• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Шымкент 28 Мамыр, 2024

Шымкенттегі зәулім мешіт

102 рет
көрсетілді

Қасиетті жұма күні Шымкентте жұрт талайдан асыға күткен теңдессіз зәулім мешіт ашылды. Құлшылық үйі елімізге белгілі меценат Серікжан Сейітжановтың қаражатына салынды. Мешітке Сейітжан қари Есжанұлы есімі берілді.

Сәулет өнерінің үлгісі дерлік ғажайып мешіт тек ғибадат орны емес, еліміздегі бірегей Ислам орталығы болмақ. Ме­шіттің ашылуына Сауд Арабиясынан Құранды көркемдеп көшірген шебер шейх, атажұртына тұңғыш табан тіреген тоқсан жастағы Осман Тоха қария келіп қатысты.

Салтанатты іс-шарада Шым­кент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын оқып берді. Қала басшылығы шейх Осман Тохаға арнайы сый-сияпат көрсетті. Медина қаласынан ат арытып келген мәртебелі мейманның иығына Қазақстан мұсылмандары діни бас­­қармасының төрағасы, бас мүф­ти Наурызбай қажы Тағанұлы зерлі шапан жапты. Ал осынау зәулім мешіт салып берген меценат Серікжан Сейтжановтың төсіне ҚМДБ 30 жылдығына орай шығарылған мерекелік медаль тағылды.

Шейх Осман Тоха қария қасиетті жиында сөз алып, ақ батасын берді. Қазақстанға, ата-бабасының кіндік қаны там­ған жерге аяқ басқанына өте қуанышты екенін жеткізді. Ақ сарайдай алып мешіттің ашылуы қазақ халқының дін Исламға беріктігін, Құран мен сүннетті сыйлайтынын, өздерінің шынайы мұсылман екенін көрсететінін айтты. Алла Тағала қазақ елінің келешегін кемел етіп, Ислам дініне қуат берсін, осы мешіттен тәлім алған жастар бо­лашақта елдің рухани берік қамалын қа­ла­ған мықты мамандар болып шығып, Қазақстанның атын әлем­ге мәшһүр ете берсін деген бата-тілегін арнады.

Айта кету керек, Осман Тоха шейхтің Ислам дініне қосқан теңдессіз үлесі – ол кісі Құран Кәрімді сан мәрте көркем хұснихатпен көшіріп жазған. Соның негізінде қасиетті кітап баспаханада миллиондаған тиражбен басылып шыққан. Бүгінгі таңда әлемдегі мил­лион­даған мұсылманның төрінде ілулі тұрған, күнделікті оқып жүр­ген Құран Кәрімі бабалары Түркістан топырағында туған каллиграфия өнерінің хас шебері, зерделі тұлға Осман Тоха еңбегінің арқасы.

Салтанатты іс-шараға қатыс­қан Сенат депутаты Әли Бектаев пен Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков те жылы лебіздерін арнады. Ә.Бектаев өз сөзінде осынау қуанышты сәт тек Шымкент қаласы үшін емес, бүкіл қазақ елі үшін ортақ екенін атап өтті. Депутат Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың осы тарихи күнге арнап жолдаған құттықтау хатын оқып беріп, келешекте мешіт Ислам ілімінің орталығына айналып, қазақ халқының рухани кемелденуіне жемісті еңбек ете беретініне зор сенім білдірді. Д.Исабеков оңтүстік өңірінен сайланған бір топ мәжі­ліс­меннің айтулы күнге орай жол­даған ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізді.

Ашылу салтанатында құл­шылық үйі жайында қызықты деректер де жарияланды. ЮНЕСКО-ның арнайы өкілі, Самарқанд қаласындағы үлкен ислами зерттеу орталығының директоры Әлім Файзуллаев Шымкентке арнайы ат басын тіреп, жамағатпен бірге қуа­нышты сәтті бөлісті. Құтты қонақ меценат, үлкен жүректі азамат Серікжан Сейітжановтың діни құндылықты қастерлеп, келешек ұрпақты ойлаған жана­шырлық пейіл, ниетіне шынайы ризашылығын білдірді. Ел танитын кәсіпкер өзінің кәсіп­ші­лігімен бір жағынан хал­қы­на экономикалық тұрғыдан пайдасын тигізіп отырса, екінші жағынан түрлі әлеуметтік жобалардың бастамашысы ретінде елдің рухани жаңаруына үлес қосып келе жатқан қайсар азамат екенін, қай қырынан алса да, мейлі рухани немесе материалдық болсын, болашаққа инвестиция салып жатқан үлгілі кәсіпкерлердің бірі екенін ерекше атап өтті.

Қасиетті жұма күнгі намаз­дың алдында өткен салтанатты басқосудың ресми бөлігінің соңында қорытынды сөзімен жиынды қорытындылаған меценат Серікжан Сейітжанов зәулім мешіттің қазақ халқының асыл діні мен аяулы дәстүріне қызмет ете беретіне тілектестігін білдіріп, құлшылық ордасын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қарамағына аманаттап тапсыратынын мәлім етті.

«Мегаполис төрінде ашылған зәулім мешіт халқымыздың рухани қазынасын байытумен қатар Ислам дінінің діңгегін нығайтуға септігін тигізетіні анық. Ол елдің көпсалалы рухани әрі мәдени-ағарту орталығына айналады деген сенім мол. Әсілі, мешіт салу біздің ата-бабамыздан бас­тау алады. Тарихтан тамыр тартсам, өткен ғасырдың басында Меңлібай бабамыз екі рет ауыл­дастарымен бірге қа­жылық сапарға барып қайтқан. Бабамыз бар мүлкін үш ұлы Есжан, Құртай, Смайылға бөліп беріп, қалғанын мешіт салуға жұмсаған. Саналы ғұмырын сауапты істерге арнап, Алланың ақ жолынан айнымаған Меңлібай бабамыздың сара жолын біз де жазбай, жаңылмай жалғастырып келеміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шілік ауылынан Меңлібай бабамыздың атынан мешіт ашып, ел игілігіне пайдалануға бердік. Атамыз Есжан да саудагерлікті кәсіп еткен, табыстың қазанын тасытқан, көреген, ізгі жан болған. Оның атымтай жомарттығы әлі күнге дейін өзі туған өңірдегі жалпақ жұрттың жадынан шыққан емес. Атамыз қаршадай ұлы Сейітжанды Бұхарадағы медресеге оқуға жібереді. Әкеміз 12 жасында Құран Кәрімді тәпсірлеп, жатқа айтатын дәрежеге жетіп елге оралады. Әкеміздің есімі ел есінде қалсын деп мен де мешіт салуға тәуекел еттім. Өйткені асыл дініміздегі міндет ата-анаға шексіз қызмет етуге үгіттесе, мешіт салғанды да Жаратушының мейірім-шапағатына қисапсыз бөленетін сауабы жетелейді», деді кәсіпкер.

Меценат сөз барысында сондай-ақ 300 орындық жаңа медресеге Осман Тоха шей­хтің есімін беру туралы Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­ма­сымен бірлесіп арнайы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Жалпы, жаңа мешіт Қазақ­станда көлемі жағынан екінші үлкен құлшылық үйі болып саналады. Мұнда бір мезетте 12 мың адам намаз оқи алады. Қасбеті ақ маржандай мәрмар тастармен көмкерілген ерекше сәулетті бұл ғимарат әлемдегі сұлулығымен таңдай қақтырған, сәулеттік кескін келбеті айрықша Біріккен Араб Әмірліктеріндегі шейх Бен Зайид атындағы мешіт пен Үндістандағы Тәж-Махалдан кейінгі үшінші ғибадат ордасы атанып отыр. Мешіт астынан 800-ге жуық автокөлік сиятын тұрақ қарастырылған. Сондай-ақ жуық арада мешіт жанынан елді имандылыққа үгіттеп, рухани сауат ашатын телестудия ашылады.

 

ШЫМКЕНТ