• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Маусым, 2024

Демографиялық үрдістің зейнетақыға әсері

111 рет
көрсетілді

Зейнетақы жүйесінің демографиялық өзгерістерге бейім­ділігін, болашақтағы зейнеткер буынның жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуде, сондай-ақ қаржылық тәуекелдерді бейтараптандыруда жинақтаушы компонентті нығайту маңызды фактор саналады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Әлеуметтік кодексте жұмыс берушінің 5 пайыз мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарналарын биылдан бастап кезең-кезеңімен енгізу көзделген.

Қазіргі демографиялық үрдіс пен ұзақмерзімді сын-қатер азаматтарға еңбекке жарамды уақытында өздерінің жинақтарын табыстарына сәйкес қалыптастыру үшін зейнетақы жүйесінің орнықты, теңгерімді дамуын талап етеді. Мемлекет, азаматтар және жұмыс берушілер арасындағы зейнетақымен қамсыздандыруға деген ортақ жауапкершілік бюджетке түсетін жүктемені азайтып, болашақта зейнетақы мөлшерін арттыруға септеседі.

Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қоры (БЖЗҚ) былтыр­дың қорытындысы бо­йынша ел­дегі демографиялық тренд­тің зейнетақы жүйесіне әсерін саралап, биылдан бастап 5 пайыз жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының (ЖМЗЖ) кезең-кезеңімен ен­гі­зілуіне байланысты демо­графиялық жүктемені же­ңіл­дету жөнінде болжам жа­са­ды. Ұлттық статистика бюро­сы­ның дерегінше, биылғы 1 қаң­тардағы жағдай бойынша хал­қымыздың саны 20 миллион­нан асты. Бұл ретте республика­мызда 25 жасқа дейін 8,5 млн адам (42,6%), 25 жастан 65 жасқа дейін 9,7 млн адам (48,5%), 65 жастан асқан 1,8 млн адам (8,9%) бар. Халық саны 2050 жылдың соңына қарай 26,3 млн адамға жетеді деп болжанып отыр.

Өмір сүру ұзақтығы (халық­тың өлім-жітім деңгейі қарас­тырылып отырған жылмен бір­дей болған жағдайда, адам­ның орташа өмір сүру ұзақ­тығы­ның мәні) пандемия жағ­дайында (2020–2021) төмен­дегеннен ке­йін 2021 жылғы 70,23-тен өткен жылы 75,09 жасқа дейін өсті. БЖЗҚ-ның да, БҰҰ-ның да болжамы өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына бай­ланысты 2050 жылға қарай демографиялық қартаюдың жо­ғары деңгейі байқалатынын көрсетеді (60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі 2008 жылғы 9,7 пайыздан былтыр 13,6 пайызға дейін өсті. Осылай өсуін 2050 жылға қарай 16,7 пайызға дейін жалғастыра бермек. Яғни 2050 жылға орта есеппен әрбір алтыншы отандасымыз 60 және одан жоғары жаста болады).

Халық құрылымына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – жиынтық туу коэффициенті (ЖТК). Ол бір әйелдің бала туу қабілеті бар кезеңде (яғни 15 пен 50 жас аралығында) орташа есеппен қанша рет босана алатынын көрсетеді. 2022 жылдан бастап бұл көрсеткіштің өткен жылы 3,05-тен 2,96-ға дейін төмендеуі байқалды. БҰҰ болжамдарына сәйкес еліміздегі туу коэффициентінің 2050 жылға қарай бір әйелге шаққанда 2,42 балаға дейін одан әрі төмендеуі мүмкін. Бала туу көрсеткішінің төмендеуі – бүкіл әлем үшін жаһандық үрдіс. Туу көрсеткіштерінің біртіндеп төмендеуі және өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы жағ­дайында 1 еңбекке қабілетті адамға түсетін демографиялық жүктеме артады.

Пандемиядан кейін елімізге келушілердің жыл сайынғы саны соңғы екі жылда 2 еседен аса өсіп, 2020 жылдан бері кеткендердің саны 2 есе азайған. ЮНФПА-ның (БҰҰ-ның Халық қоры) Қазақстандағы өкілдігі рес­публикамыздың халық санын талдау есебінде 2050 жылға қа­­рай 1000 адамға шаққанда 0 кө­ші-қон сальдосына біртіндеп қол жететінін болжайды. Бұл рес­­публиканың жұмыс күшіне жо­ғары сұранысынан, елеулі эт­ностық эмиграция әлеуетінің бір­тіндеп сарқылуынан, біздің елден оңтүстікке қарай орналас­қан елдердегі халықтың жылдам өсуінен болатын экономикалық дамуымен ынталандырылады.

65 жастан асқан адамдар­дың санына бөлінген еңбекке қабілетті жастағы адамдардың саны (25-тен 64 жасқа дейін) ре­тінде есептелетін әлеуетті қол­дау коэффициентінің төмен­­­деуі байқалады. Еңбекке қабілет­ті жастағы адамдардың зейнет­керлерге (65-тен жоғары) ара­қатынасы 2012 жылғы 7,7-ден был­тыр 5,49-ға дейін төмендеді. БЖЗҚ мен БҰҰ болжамдары­на сәйкес елімізде әлеуетті қол­дау коэффициентінің 2050 жыл­ға қарай шамамен 4,0-ге де­йін төмендеуі жалғасады, бұл еңбекке қабілетті халыққа жүк­темені арттырады.