Франчайзинг – бизнеспен біте қайнасқан ұғым. Бұл – қандай да бір бизнес иесі (франчайзер) басқа кәсіпкерге (франчайзиге) өзінің бренді мен бизнес үлгісін ақылы түрде пайдалану құқығын беретін серіктестік. Әлемдегі алғашқы франшиза Иссак Зингердің тігін машиналар компаниясы саналады. Тұңғыш франчайзер 1851 жылы аңызға айналған тігін машиналарын өзгелерге сату мен жөндеу құқығын беруге заңды түрде қол қойған.
Біз білетін шетелдік «Adidas», «CoffeeBoom», «KFC», «Bronх» сияқты компаниялардың барлығы – еліміздегі шетелдік франшизалар. Олардың қатарына киім-кешек дүкендері де, тамақтандыру, спорт, білім беру орталықтары да жатады. Әлем сахнасында франчайзингтің орны бөлек, өйткені оның пайда болуымен ұтымды кәсіптің де, сауатты кәсіпкерлердің де саны арта түсті. Оған қоса халықаралық қатынастардың жаңа желісі пайда болып, нарықтағы салауатты бәсекелестіктің жоғарылауына оңынан әсер етті.
Елімізде франчайзинг қатынастардың кәсіпкерлік секторды қамту ауқымы өте кең – 1 000-нан астам сауда орны мен 200-ге жуық желілік өкілдік бар. Бұл тек импорт пен шетелдік компаниялардың кеңеюі туралы сөз емес, сонымен қатар ұлттық брендтердің пайда болуын да білдіреді. Мұның айқын дәлелі – әлемнің түкпір-түкпіріндегі жүздеген мың адамның «Айкуне» гимнастикасының емдеу технологиясын қолдануы.
2002 жылы елімізде «Кешендік кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы» заң қабылданды және дәл сол жылы Қазақстан франчайзинг қауымдастығы (ҚФҚ) құрылды. Қауымдастық президенті Бекнұр Қисықовтың пікірінше, шетелде отандық кондитерлік франшизалар да бар, бірақ олар әзірге кең таныла қойған жоқ.
«Франшизамен айналысуға бел буған адам көптеген қиындықтан өтуі мүмкін. Басты қиындық – өзіміздің франшизаларға сенімнің жоқтығы. Неге екенін білмеймін, бірақ жас кәсіпкерлердің арасында өзіміздің франчайзингте алаяқтық көп деген көзқарас қалыптасқан. Бірақ менің ойымша, шетелдік франшизалармен серіктестік құру барысында түрлі алаяқтарға кезігіп қалу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Тағы бір қиындық – франчайзилердің франчайзермен заңды қарым-қатынас орнату кезінде қойылатын талаптарға толық назар аудармауы», дейді Б.Қисықов.
Франчайзинг – адамдар арасындағы қарым-қатынасқа негізделетін бизнес. ҚФҚ президентінің пайымдауынша, сала заңдылықтарын дұрыс түсінбеген адамдар бір-бірінің интеллектуалды меншіктерін құрметтемейді.
«Франчайзилер келісімшарттың мерзімі аяқталғаннан кейін өздері меңгеріп алған франчайзидің технологиясына негіздеп жаңа кәсіп ашып жатады. Мұндай әрекеттер кәсіби этикаға қайшы келетінін ұмытпау керек. Өйткені мұның бәрі франшизаның басты қағидаты – серіктес пен өзіңе деген сенім мен адалдықты жоққа шығарады», дейді.
Ол жаңадан кәсіп ашудың орнына дайын франшизамен жұмыс істеу қаншалықты ұтымды екенін де айтты:
«Бұл салаға таңдау еркіндігіне байланысты сын көп айтылады, бірақ шынайы статистикаға сүйенсек, стартаптардың 95%-ы бес жылдан кейін тоқтап қалады. Ал франшизалардың 85%-ы өз позицияларын сақтайды. Сондықтан кәсіпкерлер өсіп-өнуінің кепілдігі жоқ жаңа бизнеске қарағанда нағыз тәжірибені ұстанған франчайзингтерге инвестициялауды жөн санайды. Дегенмен франчайзинг нарықты толықтай басып алмайды, бұл мүмкін емес. Мысалы, ол дүниежүзілік ішкі жалпы өнімнің 3-7%-ын ғана алады, ал бізде бұл көрсеткіш тіпті 1%-ға да жетпейді. Франчайзинг пен стартап – бір-біріне кедергі келтірмей тең жүретін екі параллель».
Стартап пен франшизаның арасында біраз уақыт теңселіп, нәтижесінде, таңдауы франшизаға түскен отандық кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – Айдарәлі Раманов. Ол былтыр «Urbo Coffee» кофехана желісінің франшизасын сатып алып, бір нүктесін ашқан екен.
«Франшизаның артықшылығы – дайын бизнес-үдерістерді береді. Қызметкерді жалдаудың, жұмысқа қажет құралдарды табудың барлық жолын ұсынады. Кадрларды оқытумен қатар ақауы бар құралдарды жөндеп береді, себебі олардың барлығы лицензияланған. Менің түсінгенім – бастапқы бизнесті франшизамен бастаған дұрыс екен, себебі ол – бизнесті жүргізу барысында туындайтын барлық сұраққа дайын жауабы бар жүйе. Жаңа ашылған бизнестің шығыны көп, оны жүргізу қиынға соғады», дейді кәсіпкер.
Биыл отандық франчайзингтің жаңа толқыны бастау алмақ. Себебі бұл саланың жанашырлары арасында түркі кеңістігіндегі франчайзингті дамыту туралы сұрақтар да көп талқыланып жүр. Мысалы, Орталық Азия франчайзинг бірлестігінің (ОАФБ) төрағасы Гүлбану Майғаринаның ойынша, франчайзингтегі өзекті трендтер мен озық тәжірибелерге деген түркі елдерінің өзіндік қалыптасқан тың тәсілдерімен танысу біз үшін ерекше пайдалы болмақ.
«Дәл қазір бізге түрік кеңістігіндегі франчайзингті дамытудың негізгі қырларын, бар проблемалар мен қиындықтарын, сондай-ақ болашақ ынтымақтастық бағыттарын анықтау маңызды. Қазпатентте тіркелген 2,8 мың франчайзингтік келісім бар, бірақ шындығына келгенде олардың әлдеқайда көп екені түсінікті ғой. Олардың 900-і ғана «Олимп» зертханаларынан келеді, қалғандарының саны тіптен аз. Бар себеп кәсіпкерлердің франчайзингтік келісімдерін тіркемеуінде. Мұндай жағдайда бұл келісімшарттардың ешқандай заңды күші де болмайды», дейді.
Қалай болғанда да елдегі франчайзингтің дәрежесі халықаралық көрсеткіштерден әлдеқайда төмен. Отандық нарықта «New Yorker», «Jack & Jones», «Name it», «Marc O'Polo», «Digel», «Calvin Klein Jeans» сынды алып брендтерді енгізген франчайзинг және бизнесті дамыту сарапшысы Музаффар Мадалиев елдегі франчайзингке кедергі келтіретін басты себепті айтты.
«Франшизаны сатып алушы клиенттердің арасындағы кәсіби емес ритейлдер қаржылық жоспардың не екенін түсінбейді. Олардың үлгі алар қаржылық моделі жоқ, демек кіріс пен шығыс есебін қалай жүргізу керектігін білмейді. Олар таңдалған брендпен серіктестіктің қаншалықты сәтті, ұтымды болатынын зерттеп, талдау жүргізбейді. Бренд мұндай адамдардың ақшасы бар, бірақ білімі жоқ екенін бірден байқайды. Сондықтан олардың көбі әлеуетті франчайзилермен тіпті келіссөз жүргізуден бас тартады», дейді Музаффар Мадалиев.
Былтыр «McDonald's» компаниясы біздің нарықтан франшиза талаптары сақталмауының әсерінен кетуге мәжбүр болған еді. Отандық франчайзи Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдарынан ет өнімдеріне тапсырыс бере алмай, тауардың сапалы баламасы табылмаған. Біздегі ет өндірісі франчайзердің көңілінен шықпапты делінеді. Сөйтіп, еліміз үлкен жобадан айырылып қалды.
Әсем Жанатова,
ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті