Кербұлақ еңбеккерлері ауа райының қолайлы сәтін барынша тиімді пайдаланып, бел жазбай шаруаға кіріскен. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мәди Саулхановтың сөзіне қарағанда, көктемгі егіс барлық талапқа сай іске асырылып жатыр. Дәнді дақылдарға арналған егістік алқабы – 117 653,4 гектар. Оның 26 085 гектарына күздік бидай, қалғанына жаздық дәнді дақыл себілмек. Оның ішінде жаздық арпа, бидай, сұлы, дәндік жүгері мен қарақұмық бар.
Биыл картоп пен майлы дақыл, оның ішінде мақсары, күнбағыс дақылы және зығыр да өсірілмек. Бақшалық дақыл себу жұмыстары да белгіленген жоспарға сәйкес орындалады. Бағалы дақыл саналатын қант қызылшасына арналған алқап көлемі – 700 гектар. 500 гектарын – «Қызылшоқы» ЖШС, 100 гектарын – «Зарина» шаруа қожалығы, 100 гектарын «Абықан» шаруа қожалығы екпек. «Көксу қант зауыты» арқылы қажетті тұқым алынған. Сарыбастау ауылдық округіне қарасты «Қызылшоқы» ЖШС еңбеккерлері қант қызылшасының тұқымын себуді бастаған.
Ауданда 48 мың гектар ылғал жабылып, жоспар 100 пайызға орындалған. Сонымен бірге тырмалау мен жер жырту жұмыстары да өз деңгейінде жүріп жатыр. Жаздық масақты дәнді дақылдар да себіліп жатыр. Көктемгі дала жұмыстарына 94 шаруа қожалығынан 868 тонна кепілді жанар-жағармайға өтінім берілген. Әр литрі 250 теңгеден белгіленіпті. Бүгінде 366 тоннаға келісімшарт жасалып, 93,5 тоннасы алынған.
Биылғы өнімге қажет минералды тыңайтқыштар көлемі – 8513,1 тонна. 508,7 тоннасы – жаздық бидайға, 7 947,4 тоннасы – жаздық арпаға, 57,0 тоннасы жүгеріге арналған. Қазір ауданда 15 шаруа қожалығы 1 183 тонна минералды тыңайтқышқа қолжеткізіпті. Аванстық төлем арқылы 14 шаруа қожалығы 959 тонна отандық минералды тыңайтқышқа өтінім берген.
Бұдан соң Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қарабайтал бөлімшесіндегі «Адал» жеке шаруа қожалығының қайнаған тіршілігін көрдік. Шаруашылық еңбеккерлері жұмысты қыздырып жатыр. Қыстан аман шыққан төрт түлік беткейдегі көкке ауыз салыпты. Шетінен төлдеп жатқан қой-ешкінің қасында құлдыраңдаған қозы-лақ асыр салып ойнақтап жүр. Шаруашылық жетекшісі Еркін Садықбековтің айтуынша, қожалықтың құрылғанына 23 жыл болған. Содан бері еңбектеніп, шаруашылықтың керегесін кеңейтіп келеді.
Олар негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. 12 адам еңбек етеді. Өздерінде бар жер көлемі – 1800 гектар, оның 1100 гектары – жайылымдық жер. Төрт түлікке қажет қысқы азық та осы алқапта әзірленеді. Барлығы 700 гектар жерде жаздық, күздік арпа-бидай өсіріледі. Сондай-ақ 500-ден астам ұсақ мал, 400-ден аса жылқы, 300-ден аса ірі қара бағылып жатыр. Ауыл шаруашылығы жұмыстарын атқаратын трактор, комбайн, «КамАз» сияқты техника түрлерінен де кенде емес, олар лизинг арқылы жаңаланып отырады.
«Шыны керек, біз үшін күз бен қыс жайлы өтті. Жем-шөптен таршылық болған жоқ. Мал қоңды шықты. Төлдету науқаны да ойдағыдай. Көп ұзамай ол да аяқталады. Дала төсінде егіс жұмыстары жүріп жатыр. Жердегі ылғал жеткілікті. Оған өткен күз бен биылғы көктемгі ауа райының қалыпты болуы оң әсерін тигізді. Сондықтан осы жылы өнім мол аламыз деген сенімдеміз. Біздегі жұмысшылардың бәрі осы өңірден. Жалақысы уақтылы беріледі. Тұратын жерлері де бар. Онда адамға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етіледі», дейді Еркін Жұманұлы.
Өкінішке қарай, мал терісін өткізетін орын жоқ, сол себепті теріні жерге көмеміз немесе өртейміз дейді.
«Әрине, дайын шикізаттың осылай жарамсыз болып жатқанына ішіміз ашиды. Бірақ амал қанша? Шаруашылығымды одан әрі өрістеткім келеді. Тек жер тарлық етеді. Осы мәселе оңтайлы шешімін тапса ғой деп армандаймын», дейді шаруашылық иесі.
Сарыбұлақ ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Жармұхамбетұлы 2023 жылдың нәтижелі аяқталғанын, мол өнім алуды биыл да мақсат тұтып отырғандарын, сол себепті әр күнді қалт жібермей, жылды жемісті аяқтаудан үмітті екендерін, мал төлдету науқанының көңіл көншітерлік деңгейде өтіп жатқанын әңгіме өзегіне айналдырды. Округтегі 58 110 гектардың 3 565 гектары егістік, қалғаны жайылымдық пен шабындыққа арналған. Барлығы 33 шаруа қожалығы бар. Онда жүзден аса адам еңбек етеді.
Шаруашылықтар негізінен мал өсіріп, егін егумен шұғылданады. Бүгінге дейін 1 465 гектарға күздік бидай егіп тастаған ауыл диқандары 2 100 гектарға арпа тұқымын сеппек. Ауылдық округте 2 мыңнан асатын ірі қара бар, оның мыңнан астамы – аналық бас. Сондай-ақ 25 мыңнан астам Шопаната, 1 560 бас Қамбарата түлігі бар.
Жетісу облысы