа және күрделі деңгейіндегі (GMFSC IV-V) балалармен жұмыс тиімділігін арттыруға, мекемелерде және үйде қимыл-қозғалысы бұзылған балалар мен ересектерді оңалтудың заманауи әлемдік қағидаттарын қолдануға, өздігінен жүріп, тұруына, отыруына және функционалдық қозғалыс машықтарын, сонымен қатар оңалтудың қалыптағы тәсілдерімен қол жеткізуге болмайтын қабілеттерін дамытуға арналды.

Бүгінде республикада психологиялық-консультативті кеңестің тіркеуінен өткен 203 717  бала бар. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға ғылыми-әдістемелік кеңес беретін «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» директорының міндетін атқарушы Айгүл Байтұрсынованың айтуынша, зиятында, естуінде, көруінде, тірек қимыл-қозғалысында, сөйлеуінде күрделі кемістігі бар, психикалық дамуы тежелген, сондай-ақ аутистикалық спектрлі балалар осы санатқа жатады.

– Қазіргі кезде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар санаты анықталды. Осыған байланысты балаларды оқудағы қиындықтарына, себептеріне қарай екі топқа бөліп қарастырамыз. Бірінші топқа даму кемістігінің салдарынан оқуда қиналатын, ал екінші топқа оқудағы қиындықтары әлеуметтік психологиялық факторлар салдарынан болатын балалар кіреді. Бұл топқа қандастар, мигранттардың балалары, басқа елдерден қоныс аударған және психологиялық тұрғыда оқуға қиналатындар кіреді. Бүгінде салада нормативтік құжаттар реттелгенімен, жалпы білім беретін мектептерде психологиялық, педагогикалық сүйемелдеуге қажетті бағыттарды дамыту уақыт талабынан туындайды. Мұндай жағдайда мамандар баланың жеке қажеттіліктеріне сүйене отырып жұмыс істеуі тиіс. Мектептерде өзге сыныптастарымен бірге білім алуы балалардың дамуына оң ықпал етеді десек, оларды тұрақты сүйемелдеп отыратын мамандармен уақтылы қамтамасыз ету уақыт талабынан туындайды. Егер баланың сөйлеу тілінде кемістігі болса, мектепте білікті логопед, психикалық дамуы тежелген балаларға олигофренопедагог, логопед, психолог сияқты мамандар көмектесе алады. Олар сыныптағы мұғалімдерге көмек берумен қатар баланың бойындағы кемістікті түзетуге ықпал етеді. Ал баланың мінез-құлқына қатысты туындайтын жағдайды бақылауда ұстауда педагог-ассисенттердің қызметі аса қажет. Олар кәсіби әрекеттерге бара отырып, жағымсыз жағдайдың алдын алуға қолдау көрсете алады, – дейді Айгүл Байтұрсынова.

Баланың дамуы қаншалықты күрделі болса, оны шешу жолдары да оңайға соқпайды. Қазіргі таңда республикада ақпараттық-автоматтандыру жүйесі жұмыс істейді. Осы орайда психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестерді есепке ала отырып, мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеді. Бүгінде республикада 212 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері бар. Онда дәрігер-реабитолог, емдік дене шынықтыру, реабилитолог, тағы да басқа сала мамандары көмек көрсетеді. Мүмкіндігінше, мұндай орталықтарды баланың тұрғылықты мекенжайына жақын маңда ашу көзделген. Бүгінде оңалту орталықтарының жұмысына ата-аналарды да қатыстыру арқылы, отбасыға бағытталған бағдарламалар аясында үй жағдайында баламен жұмыс істеуді жетілдіру көзделген.

Семинар барысында MOVE халықаралық бағдарламасының кураторы, врач травматолог-ортопед Андрей Калачев және Наталия Кушваха тірек-қимыл қозғалысы күрделі балалармен жұмыс, жаңа технологияларды қолдану тәжірибелерін бөлісті.

MOVE бағдарламасының өкілі Наталия Кушваханың айтуынша, тірек-қимылы өте күрделі балаларды қалыпты жағдайда өмір сүруге, қоршаған ортаға заманауи техникалық құралдардың көмегімен бейімдеуге болады. Олардың күнделікті қимыл-қозғалысы, жүріп-тұруы үшін күрделі жабдықтар қажет. Тірек-қимыл қозғалысы күрделі балалар әлемде инклюзия көрсеткішінің 5 пайызын құрайды. Бүгінде әлемнің бірқатар елінде қолданып жатқан реабилитациялық стандартты, дәстүрлі оңалту бағдарламалары мұндай диагноздағы балаларда нәтиже бермейді. Сондықтан тірек-қимылы күрделі балалардың жеке жағдайын ескере отырып, көп функционалды құралдарды қолдану ешкімнің көмегіне сүйенбей, өздігінен қимылдау мүмкіншілігін арттырады. Аулаға шығып серуендеу, мектепке, сауда алаңдарына өздігінен барып, өз қатарластарымен емін-еркін араласуына ықпал етеді. Әлемде мұндай заманауи әрі өте қымбат тұратын құралдармен қамтамасыз етуді қайырымдылық қорлары іске асырады. Ұлыбритания, Германия, Финляндия, Швеция, Америка елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, тірек-қимылы қозғалысы күрделі балаларды тұрақты қадағалап отыру, әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу және функционалдық дағдыларын дамытуға инновациялық шешімдер мен жаңа технологиялар ықпал етеді.  

Семинарда мамандар балалардың қозғалыс бұзылыстарын кешенді оңалту әдістерінің теориялық әрі тәжірибедегі мүмкіндіктерін қарастырды. Тірек-қимыл аппаратында бұзылыстары бар балаларды оңалту, мектеп-интернаттарында қолданылатын кешенді әдіснамалық, технологиялық және әдістемелік, кәсіби құзыреттіліктер, мамандардың ата-аналармен үйде белгілі бір дағдыларды оқыту бойынша ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды.

АЛМАТЫ