Бұл фотоны сақтап, ұрпағына аманаттаған жан – Гүлнар Хайретдинқызы Болғанбаева (1927-2008). Иә, әйгілі Алаш қайраткері Хайретдин Болғанбайдың перзенті. «Халық жауының» қызы атанса да, кеңес заманында адал еңбегімен «Ленин» орденін алған ардагер ұстаз. Ұзақ жыл Қорғалжынның Сабындысында мектеп директоры болды.
Осы кісінің анасы Рахима Ғалиакбарқызы Ақмола қаласының қалыптасуына атсалысқан көпес Халфин әулетінен еді. Рахима Халфинаның жас күнінде ұлттық киімдегі суреті қайраткер Өзбекәлі Жәнібектің «Эхо» (Жаңғырық) атты жинағына енген.
Бұл ескі сурет ХХ ғасыр басында Ақмола қаласында түсірілсе керек. «Cabinet Portrait» атауы сол шақта фотография маркасы мен стилінің Еуропадан жеткенін аңғартады.
Марқұм Гүлнар Хайретдинқызының айтуынша, түрегеп тұрған – нағашы ағасы Сыздық Халфиннің жұбайы. Ал отырған екеудің сол жағындағы қазақы келбетті ханым – Мәстура Абылайқызы (бұл Абылай – әйгілі аға сұлтан Қоңырқұлжаның ұлы). Ол – Ғалиакбар Халфиннің әйелі, яғни Гүлнар Хайретдинқызының нағашы әжесі.
Халфин әулетінің көбі бақиға көшкенде Ақмоланың ескі қорымына қойылған. Хан Кене сарбаздары, Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы, т.б. тұлғалар сүйегі жерленген «Қараөткел» зираты бас қаланың Байқоңыр ауданы («Жастар» шағын ауданы) аумағында тұр.
Бүгінде Астанада есімі көп аталмайтын көпес Халфин әулеті Алаш қозғалысына едәуір қаржы бөлген. 1-гильдиялы көпес Уәли Халфиннен тарайтын Сыздық, Әбдірахман, Ғалиакбар Қытайдың, Бұхараның, Түркістанның, Ресейдің түкпір-түкпірімен сауда-саттық жасап, Ақмоланың экономикасы мен мәдениетін көтергені архив деректерінде хатталып тұр.
Елорда Арқа төсіне көшкенге дейін ескі орталықта осы әулеттің қос қабатты бірнеше үйі тұрды. Ол ғимараттар большевиктер келгенде түрлі мекемеге берілгені мәлім.
Сабыр ШӘРІП,
PhD