Тілдің жай-күйі өзекті тақырыпқа айналғалы қашан. Соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл тазалығы пікірталасқа жиі арқау болып жүр. Алайда қазір баспасөз бен көгілдір экранда, радио мен ақпараттық сайттарда қазақ тілінің жазылу емлелерінен бастап, айтылуы мен оқылуына дейін мың құбылып жүр. Осы күнге дейін жазылмаған қағидаға айналып, үлгі болып келген бір ережеге бағыну былай тұрсын, құлаққа түрпідей тиетін сөздер көбейді. Осы орайда сөйлеу мен жазу мәдениетінің маманы, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫНЫҢ ақпарат айдынындағы тіл мәселесі туралы ой-пікірін білгенді жөн көрдік.
– Бұрын бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде баспасөзде тіл тазалығы бұлжытпай орындалып келген. Ал қазір бұл үлкен мәселеге айналды. Себебі неде?
– Кеңестік кезеңде газет-журналдар қазіргідей көп емес еді. Ол басылымдарда, әсіресе республикалық баспасөзде қаламы әбден төселген, жазуға машықтанған тәжірибелі журналистермен қатар белгілі филологтер, ақын-жазушылар да қызмет етті. Журналистика факультетін үздік бітірген, БАҚ беттерінде жарқырап көрініп жүрген, жазғандары жұрттың назарына іліккен дарынды жастарды сол басылымдардың редакторлары мен ұжымы іріктеп, таңдап алатын. Жұмысқа алғаннан кейін жастардың жазғандары аға буынның алдынан өтіп, қырналып, жөнделетін. Осындай ұрпақ сабақтастығының арқасында жазуға қабілетті жастар алдыңғы аға-әпкелерінің тәжірибесін алып, мықты ұжым ортасында әбден пісіп-жетіліп, жазу шеберлігін бұрынғыдан да жетілдіріп, газеттен шыңдалып шығатын еді. Республикалық басылымдарға өңірлердегі үздіктерді де жұмысқа шақыру үрдісі болды. Сондықтан республикалық басылымдар, жалпы газет-журнал дұрыс жазудың үлгісі бола білді. Жұрт БАҚ-қа қарап сөзін түзеді.
Қазір де бұл дәстүр мүлде үзіліп қалды деуден аулақпыз. Әйгілі редакторлардың мектебінен өткен аға буын өкілдері де, жақсы жазатын жас буын өкілдері де әр басылымда бар. Бірақ газет-журналдың саны бұрынғыдан әлдеқайда көп. Сол басылымдардың бәрінде кіл мықтылар, нағыз кәсіби шеберлер ғана еңбек етіп жүр дей алмаймыз. Дегенмен радио-телеарналарға, көптеген сайт пен порталдарға қарағанда газет-журнал тілі едәуір тәуір, жазу мәдениеті жоғарылау екенін айтқан абзал. Ал енді электронды ақпарат құралдарының жай-күйі үлкен мәселеге айналып барады. Әсіресе телеарналарда кейінгі 15–20 жылда тек кәсіби журналистер емес, әнші де, әртіс те, өзге мамандық иелері де еңбек еткені белгілі. Соның салдарынан телеарна тілі дұрыс сөйлеудің үлгісі бола алмай қалды. Бұл туралы талай айтылып, жазылып та жүр. Әрине, телеарналарда да өз ісінің білгірлері, тілі жатық, сөйлеу мәдениеті жоғары, тіл нормаларын сақтайтын жақсы мамандар, тым көп болмаса да, бар. Біз оны әсіресе жаңалықтар қызметінде жұмыс істейтін журналистер арасынан көбірек көреміз. Ал енді түрлі шоулар мен көпшілік көңілін аулап жоғарырақ рейтинг жинайтын бірқатар бағдарламаның тіліне тамсанып, сөзіне сүйсінеміз деп айта алмаймыз.
– Отандық телеарналардағы түрлі шоу-хабарлар қазақ тіліне жат, «қазіргі тіл» деп санайтын ауызекі және тікелей аударма сөздерді жиі пайдаланады. Кейде бастауыш пен баяндауыштың орнын ауыстыратын журналист-дикторлардың сөйлеу мәдениетін қалай қалыптастыруға болады?
– Мұндай мәселенің туындау себептерін алдыңғы сөзімде қысқаша тоқталып өттім. Біз БАҚ-та кездесетін қателерді жинап, олардың дұрыс нұсқасын көрсететін «Сөзтүзер» деген арнаулы сөздік шығардық. Онымен танысып, сөзін түзегендер де бар. Сондай-ақ, өкінішке қарай, онда көрсетілген кемшіліктерді әлі де қайталап, «ойларымен бөлісті», «болады ма?», «айту керекпіз», «бара жатырған», «бас миы», «домбырада ойнады» деп сөйлейтіндер де, жазатындар да аз емес. Осыдан барып тіл мәдениеті бұзылады.
Ал «Кемшіліктерден қалай арыламыз, сөйлеу мәдениетін қалай көтереміз?» деген мәселеге келсек, біріншіден, ЖОО-да теле-радиожурналистерін, дикторларды даярлау кезінде оларға тілді, әдеби тіл нормаларын, орфоэпия мен орфографияны жүйелі түрде оқытып, болашақ мамандарды қатесіз сөйлеп, сауатты жазуға барынша машықтандыру қажет.
Екіншіден, мамандарды теле-радиоларға жұмысқа қабылдау кезінде олардың түріне ғана емес, тіліне де жете мән беріп, ашық конкурс арқылы ең үздіктерін іріктеп алу керек.
Үшіншіден, жұмысқа қабылданған жас мамандарды эфирге әбден дайындап барып шығарған дұрыс. Көркемдік кеңес, редакторлар, стилистер мен тәжірибелі әріптестер олардың тіліне, сөйлеу мәдениетінің көтерілуіне үнемі көңіл бөліп отырғаны жөн. Сонда олар телеарнадағы өзінің тіліне қатысты жоғары талапты, жауапкершілікті сезіне отырып кәсіби тұрғыдан өседі.
Төртіншіден, басшылық пен ұжым қабілетті, дарынды мамандарды бағалап, қолдап, олардың шығармашылық тұрғыдан үнемі дамып, қажетті орта туғызып отыруы өте маңызды. Сонда білікті мамандармен бірге сол саланың өзі де өркендейді.
Бізде бір саладан екінші салаға, одан үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тағы бір басқа салаға ауысып жұмыс істеп жүретін адамдар көп кездеседі. Дарақ бір жерде көктейтіні белгілі. Тележурналистер арасында да өз саласына бір келіп, бір кетіп, әр кәсіптің басын шалып жүретін осындай әмбебаптар аз ұшыраспайды. Осындай себептер жинақталып келіп, саланың дамуына, білікті мамандардың бір жерге шоғырланып, тұрақты жұмыс істейтін кәсіби орта туғызуына, өз ісіне жан-жақты әрі терең мамандануына жол ашпайды.
– Радиодағы тіл тазалығы, жүргізушілердің әдепсіз, бейәдеп, ауызекі сөздері құлаққа түрпідей тиіп жатады. Көркемдік кеңестің жұмысы қалай жүргізілуі керек?
– Бұрыннан қалыптасқан, көп жылдық тарихы бар «Қазақ радиосы» мен «Шалқарда», кейбір өзге арналарда да өз ісіне шын берілген жақсы мамандар бар. Дегенмен кей арналарда тізгін қолға тиді екен деп эфир мәдениетін сақтамай тым еркінсіп кететін, қазақша сөйлеп тұрғанымен кейбір сөйлем құрылымдары орысшадан тікелей аударып тұрғандығы байқалып тұратын жүргізушілердің де кездесетіні рас. Әсіресе ілгерінді, кейінді ықпал мен орфоэпия ережелерімен онша таныс емес мамандар сөз саптауынан анық байқалып тұрады. Бұл туралы тіл мамандары аз айтқан жоқ. Біз де бұл мәселеге бірнеше рет тоқталғанбыз. Айтқан, жазған да дұрыс қой. Ең бастысы, әр маманның жұрт алдындағы өз жауапкершілігін терең сезініп, үнемі өз бетімен ізденіп, өзін жетілдіріп отыруы көбірек нәтиже берер еді.
– Телекомпаниялар құрылымында жарнама қызметі негізгі шығармашылық топтан бөлек. Бірақ олардың қазақшаға аударған жарнамалары сол арнадан беріледі. Ұлттық арналардағы, онлайн баспасөздегі жарнама тілін жөнге салудың қандай жолы бар?
– Біздің жарнамалар көбінесе орысшадан аударылады. Сондықтан олардың көбі орысшасының көлеңкесі болып қалады. Тікелей аударылғандықтан, олар қазақ көрерменінің құлағына жағып, көңіліне қона бермейді. Сондықтан ел есінде қалып, ауыздан-ауызға тарап жатқан жақсы жарнамалар жоқтың қасы. Жалпы бізде осы қазақша жарнама тілі орнығып, көз қуантарлық үздік жарнама үлгілері жасалмай келеді. Мұның түпкі себебін еліміздің тілдік кеңістігінде қазақ тілінің қаржы-экономика, бизнес тілі ретінде кеңінен қолданылмай отыруынан іздеу қажет. Ірі компаниялар мен кәсіпорындар, түрлі фирмалар ісқағаздарын қазақша жүргізіп, өз өнімдерін қазақша жарнамалап, қызметін қазақша көрсететін болса, қазақтың жарнама тілі де тез жетіліп, жарнаманың үздік үлгілері де көп болар еді. Әзірге оны көре алмай тұрмыз. Өндірісте, бизнесте, сауда-саттықта, қоғамдық қызметте қазақ тілі кеңінен қолданылса, жарнаманың да сол тілде жасалуына тура келеді. Елдегі ірі, орта және шағын бизнес жаппай қазақшаға көшкенде жарнама да, жарнама тілі де жайнап сала береріне күмәніміз жоқ.
– Әріптестерімді сөз қолданыстарында сөздің тура мағынасы мен ауыспалы мағынасын, мағыналық реңктерді біле бермейді деп жиі сөгіп жатады. Соның ішінде теле-радио жүргізушілер мағыналық реңктерді мүлде ажырата алмайтынын тіл мамандары айтып келе жатқалы біраз болды. Бұл кемшілікті жоймаудың соңы неге апаруы мүмкін?
– Бұл – маманның сөз байлығы мен жастайынан ұлт тілінің уызына жарып өсуімен тығыз байланысты мәселе. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортада, тілі шұрайлы монотілді қауымның ортасында, сөз қадірін білетін жандардың жанында өскен адамда мұндай кемшілік кездеспейді немесе аз ұшырасады. Бұрын сондай орта да, сол ортадан шыққан мамандар мен қалам иелері де көп еді. Қазір интернет пен технология, ұл-қызымызға жастайынан көп тілді қатар меңгертуге ұмтылушылық екі немесе үш тілде түсінісе алатын, бірақ өз тілін аса терең меңгермеген адамдар қатарын арттырып отыр. Оның үстіне кітап оқып, сөз байлығын жетілдіруден гөрі қысқа ақпараттарды көріп-тыңдап, жедел алуға бейімділер қатары күрт өсті. Осындай қоғамда жетілген мамандар БАҚ саласында да аз емес. Тілге бойлау, тілді сезіну бала жастан басталады. Кейін білім жүйесі мен мамандықты игеру кезінде оның тілдік білімі артып, таным көкжиегі кеңейіп, сөздік қоры толығып, тілді қолдану шеберлігі одан да жетіле түседі. Бүгінгі тіл жұтаңдығы мен сөз мағынасының нәзік реңктерін ажыратып, сезіне білмейтіндер қатары артуының түп-тамыры өскен ортада жатыр. Ақпараттық кеңістігіміз бен өскен ортамызға өзге тілдер мен мәдениеттердің ықпалы, аударманың әсері күшті болған сайын ұлт тілінің уызына жарып, ұрпақты тілге, сөз сырына бойлататын құнарлы орта әлсірей береді. Сондықтан ауылда да, қалада да, интернетте де, ақпараттық технологияларда да қазақтілді ортаны, қазақ тіліндегі бай, мазмұнды контентті қалыптастыру, барынша көбейту өте маңызды. Сондай ортадан қаптаған қазақтілді мамандар өсіп шықса, олардың арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар өздері-ақ суырылып шығады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жадыра МҮСІЛІМ,
«Egemen Qazaqstan»