• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Маусым, 2024

Кен өндірудегі кемшілік неде?

202 рет
көрсетілді

Сирек және жерде сирек кездесетін металдар – дамыған елдер үшін маңызды шикізат. Сұраныс та көп. 2040 жылға қарай әлемдік сұраныс төрт есе өседі деп күтіледі. Бұл сұранысты өтейтін қазба байлық жер астында жасырынып жатқанымен, оны барлау, табу ісі ақсап тұр. Мәселені сенатор Андрей Лукин көтеріп, Үкімет басшысына базына айтты.

Қымбат металға бай болғанмен...

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, елімізде құны 46 трлн доллардан асатын бес мыңнан астам ашылмаған депозит бар. Отандық металл өндірушілер қауымдастығының мәліметінше, елде сирек жер металдарының құрамы бойынша 12 жаңа учаскені, әсіресе Шығыс Қазақстан облысындағы «Қара-Аяқ» пен «Мунча» сияқты учаскелерді зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Геология ғылымдары институтының мәліметінше, Қазақстанда сирек жер элементтері Құндыбай, Жанет, Оңтүстік Жауыр, Көктенкөл, Жоғарғы Еспе, Қарасу кен орындарында, сондай-ақ Қаратау фосфоритінде кездеседі. Елдегі уран кен орындарында мұндай металдардың айтарлықтай көлемі бар. Қымбат металдар арасынан жасанды жолмен алынатын сирек кездесетін металдар да бар. Ашық деректерде көрсетілгендей, «Осмий-187» элементінің бір грамы 200 мың долларға дейін бағалануы мүмкін. Біздің ел – осы элементті жалғыз өндіруші. Аталған металл Жезқазған мыс кендерін өңдеу кезінде пайда болған қалдықтардан алынады», дейді сенатор.

Кен өндіруге қызығушылық артқаны­мен, салада бірқатар мәселе бар. Соның бірі – тау-кен өндіру мен өңдеу технологияларын экологиялық таза әрі үнемді болатындай етіп жетілдіру жайы. Тағы бір мәселе – кен орындарын игеруге инвестиция тарту және технологиялар трансферті.

«Біз металдар қорын айтқан кезде аузы­мызды қу шөппен сүрткендей боламыз. Рас, елдегі сирек кездесетін металл түрінің қоры жеткілікті. Әсіресе ли­тий­ға сұраныс көп. Кімнің, қай компанияның қолы ұзын, сол осы металды іздеп кетті. Болмаса басқа да металл керек десе, соған бөлінген қаржыны игеру үшін жанталасқан ұйым көп. Бірақ олар кәсіби маман емес. Міне, керек дүниені табудағы, яғни қазба байлықты барлау не зерттеудегі мәселе осыдан туады. Екіншіден, барлауға бөлінетін қаржы да мардымсыз. Сондықтан кен орнын ашу, қорын қайта есептеу жұмыстары жүрмей отыр. Экологиялық жағын жетік қарастырып, салаға заманауи ғылыми технологияны енгізген дұрыс», дейді Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғы­лым­дар институтының жетекші ғылыми қызметкері Ақылбек Жүнісов.

Ғалымның пікірінше, бір металды іздеп не зерттейтін ұйымдарды бір орталыққа біріктірген жөн. Әрі ол мамандандырылған орталық болуы шарт. Мұндай кезде қаржы да жоспарлы түрде, бір ортада игеріледі. Ал бүгінде әр барлау­шы ұйым сұранысқа ие металды тапсын не таппасын, оған бөлінген қаржы игерілді деп есептеліп жүр. Олардан «неге металл таппадың?» деп те сұрап жатқан адам жоқ.

 

Қордаланған көп жұмыс

Ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздікті сақтап тұруда жаңартылатын энергия көздері, электрмобиль, цифрлық технология, ғарыш және қорғаныс сияқты негізгі технологиялар мен стратегиялық секторлардың маңызы ерекше. Ал олардың басты діңгегі – минералды ресурсқа сұраныс жылдан-жылға артып тұр.

«Алдымен реттеуші ортаны жетілдіру керек. 2018 жылы Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодекс күшіне енді, ол бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеуге лицензия беру үдерісі оңтайландырылды, яғни «кім бірінші келсе, сол алады» қағидасы қолданылады. Алайда жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі уәкілетті орган қызметкерлерінің санын ұлғайту қажет екенін атап өту керек. Сондай-ақ біздің комитет жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі ғылыми зерттеу жұмыстарын басқару және жоспарлау жүйесінің жоғары тиімділігін көрсетіп жүрген АҚШ-тың «USGS», Аустралияның «Australian Geosience», Ұлыбританияның «BGS» сияқты геологиялық қызметтеріне сай жабдықталуы қажет. Өйткені белгілі бір жер учаскесінің құрылымын ғылыми негіздемесіз болжау және жобалау, содан кейін болжау нәтижелерін растайтын немесе жоққа шығаратын жұмыстар кешенін орындау мүмкін емес. Тағы бір маңызды қадам – өзге шетелдердің ғылыми-гео­ло­гиялық ұйымдарын тарта отырып, жос­парлы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүр­гі­зу», дейді «Kazakhmys Barlau» ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов.

Сала маманының айтуынша, қазір геоло­гиялық саланың бірыңғай инфрақұ­ры­лымы жоқ, осыған байланысты геоло­гия­ның барлық элементін (білім, ғылым, өндіріс, зертханалар, мемлекеттік орган және бизнес) біріктіру – өткір мәселе. Жергілікті инфрақұрылымның, жаңа технологияның, білікті маманның болуы сала беделін арттырып, бұл өз кезегінде, шетелдік инвестиция тартып, қаржы құюға қолайлы жағдай туғызады.

«Kazakhmys Barlau» компания­сы геология ғылымының заманауи инфра­құры­лымын құру мақсатында өз қара­жаты есебінен геологиялық кластер­дің құрылысын жүргізіп, жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Меніңше, барлық пайдалы қазбаға геологиялық барлау жұмыстарының алдын ала, тиісінше аса қауіпті өңірлік және іздестіру кезеңдерін қаржыландырудағы мемлекеттің рөлін күшейту мүмкіндігін қарастыру қажет. Тағы бір мәселе – университет пен колледж­дер жыл сайын жүздеген геологиялық маман даярлағанымен, түлектердің көбі осы салаға жұмысқа келмейді. Сондықтан елімізде білікті мамандардың тапшылығы қатты байқалып отыр әрі отандық жоғары оқу орындарының кадр даярлау деңгейі айтарлықтай нашарлаған», дейді Ғалым Жұмабайұлы.

Компания Қ.Сәтбаев атындағы университетпен бірлесіп, сала мамандарын дуалды оқыту және біліктілігін арттыру үшін заманауи жабдықтармен, электрондық интерактивті бағдарламалармен жабдық­тал­ған геологиялық кластер базасында құзыреттілік орталығын құруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Семей қаласындағы техникалық колледж студенттерін ақылы өндірістік тәжірибеден өткізуі де оң нәтижесін беріп, студенттердің көбі кейіннен «Kazakhmys Barlauға» жұмысқа орналасқан.

«Мемлекеттік органдар мен бизнестің құзыретті тұлғалары халықаралық ынты­ма­қтастық шеңберінде тұрақты жұмыс істеп, елімізге заманауи технологиялар мен инвестициялар трансфертін тарту мақсатында халықаралық көрмелер мен симпозиумдарға қатысу қажет екені анық. Осы орайда, жаңа нысандарды іздеумен және жер қойнауын зерттеу технологияларын әзірлеумен айналысатын Кореяның «Institute of Geoscience and Mineral Resources» мемлекеттік ғылыми ұйымын айтуға болады. Ұйым өкілдерімен соңғы кездесуде олар қазіргі уақытта теңіздің тұзды суынан литий алу технологиясын әзірлеп жатқаны тура­лы ақпаратын бөлісті. Егер жоба сәтті жүзеге асырылатын болса, бұл технология әлемдік ғылыми жетістік болатын сөзсіз. Міне, бізде осындай ұйымдармен олардың білімі мен тәжірибесін қабылдауда тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуіміз қажет. Осындай мәселелерді толығымен шешкенде ғана аса маңызды минералды ресурстардың, оның ішінде сирек жер металдарының кен орындарын игере аламыз», дейді компания басшысы.

 

Сенатор ұсынысы

Лукиннің сөзінше, Үкімет былтыр жыл соңында сирек және жерде сирек кездесетін металдар өнеркәсібін да­мы­ту­дың  2024 – 2028 жылдарға арнал­ған кешенді жоспарын бекітіпті. Қазір ше­телдік инвесторларды тарту үшін жұ­мыс басталған.

«Ел экономикасына айтарлықтай әсер ететін кен орындарын белсенді игеру жос­парланып отыр. Дегенмен табысқа жету үшін бірқатар мәселені, соның ішінде инвестициялық, экологиялық мәселелерді шешу және өндіріске озық технология­ларды енгізу қажет. Біріншіден, нор­мативтік ортаны жетілдіру керек. Жер қойнауын геологиялық барлауға лицензия беру үдерістерін жеңілдетіп, инвестордың сенімін арттыру үшін заң­наманы және келісімшарттардың сақталуына кепілдікті күшейткен дұрыс. Одан соң инфрақұрылымды дамыту, яғни көлік желілерін, соның ішінде автомобиль мен теміржолды және энергетикалық желіні дамытсақ, қашықтағы депозиттерге қолжеткізуді қамтып, көп шығынды азайтады. Сондай-ақ ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыстарға инвестиция, геологиялық барлауды дамыту, алаңын ұлғайту, жаңа технологиялар енгізуді қолға алған жөн», дейді А.Лукин.