• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мирас 30 Мамыр, 2024

Өнеге өрісі

89 рет
көрсетілді

Туған өлкенің тарихы түптеп келгенде ұрпақ кәдесіне жарайтындығы мәлім. Киелі жер мен қасиетті елдің өткенін ұмытпай, ұрпақ кәдесіне жаратсақ, кәнеки. Осы бір тәлімі мол дүние желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына небір асыл қасиеттер сіңірер еді. Жақсы мысалдар аз емес. Мәселен, Ақсу кенті. Кенттегі №1 жалпы білім беретін орта мектептің мұражайында өрістетілген жұмыс өзгеге өнеге болуға әбден лайықты. Жас ұрпақты туған топырағын сүюге баулып, жан-жақты жетілдіруге сіңіріп жатқан қызметі айрықша. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, мұражай алдымен өз ауылының, білім ұясының, Отанының төл тарихын зерделей зерттеп, әрқилы шығармашылық жобаларға оқушыларды белсенді қатыстырып, тылсым тарихтың тағылымын паш еді.

Сөзіміз жалаң болмас үшін сыналап мысал келтірейік. 1977 жылы тыл еңбеккері, білім оша­ғының еңбекке баулу пәнінің мұғалімі Александра Чадованың басшылығымен «Жауынгерлік және еңбек даңқы» мұражайы ұйымдастырылған екен. Жақсы істі мұрат тұтқан елуге тарта жас зерттеушілер жерлестерінің, Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің, табаны тас­тан таймаған тарланбоздай уақытпен санаспай жұмыс істеген тыл еңбеккерлерінің отбасы­ларындағы жылдар бойы жинақтаған жеке мұрағат­та­рынан уақыт өте келе, кә­дім­­гідей құнды жәдігерге айнал­ған деректерді жинап, безен­діріп, көркемдеп, стендтер құрастырып, бір тақырыпты қау­зайтын, жан-жақты мағлұмат беретін макеттер дайындаған екен. Білім ошағында оқи жүріп әскери мамандықты таңдаған оқушылар Ақмола облысының жауынгерлерінен құрылған №310 атқыштар дивизиясының дерегін жан-жаққа хабар салып, тірнектеп жүріп жинады. Нәтижесінде, «Біздің оқу­шылардың жолдары», «№310 атқыштар дивизиясы» тәрізді ерлік пен елдіктің жарқын мысалдары топтастырылған фото­альбомдар жасап шығар­ды. Мұражайда мектеп мұға­лімі Нина Романованың жетек­шілігімен бағзы Кеңес одағының Батыр қалалары атанған, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қиянкескі ұрыс өткен елді мекендерге сапар шегіп әкелген жәдігерлер де орын алыпты. Мәселен, Мамай қорғанынан жеткі­зілген снарядтың сынық­тары. Сол жылдары «Следопыт» штабы Кеңес Одағы аумағында тұратын қан-қасап майданда ел қорғаған жауынгерлермен де хат алмасыпты. Бүгінде сол бір зұлмат жылдардың запыранынан сыр шертетін сарғайған хаттар мұражайда тұр. 1987 жылы мектеп түлектері соғыс жылд­арындағы сұмдықты баяндайтын «Жастық шақ соғыспен өртенді» деп аталатын слет өт­кізіпті. Слетті ұйымдастыруға Т.Кравченко, Н.Романовалар мұрындық болған.

Алексендр Никоновна бас­таған мектеп оқушылары жазғы демалыс кезінде Радовка ауылында орналасқан кірпіш зауытында жұмыс істеген екен. Жас балалардың еңбекке араласуы, қара жұмыстың дәмін татуы осы кезден басталған. Кірпіш зауыты шығарған мыңыншы кір­піш мұражайда сақтаулы тұр. 1987 жылдан бастап мектеп мұражайындағы жұмысты тарих пәнінің мұғалімдері Армия Сәдуақасова, Татьяна Мальцева, Майра Санатова, Райхан Әл­жановалар жалғастырды.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында қы­р­уар жұмыс қолға алынды. 2015 жылы Минуара Утеуо­ва­ның жетекшілігімен «Атаме­кен» тарихи-өлкетану мұра­жайы ашылды. Минуара Мұ­ха­метқалиқызы 1983 жылы мектепке директор болып тағайын­далғаннан кейін белсенді жұмыс істеп, жаңа мектеп пен ұстаздарға арналған 10 пәтерлі коттедждің салынуына мұрындық болды. Қазіргі уақытта «Атамекен» тарихи өлкетану мұражайының жетекшісі. Өңірдің ғажайып мұрасын жас ұрпақты тәрбие­леуге тиімді пайдаланып жатқан осы бір іске ынталы адамдарды жұмылдыра білуде.

Мұражай бүгінде төрт бөлім­нен тұрады. Әр бөлімді саралай айта кетсек те артықтығы болмас. Мәселен, Ақсу кенішінің 1929 жылдан 1941 жылға дейінгі тарихы, «Отан үшін от кешкендер» бөлімінде ел қорғаған ауыл тұрғындарының ерлік істері жан-жақты баяндалады. «1418 отты күндер мен түндер» стенді ел қорғаған ерлердің мәңгі өлмес ерлік істері туралы сыр шертеді. Мемориалдық тақтада майдан даласынан оралмаған жерлестерінің ерлігін кейінгі ұрпақтың көз алдына әкеліп, көкіректеріне патриоттық сезімді құйып тұр. Соғыс ардагерлерінің ерлік үшін алған марапаттары, орден-медальдар да осында.

Үшінші бөлім «Мен туған өлкемді құрмет тұтамын» деп аталады. Бұл бөлімде білім беру саласының үздіктері, өнер­кәсіп­тің, ғылым мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мектеп түлектері туралы деректер бар. Әр жылдары ыстық ұядан түлеп ұшқан Алтын белгі иегерлеріне жеке бұрыш бөлінген. Әскери мамандықты таңдаған оқушылар туралы мәлімет «Офицер – батырлық мамандығы» стендінде берілген. Сондай-ақ мектеп түлектері Әскен Нәбиевтің, Амантай Кәкеновтің кітаптары қойылған. Амантай Қабылденов, Арыстан Ибатолла, Сапар Сабыров тәрізді тұлғалардың өмірінен өнеге шашатын жинақтар да бар.

Музей Өлкетану кіші бағ­дарламасында «Адам еңбе­гімен даңқты», «Еңбегі зор асыл жандар» тақырыбында танымдық-тағылымдық шараларды жиі өткізеді. Мұндай жи­ындарға заманында маңдайы­нан тері сорғалап жүріп ел игілігін тасытуға қисапсыз еңбегін сіңірген ардагерлермен, кеншілермен, теміржол жұмысшыларымен тәлімді кездесулер өткізеді. Өзге де өнегелі тақырыптар қам­тылады. Осының барлығы жас толқынды ұлы өмірге дұрыс бағыттау, тәлімді тәрбие беру тара­пындағы талпыныстар. Жыл сайын Қарттар күніне орай кенттің байырғы тұрғындарымен «Мәңгілік жастық мейрамы» кездесуін ұйымдастырады. Мұн­дай кездесуде ескірмейтін ескі естелік тыңдаған жанның мейірін қандырып, сарытап са­ғы­ныш­тың шымылдығы ора­ған сонау бір кезеңдер туралы са­лиқалы пікір алмасады. Әсі­ресе, «Еске алу вахтасы», «Біз батырлардың ұрпақтарымыз» іс-шараларының мәні мен мазмұны салмақты.

Мұражай ұжымы Ақсу кенті мен Степногор қаласының ардагерлер кеңесімен бірлесе жұ­мыс істейді. Жастарға мамандық таңдауға бағыт беретін кездесу­лер өткізіледі. Минуара Мұха­метқалиқызы зейнет демалысында болса да белсенді жұмыс істеуде. Осындай тынымсыз еңбегінің арқасында Степногор қаласының құрметті азаматы атанған. Туған өлкенің тарихын толайым толғаған кітап та жазып шықты. Омбы облысындағы өзінің кіші Отанымен байланысын үзген емес. «Састомар – менің ауылым» деп аталатын 2023 жылы шыққан жинағы туған жерге деген перзенттік махаббатқа тұнып тұр.

Бүгінгі күні Ақсу кентінің іргетасы қаланғанына 95 жыл то­луына орай ақпарат жинау жұ­мысы тыңғылықты жүргі­зіліп келеді. Жылдар жылнамасына айналатын бұл жинақ келер жылы жарыққа шықпақ. Сондай-ақ майдангерлер туралы Ақсу орта мектебінің тағылымды тарихы туралы деректер жинақ­талып жатыр. Ардагерлерге байланысты әлі де талмай зерт­тейтін тұс жетіп артылады. Себебі 2015 жылы жарық көрген Ақмола облысы ардагерлерінің 11 том­дық энцикло­педиясында Ақсу, Бестөбе кенттерінің май­дангерлері туралы мәлімет­тер енбей қалған. Енді осы олқы­лықтың орнын толтыру – парыз.

Айрықша маңызды оқи­ғаның бірі осы топырақта күн кешкен Етекбай би Түр­кебайұлына арналған бұрыш­тың ашылуы болды. От ауызды, орақ тілді би ата Бурабай мен Омбының арасындағы жалпақ жұртқа билігін жүргізген, мей­лінше әділ, тапқыр адам болса керек. Аузынан жалын шыққан аға сұлтандардың, шынжыр балақ, шұбартөс болыстардың алдында ел мүддесін қорғаған кө­сем де шешен би туралы көне деректер көп көңілін аударып-ақ тұр.

Туған жердің түтінін түзу ұшыру үшін дәл осындай өнегелі іс керек-ақ. Әдемі мысал болсын деп әдейілеп тілге тиек еттік біз де.

 

Ақмола облысы,

Ақсу кенті