Ақмола облысының полицейлері жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қойшыны іздеуге көмек сұрайды, деп жазады Egemen.kz.
57 жастағы ер адам соңғы уақытта шалғайдағы Жарқайың ауданында еңбек етіп жүрген. Бір апта бұрын ол кенеттен жоғалып кеткен.
Дәулетбай Кәкеш жоғалар алдында бірнеше апта бұрын шаруашылыққа жұмысқа орналасқан. Бұған дейін ол отбасымен бірге Астанада тұрып келген.
22 мамырда шаруа қожалығының қызметкерлері қойшысын таба алмай қалды. Ол жайылымда да, өзі тұрған вагонда да жоқ болып шықты. Алдымен олар өз күштерімен іздеуге тырысқан, ал төрт күннен кейін кәсіпорын басшысы полицейлерден көмек сұрады. Жоғалған малшыны іздеуге 50 адам шыққан. Қатарында полиция қызметкерлері, ТЖД құтқарушылары және еріктілер бар.
- Өтінішті алғаннан кейін бірден полицейлер кең ауқымды іздеу жұмыстарын ұйымдастырды. Арнайы іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін қызметтік техника, моторлы қайықтар бөлінді, дрон арқылы әуеден де қарадық,- дейді құтқарушылар.
Полицейлер жұмбақ жағдайда жоғалған азаматты табуға халықтан көмек сұрауда.