• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Мамыр, 2024

Кәсіби бағдардың берері көп

48 рет
көрсетілді

Бүгінде ерекше балалардың қажеттіліктерін өтеу мәселесі қоғамда өткір тұр. Президент: «Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балалар көбейіп барады. Балалар ­сапалы қызмет алу керек», деген болатын. Тек білім беріп қана қоймай, оларға кәсіптік бағдар көрсетуде тіпті, екі есе жауапкершілік бар. Сол ерекше балаларды мамандыққа ерте жастан бейімдеу мәселесіне «Аяла» қоғамдық қоры ­бейжай қарамай, көп жылдан бері жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

«Аяла» қоғамдық қоры Қара­­­­ған­ды облысында кәсіби бағдарлау бағытындағы жұмыс­ты қолға алғандарына көп болды. «Кәсіби бағдарлау» жобасының мақсаты – балалар үйлері мен мектеп-интер­­наттардың балаларын әлеу­меттік бейім­деуге көмектесу», дейді қордың вице-президенті Наталья Еськова.

– Білім беру мекемелерінің балалары оқуын бітіргеннен кейін өмір сүруге, оқуды жалғастыруға және жан-жақты дамуға көмектесетін пайдалы практикалық дағдыларды меңгеріп, жұмыс тапқанын қалай­мыз. Мектеп-интернат немесе бала­лар үйін іздеп, олардың қажет­тіліктерін анық­­таймыз. Демеу­шілер ­тауып, қажетті жабдық­тар­ды сатып­ алып береміз. Осы жолы Cummins Қазақстан компаниясы демеуші болуға ниет білдірді, – дейді ол.

Мәселен, аймақтағы «Таң­шол­пан» арнаулы әлеу­меттік қыз­­мет­терге мұқтаж балалар­ды қолдау орта­лығының тәр­биеленушілері қор­дың игілігін сезініп келеді. Екі жыл болды, қор қолдауымен ашыл­ған тігін шеберханасында іс тігуді үйреніп келеді. Мінеки, биыл­ғы курсты 15 бала бітіріп отыр.

Орталықтың директоры Серік Әмірханов тігін шебер­ханасының арқасында балалар бір істі меңгерді дейді. «Ерте кәсіби бағдарлау бұл балалар үшін маңызды. Олар кейін болашағын құра алатындай мамандық таңдауы керек. Бізден шық­қаннан кейін балалар осында игерген кәсіптері арқылы өзін-өзі асырай алатындай болуы керек. Биыл шеберханаға жаңа жабдықтар әкелінді. Бұл бала­лардың құлшынысын арттырды», – дейді орталық директоры.

№18 жалпы білім беретін мек­­тептің 9-сыныбында оқи­тын Айжан Рама­занқызы курс­ты ойдағыдай тәмамдап шық­қандардың бірі.

– Курсқа басталғаннан бері қатысып келемін. Бірде-бір саға­тын жіберген емеспін. Соның арқа­сында тігуді үйрендім. Өзіме жазғы жейде тігіп алдым. Мұндай кәсіп көңіліме ерекше жақты. Бұдан басқа спорттық үйірмелерге қатыстым. Осы жерде үйренгенімді пай­даланып, болашақта Қара­ған­ды университеніне дизайнерлік ма­ман­дыққа түскім келеді, – дейді жас тігінші.

Курсты жүйелі жүргізген арнайы маман, кәсіби тігінші Анастасия Бугинова шеберхана жабдықтарына демеушілік көрсеткен Cummins Қазақстан компаниясына айрықша риза.

– Басында біз қарапайым тігін түрлерінен бастадық. Кейін күрделі дүниелерге көш­тік. Косметика салатын кіші­рек сөм­кені қыздар өздері тігіп шықты. Астары сырылған. Жас­тықша, алжапқыш, шопер тікті. Сонымен қатар жаңа құрал­дардың арқасында балалар киімге, шоперге сурет, жазу жабыстыру техникасына дейін меңгерді. Болашақта қыздар өндірісте істей алады, өз ісін бастай алады, термопресс арқылы логотип жабыстыра алады. Шеберханадағы барлық жабдықтан бастап, мата, ине-жіпке дейін Cummins Қазақ­стан компаниясы алып берді. Бұл үшін компанияға алғыс білдіреміз, – дейді А.Бугинова.

Бұдан бөлек, орталықта слесар­лық-токарьлық іске бау­литын шеберхана бар. Оны да ашып берген осы қор. Жыл бойы істейтін жылыжай, коворкинг орталығы, хореография, графика, дыбыс жазу студиясы, туризм үйірмелері, фотостудия, спорттық секция­лар бар.

Білім басқармасының бас маманы Ольга Токубаева жыл сайын арнаулы мекемелерді ­70-80 адам бітіретінін айтады.

– Биыл 74 түлек бітіреді деп отырмыз. Колледжге, жоғары оқу орындарына түспекші. Қазіргі уақытта жетім және ата-аналар қамқорлығынсыз қалған 518 студент бар. 38 колледжде түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету ісі жолға қойыл­ған. Қазіргі кезде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қал­ған балалардың қатары айтар­лықтай азайып келеді. Мұнда тұ­рақты тұратын жетім, ата-ана қам­қорлығынсыз қалған балалар және уақытша топтар бар. Олар мұнда жарты жылға дейін қалады. Ата-анасының мәтебесі анық­талғанша. 84 баланың 21-і – уақытша тұратындар, – дейді О.Александрқызы.

Мұнымен қоса, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығында да кәсіби бағдарлама бағытындағы жұмыс жүйелі деуге толық болады. «Кондитерлік іс» және «Мейрамхана ісі» бағыттары бойынша орталықтың 27 тәрбие­ле­нушісі кәсіби бағдарлау курсынан өтті. Мұндағы оқытуды Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің оқытушылары жүргізген. Оқу жылы бастал­ған­нан бері үйренгенін қоры­тындылаған жеткіншектер арнайы сертификаттарына қол жеткізді.

Ерекше білім беру қажет­ті­лік­­тері бар балаларды қол­дау орта­лығының директоры Дәнекер Сей­секина кәсіби бағдарлаудың оң нәтижесінде төрт бала Қарағанды тамақтану және сервис колледжіне оқуға түскенін айтады. Одан бөлек, биылғы екі түлек осы оқу ­орнына түсуді жоспарлап отыр. Үш бала былтырдан бері «Хани» дәмханаларында бариста бо­лып жұмыс істеп жүргенін жет­кізді.

– Біздің кәсіптік бағдарлау толығымен тәжірибелік тұрғы­дан жүргізіледі. Біз тәрбие­лену­шілеріміздің әлеуметтенуіне басымдық береміз. Барлық баста­ма мен жоба білім басқар­ма­сымен келісіледі. Бұл курс міне, аяқталды. Бірақ бұл іс жалғасын табады деп ойлаймын. Басқа бағыттар бойынша курс ұйымдастыруымыз да мүмкін. Жалпы, курс бала­лар үшін қызықты болды. Кейтеринг, үйден тағам да­йындау қазір үлкен сұраныста және өте табысты іс. Тәр­бие­ленушілеріміздің белгілі бір істі меңгеріп, болашақта маман болғанын қалаймыз. Осын­дай пайдалы және қажетті оқытуды ұйымдастырғаны үшін Cummins Қазақстан компаниясы­ мен «Аяла» қайы­рым­дылық қорына алғыс айтамыз, – дейді орталық директоры Д.Сейсекина.

Ынтымақтастыққа ынта көр­сет­кен Қарағанды сервис және та­мақ­тану колледжі ­директоры Құралай Әбенова да мұндай нәтижелі әріп­тес­тікті алдағы уақытта әрмен қа­рай жалғастыруға ниетті екенін жет­кізді.

Балаларды «Кондитерлік іс» курсы бойынша оқытқан Виктория Рябцева бір жыл уақыт ішінде бала­ларға әбден бауыр басып қал­дым дейді. Келер жылы да мұн­дай игілікті істі жалғастырғысы келе­тінін айтып отыр.

– Тәттілер, фуршеттік тіс­ке­ба­сар пісіруді, дас­­тарқан жаюды үй­ренді. Қор­дың қол­дауының арқасында кон­д­и­тердік жабдық­тар мен бұйым­дар­­дың керекті барлық түрі бар. Ба­ла­­лар оның барлығын қол­дану­ды үй­ренді. Сабақта әуелі тео­рия ай­­ты­лады, кейін өздері жасап кө­ре­ді. Балаларға бастапқыда қиын­дау­ болды, олар мұнда тамақ істе­мей­ді. Олармен көп жұмыс істе­ген­нен бе, олардың бойындағы қан­дай да бір ерек­шелік білінбейді. Бас­тысы, олардың құлшынысы – жо­­ғары. Қор рұқсат етсе, бұл істі ке­лесі жылы да жал­ғас­тырғымыз ке­ле­ді. Өзім жазғы демалыс кезінде ке­лу­ді жоспарлап жүрмін, – дейді ол.

Ерекше балалар үшін ма­ңызы зор мұндай кәсіптік бағ­дарлау жобасы әзірге облысымызда осы екі орталықта ғана жүзеге асып жатыр.

– Біз Оқу-ағарту министрлігі өкілдеріне осы жобалар туралы айттық, оны барлық өңірге енгізу қажеттігін де ұсындық. Себебі кәсіби бағдарлау жобасы екі орталықта да нәтижелі екенін көріп отырмыз. Бала­лар­дың ынта-ықыласы, қызы­ғу­шылығы жоғары. Біз үшін олардың әлеуметтік ортаға сәтті бейімделуі бірінші кезекте, – дейді қордың вице-президенті.

 

Қарағанды облысы