• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Дін 07 Маусым, 2024

Дін саласы және құқық сауаты

43 рет
көрсетілді

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту жөніндегі орталықта мемлекеттік органдар, діни бірлестіктер мен ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдерінің қаты­суымен «Дін саласындағы құқықтық сауаттылық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Діни сенім бостанды­ғын қам­тамасыз ету үшін зайырлылық қа­ғи­­­даттарын нығайту маңызды. Ал халықтың діни-құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру бұл бағыттағы бірінші кезектегі мәселе. Осыны мақсат тұтқан дөңгелек үстел басында сарапшылар халықты дін саласындағы негізгі құқық бұзушылықтар, олардың себептері мен алдын алу туралы ақпараттандыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықтың құқықтық сауатын арттырудың маңыздылығын көтерді.

Конфессияаралық және өрке­ниетаралық диалогті дамыту­ жө­ніндегі орталықтың бас­қар­ма төрағасының орынбасары­ Бауыржан Бәкіров қазіргі таңда елімізде азаматтардың дін ұстануы үшін барлық жағдай жасалып отырғанын атап өтті. Соған қара­мастан дін саласында құқық бұзу­шылықтар әлі де бар.

– Құқықтық саладағы қателіктер мемлекеттік қызметкерлер тарапынан да, жекелей дінге сенушілер тарапынан да болып тұрады. Бұдан ешкім де сақтандырылмаған. Деген­мен ең көп қателікті діни сауаты төмен тұрғындар жасайтынын баса айта кету керек. Олардың басым көпшілігі қарапайым құқық­тық сауатсыздық кесірінен орын алады және көбіне ешқандай ауыр салдары болмайды, – деді ол.

Б.Бәкіров әлеуметтік зерттеу­лер мен бірқатар сарапшының бағамдауы бойынша, жылдан-жылға халықтың діндарлығы, әсіресе жастардың дінге бет бұру үрдістері артып келе жатқа­­нын атап өтті. Алайда діндарлық дең­гейі мен құқықтық сауаттылық деңгейі әрдайым бір-біріне сәйкес келе бермейтіні қынжылтады. Соның салдарынан зайырлылық қағидаттары аяққа тапталып жататын сәттер де жоқ емес.

– Қазіргі таңда интернет қоғам үшін ең басты ақпарат көзіне айналғаны рас. Әсіресе жастар жағы бастапқы діни танымын сондағы түрлі материал арқылы қалыптастырады, толғандырған сұрақтарына жауап іздейді. Соның кесірінен дін мен зайырлы мемлекет жайындағы қате таным-білімге ие болуы ғажап емес. Біз бұл жерде экстремистік идеялардың ықпалы мен таралуы туралы айтып отырмыз. Солардың қатарына қосылып, санасы радикалданған азаматтар зайырлы ел дегенді «исламға қарсы мемлекет» деп түсіне бастайды. Сондықтан оған қарсы күресуді өздерінің басты мақсатына айналдыруы мүмкін, – деді ол.

Дін істері комитеті Діни қызмет саласындағы құқық қолдану практикасы басқармасының басшысы Бейімбет Манетов барлық діни бір­лестік үшін заң ортақ екенін, егер заң бұзбаса, олардың қызметіне ешкім араласпайтынын атап өтті.

– Алдын алу және түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде қазіргі таңда дін саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар саны аза­йып келеді. Осы жылдың алғашқы тоқсанында 51 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Бұл былтыр­ғы жылдың алғашқы тоқсанына қарағанда 6 пайызға төмен көр­сеткіш, – деді ол.

Дін істері комитеті дін сала­сындағы заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру мақсатында тұрақты жұмыс жүргізіліп жат­қанын айтқан Б.Манетов әкімші­лік заңнаманы ізгілендіру аясында ­(490-бап) «ескерту» түріндегі санкцияны енгізу мен әкімшілік айыппұл мөлшерін 50 пайызға азайту көзделіп отырғанын жеткізді. Бұл заң жобасы қазір Парламентте қаралып жатыр.

Дөңгелек үстел басында кәме­летке толмағандардың ар-ожданы мен діни сенім бостандығы құқықтарын сақтау мәселелері, оны іске асыру жолдары мен әдістері қозғалды. Іс-шара қоры­тындысында қатысушылар құ­қықтық сауаттылықты арттыру, дін саласындағы құқықтық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ету шеңберінде мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара іс-қимылын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірледі.