Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің қызметкерлері Санкт-Петербургтегі Ресей мемлекеттік архиві, Орынбор облыстық мемлекеттік архиві және Башқұртстан Республикасы Уфа қаласындағы Ұлттық архивінен қазақ тарихына қатысты көптеген құнды құжат тауып әкелді.
«Алғаш рет 2019 жылы Орынбор облыстық мемлекеттік архивіне барып, 1742 жылы Орынбор генерал-губернаторы Неплюевтің құпия кеңесшісі жазған хаттарын таптық. Мұнда Әбілқайыр ханның есімі аталған. Ор қаласын салу жөнінде әңгіме болады. Құжат ескі кеңсе тілінде жазылғандықтан, оқу қиын. Көшірмелерін түсіріп, ғылыми айналымға жібердік. Осы жердегі қазақ тарихына қатысты, әсіресе Кіші жүздің сұлтандары туралы соңғы құжат 1918 жылы тіркелген», дейді Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты директорының орынбасары Светлана Книжник.
2022 жылы Башқұртстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік архивінен Ыбырай Алтынсариннің Ақтөбедегі екі басқыштық училище жанынан қолөнер, тері өңдеуді үйрететін бөлімше ашу туралы Орынбор оқу округі қорғаншылық кеңесіне жазған хаттары табылды. Тағы бір маңызды құжат – Уфадағы «Ғалия» медресесі шәкірттерінің таңғы жаттығу кезі, ұстаздарының топ болып түскен фотосуреттері. Ең құндысы «Ғалияда оқып жатқан бір топ қазақ шәкірттерінің 1916 жылы түсірілген фотосуреті деп айтуға болады. Өте сәнді киініп, бастарына тақия киген он алты шәкірт екі қатар болып түскен. Бірінші қатарда сол жақ шетте отырған жазушы Жиенғали Тілепбергенов. Ол «Ғалияда» оқып жүргенде, студент жастардың «Садақ» қолжазба журналын шығарған. Фотосурет астындағы түсініктеме кейін жазылған. Бір назар аударарлығы, төменгі қатарда алтыншы болып отырған жігітті «Мұстафа Шоқай» деп көрсеткен. Анықтап қарағанда, ол Шоқайға ұқсамайды. Жалпы, бұл суреттегі азаматтарды кім біледі екен? Бәлкім төңкеріс алдында оқыған мұғалімдердің ұрпақтары танып қалар. Жиенғали Тілепбергеновтің жанында отырған жігіт кейін Ленин орденін иеленген, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Зейнелғабиден Иманжанов деп жазылған. Қасындағылар –ұстаз Хамза Ибрагимов, Хақан Ережепов деп көрсетілген.
Фотосуреттегі он алты жігіттің тағдыры кейін қалай өрілді екен?
Ақтөбе облысы