• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Сұхбат 07 Маусым, 2024

Ерболат ТӨЛЕПБАЙ: Суретші талғамымен, айтар ойымен биік болса игі

186 рет
көрсетілді

Әлемнің 40-тан астам елінде көрмесін өткізген суретші бізде саусақпен санарлық қана, тіпті жалғыз десек артық емес. Басқасын былай қойғанда, Париждегі көрмесі Сальвадор Далимен бір залда өткен Ерболат Төлепбай таланты төрткүл дүниеге мәшһүр. Әлемдік деңгейдегі мен деген небір мықты өнертанушылардың жоғары бағасын алған қылқалам шеберінің суреттегі басты жаңалығы – өткен ғасырдың 80-жылдары елімізге алғаш рет қазақы сюрреализмді әкелуі. Сонысымен де ол өз қатарластары арасында дара болды, жаңалықтың жаршысына айналды.

Суретші айтады: – Сурет деген, әрине, әдемі. Бірақ сол әдемілікке жету үшін үлкен қажыр, талмас еңбек керек. Нағыз өнер оңайлықпен өмірге келмейді. Ал өнер тудырдың екен, оған өлмейтін өмір сыйлау да шығармашылығының басты мұратының біріне айналуға тиіс. Ақша, атаққа есептеліп жұмыс істейтін болсаң, сен ешуақытта өсе алмайсың. Керісінше, дарынды болып, талантты туын­дыларды өмірге әкелген сайын байлық та, басқасы да адамды өзі іздеп табады. Сондықтан да сурет өнерінде арман мен мақсатыңның бір-бірімен ұштасып жатуы маңызды. Адам сонда жетістікке жетеді.

Мен ойладым: «Күллі адамзаттық мұратпен астасқан армандар суретшінің жүрегіне сәби шағынан-ақ орнығып алып, бала Ерболатты алысқа, тым-тым алысқа қарай жетелейтін. Тоғысбай ақ­са­қалдың талантты ұлы 1955 жылы 2 қа­зан­да Түркістан облысының Леңгір ауданы Қасқасу аулында дүниеге келген. Бала күннен-ақ балшықтан түрлі мүсін қашап айналасын таңғалдырған балдырғанның түбі шығармашылық адамы болатынын ауылдың көреген ақсақалдары әлде­қашан болжап қойған-ды. Бірақ Ерболаттың өзі сурет әлеміне сенім­сіздеу келді. Себебі оның бала күнгі арманы сурет емес, құрылыс саласы­мен байланысты болды. Рас, бейнелеу өне­рінің де, архитектураның да түбі бір – өнер ғой дегенімізбен, болашақ ше­бер­дің құрылыс туралы қиялын күл-тал­­қан еткен жағдай суретші ағасының қыл­­қа­ла­мы­нан туған тамаша туындылар болатын».

Суретші айтады: – Бала күнімде құрылысшы болуды армандадым. Мұның өзіндік себебі де болды. Бірде біздің ауылға ұшақпен шетелдің адамдары келді. Олардың неге келгенін білмедім. Бірақ бір топ мейманның сол күні өздерімен бірге алып келген түрлі түсті газет-журналдары менің бала көңіліме сұмдық әсер етті. Әлгі журналдан аспанға маңдай тіреген зәулім ғимараттардың суретін көрдім. Қатты қызыққаным соншалық, ауылға осындай ғимараттар салатын құрылысшы немесе сәулетші болуды армандадым. Сол арманның жетегінде жүріп суретші ағам Тоқболаттың жұмыстарымен таныса бас­тадым. Ағама еліктеп, мен де қылқалам ұстадым. Сөйтіп жүріп жүрек түкпірінде суретке деген сүйіспеншілік оянды. Бұл шын мәнінде мүлдем бөлек әлем еді. Мені бірден өзінің тұңғиығына тартып ала жөнелді. Өнердің құдіреті һәм Тоқболат ағамның кеңесі мен жол нұсқауының арқасында сурет әлемінің төрінен бір-ақ шықтым. 1974–1977 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркемсурет-графика факультетін бітірдім. Кейін Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі атанып, бүгінгі таңда Қазақ ұлттық өнер академиясының «Академиялық сурет және станоктік графика» кафедрасының профессорымын. Қазір осылай деп әдемі әңгімелеп отырғаныммен, жалпы суретші боламын немесе болмаймын деп кесіп айту, таңдау жасау адамның қолындағы шаруа емес екен. Меніңше, кез келген адам сурет өнерін таңдай алмайды. Өйткені ол – Алланың берген сыйы. Нағыз қылқалам шебері болу үшін суретші болып өмірге келуі, тағдыры туабітті солай таңдалуы керек. Негізі суретшілер екі түрге бөлінеді. Бір суретшілер тапсырмамен жұмыс істейді, яғни олар басшыларға, беделді адамдарға ұнағысы келеді. Қара басының қамы үшін ештеңеден тайынбайды. Екінші суретшілер өнерге жаңалық әкелсем, халқының даңқын өсірсем деп еңбектенеді. Міне, мен суретші болуды армандаған жастарға осы жолды таңдаңдар деген болар едім. Әрбір шынайы, адал жасалған іс өнімді, өтімді келеді. Суретке қарап, оның қандай ойы болғанын білуге болады.

Мен ойладым: «Иә, суреткерлік ой дегеннен туындайды, бүгінде сурет өнеріндегі Ерболат Төлепбай шыққан биіктерді талдап-таразылай келе әр дүниенің астарында терең философия жататынын, ол Жер-ана, тұмса табиғат һәм аспан әлемінің шетсіз-шексіз кеңістігімен мәңгілікке астасып, ұштасып кететінін байқауға, тануға болады. Жарты ғасырға жуық ғұмырын бейнелеу өнерінің қыр-сырын тануға, тани жүріп өмірдің, адам бойындағы сезімдердің түрлі қалтарысын қалтқысыз қалыптауға талпынған талант еңбегі бағасын біліп, байыптай білгенге құнды қазына екені даусыз. Қылқалам қуатымен төрткүл дүниені өзіне қаратқан Ерболат Төлепбай таланты бүгінде қазақтың болмысын шартарапқа танытып, жаһан жанарын жаулап жүрген жауһарларға жан бітірген айрықша қабілет екені сөзсіз».

Суретші айтады: – Бейнелеу өнерінің мақсаты айнытпай бейнелеу емес. Ол көрушісін ойландыруы, толғандыруы, күрсіндіруі керек. Сонда ғана нағыз өнер болмақ. Осы тұрғыдан келгенде – ол дара. Ал даралық даналықты терең түйсінгенде ғана көрінеді. Сөз басында «Әлемнің 40-тан аса елінде көрме өткіздіңіз» деп тамсанып айтып жатырсыз ғой. Иә, ол сыртқа солай әсерлі болып көрінгенімен, айдың арғы бетінде қаншама қажыр, еңбек пен төзім жасырынып жатыр. Кезінде Пикассо бір картинасын қымбатқа бағалапты. Сатып алушылар: «Бұл суретті салуға көп дегенде 2-ақ күніңізді жұмсадыңыз, ал құнына дүниенің ақшасын сұрайсыз» дегенінде суретші: «Бір-екі күн салынған бұл жұмысымның артында, осы сұлулыққа жеткенге дейінгі аралықта менің 40 жылдық өмірім, еңбегім жатыр» деген екен. Пикассо айтпақшы, расымен де сурет бір күнде салына салмайды. Ол идея болып туып, ойда пісіп-жетілуі үшін ұзақ уақытты қажет етеді. Мәселен, жеке өз басымда бір картинаны салу бір айдан 20 жылға дейін созылады. Менің кейбір суреттерім бар, 20 жыл болды, әлі бітіре алмай жүрмін. Себебі оны тапжылмай отырып күні бойы салмайсың, әрине. Бір күн немесе әрі кеткенде 2-3 күн сұлбасын сызып қойғаныңмен, толғану үшін бірнеше ай шабыт іздейсің дегендей. Сондықтан да мына картинаны осынша уақытта салдым деп нақты айту қиын. Әр салған суретімнің идеясы ойда қауыз жарғанынан бастап, картинаға айналғанға дейінгі аралықта көп уақыт, есепсіз маңдай тер жатыр. Бірақ бір білерім – жүректен туған дүниенің қуат күші бәрібір көрушісіне жетеді. Сондықтан қандай суретті де сезіммен салу керек. Мысалы, менің «Сырнайшы» деген туын­дым бар. Ол сурет бала кезімізде бірге өскен Түймебай деген азаматқа арналған. Қағілез еді, бірақ құлақтан ерте айырылып, керең болып қалды. Сонда Түймебей ішінде буырқанған бұлқыныстың, қасіреттің барлығын сырнай тарту арқылы шығаратын. Біз оның әдемі әуеніне елтігенімізбен, бала­лыққа салып кемсітіп, анда-мұнда жұм­сай­тынбыз. Бірақ ес біле келе мен оны бас­қаша таныдым. Түймебайдың жан дүние­сін кейін түсініп, әлемге танытуды мақсат еттім. Соның нәтижесінде осы сурет өмір­ге келді. Қайбір жылы АҚШ-тың бұрын­ғы президенті Билл Клинтонның інісі Роджер Алматыға келіп, осы картинаны аттай қалап алып кетті. Осылайша, аядай ауылдың Түймебайы мұхит асып, төрткүл дүниеге танылды. Бұрынғы президент вилласының төріне ілінді. Көрдіңіз бе? Шынайы өнерде шекара жоқ. Жақсы сурет жанпидадан туады. Өмірді таза күйінде көріп, шын көңілмен кенеп бетіне кестелей салсақ, міне – өнер деген сол!

Мен ойладым: «Ерболат Төлепбай елі­мізге ғана емес, шетелдерге де таны­мал көрнекті қылқалам шебері. Ол та­лан­тының арқасында Мемлекеттік сый­­лық­тың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ресей, Чехия, Қырғызстан елдерінің Өнер акаде­­мия­­ларының академигі атанды. Бір басына жетер атақ-абыройдан кенде емес кемел суреткер осы уақытқа дейін дүние­жүзінің 40-тан астам елінде, атап айтсақ, АҚШ, Белгия, Аустрия, Германия, Италия, Қытай, Үндістан, Франция, Жапония және қазақ суретшілер ара­сында алғаш рет Эрмитажда көр­ме­сін өткізіпті. Әлем­нің даңқты мұра­жай­ла­рында туынды­ла­ры Ван Гог, Леонардо да Винчи, Мике­ланджело, Рафаэль, Пикассо еңбек­терімен қатар тұрғанын да айта кет­кеніміз ләзім. Жақында ғана Венеция жеріне қазақ суретшілері делегациясын бас­тап барып, ұлттық өнерімізді дәріптеп қайт­ты. Бейнелеу өенері арқылы тамыр­лы тарихымызды жаһанға танытып жүрген Ерболаттың ел үшін етіп жатқан еңбегі есепсіз де ерен. Ал оның қалам құдіреті туралы белгілі қоғам қайраткері Дархан Мың­байдың: «Оны қазақтың өнерін әлем­ге жаңа мазмұнда танытып жүрген жал­ғыз суретші десем, ар­тық айтпаспын. Өйт­кені суретшінің әр жұмысынан қазақ­тың төл тіршілігі, ­ру­хы­­ мен бояу-бол­­мысы айқын сезіледі. Кей картина­лар адамның тек көзін арба­са, ал Ерболаттың еңбектері жұрттың кө­ңілін баурап алып жататыны ақиқат. Та­ғы айта кетерлігі, картиналарының қай-қайсысын алсаңыз да біз ұмытып кет­­кен, болмаса жиі байқала бермейтін бей­­не­лерді ұшыратасыз. Солар арқылы бір кездегі қазақтың жоғалтып алған асыл­­дары қайта оралып, ортамыз толып жат­­қандай күй кешесіз. Егер әр халық өзі­­нің барын, болмысын халықаралық дең­­­гейге шығара алып жатса, өз басым соны ғана халықаралық стандартқа сай деп есептеймін. Міне, осы тұстан келсек, ол ха­лықаралық деңгейге шын мәнінде шы­­ғып үлгерген суретші», деген бағасы та­лант табиғатын тап басып танытатындай».

Суретші айтады: – Шетелдіктерді қазақ суретшілерінің таңғалдыруы өте қиын. Сондықтан ойың айқын, қолтаңбаң анық болуы керек. Бірақ ол бәріне бірдей түсінікті болу деген сөз емес. Суретші талғамымен, айтар ойымен биік болса игі. Сонда өнерің де бағалы. Мәселен, мен әрбір жұмысымда қазақтың жанын көрсетуге ұмтыламын, сол арқылы адамзаттық мәселелерді қаузаймын. Өзімнің этностық, генетикалық көзқарас, философиялық пайымдарымды барынша бояу бедерінде сөйлеткім келеді. Менің суреттерім бәлкім осы жағынан жаңалық болып келген шығар. Сондықтан да үнемі «Менің даналығым – дала» дегенді жиі қайталап айтып отырамын. Себебі Еуропада, басқа жұртта дала деген ұғым, түсінік бола бермейді. Ол түркі жұртында, оның ішінде қазақта бар. Сондықтан сол дала ұғымын әлемдік деңгейге алып шығу жолында аянбай тер төгіп келемін десем болады. Осы уақытқа дейін мен жұмысыма көрген дүниемді айнытпай салуды мақсат тұтқан емеспін. Оны бүгінгі ғылыми техниканың дамыған заманында фотоаппараттар да мінсіз орындай алады ғой. Менің мақсатым – әрбір салған картинам арқылы адам жанына үңілу, сезім қатпарларына бойлап, бір сөзбен айтқанда адамның жанын сөйлету, сурет арқылы сырласу һәм соны қоғамның бір көрінісі ретінде бейнелеп, бедерлеу. Содан кейін әлбетте композициялық шешімдерге мән беремін. Әрбір туындының басы мен соңы, шарықтау шегі болуы керек. Мұндай талап әсіресе музыка мен әдеби шығармаларға тән дегенімізбен, суреттің де өзіндік құрылымы болады. Мен сурет арқылы жай ғана хабарлаумен шектелетін шығарма тудырғым келмейді. Менің картиналарым тұнып тұрған толғамдарға толы болса екен деймін және сол жолда әлі де ізденісім жалғасып келеді. Мәселен, «Молшылық»деген көпшілікке белгілі картинамды небәрі 24-25 жасымда жазыппын, ал 20-21 жасымда салған суреттерім кезінде бүкіл Кеңес одағына танымал болды. Жалпы, сурет өнері де үлкен ғылым ғой. Ол да физикалық, математикалық жаңалықпен тығыз байланысты. Меніңше, үлкен өнерді осылай бағалау керек. Сіздің өнерге деген көзқарасыңыз сол диапазонда болуы қажет. Өнер үлкен түсініктерден тұрады. Мен бес, әрі кеткенде жеті жылда бір ағымнан екінші ағымға өтіп отырамын. Өзгеріп отыру – ол өмірдің ағымына байланысты. Өмірде бір нәрсе ғана өзгермейді. Ол не? Ол – адамгершілікке шақыратын ойларың. Өнер осыдан айырылмауы керек. Өнер де үлкен қуат көзі, сезімнің қайнары. Қылқалам иесі сурет салып жатқандағы негізгі ойынан шатас­пау керек. Одан шатассаң, үлкен өнерге бардым ғой деп айту қиын.

Мен ойладым: «Ерболат Төлепбай – күрделі суретші. Оның әр жұмысымен танысқан сайын картиналарынан көшпе­лі­лерге, қазаққа тән дүниетанымды байқап қана қоймай, жоғалтып алған жауһарымен қайта табысқандай боласың. Қашанда кең даланы өзінің қайталанбас тың тынысымен желпитін суреткер қолтаңбасында қарапайымдылық пен ұлылық қатар ұштасқандай. Суретші Ерболат Төлепбайдың талантына табынтар тағы бір қасиет – қаншама еуропалық ізденісте болса да, әлемдік мәдениет қайнарынан сусындаса да суретші өзінің байырғы төл үлгісінен ешқашан алыс­тамайды. Көшпелілер дәстүрі мен далалық мінезден ауытқып кетпейді. Бұл ойымызды белгілі қылқалам шебері Сейсенхан Маханбеттің мына бір пікірі де қуаттайды: «Рас, ол жас шағында бас айналар керемет композициялар, айқын, реалистік бағыттағы жұмыстар жазған. Ал бүгінде ол – барлық мектептен өткен, өнердің философиялық жоғары деңгейіне көтерілген суретші. Оның шығармаларында саясат атымен жоқ. Онда тек адами қарым-қатынас, сырласу сияқты тұнық сезімдер тұрақтап қалған. Нысанасы – өмір, адам. Түр-түсті ойнақы құлпыртады».

Суретші сөйлейді: – Мынау дүние­дегі құстың ұясынан бастап, нәріміз болып отырған нанның да тамыры бар. Ол жерден қуат алады. Ал адамдар да сол секілді. Біріміз қалада, біріміз ауылда, біріміз көпқабатты үйде тұрамыз. Соның бәрін көтеріп тұрған – Жер-ана. Бар байлығың да сол Жер-ананың қойнауында жатыр. Мен үшін құдірет саналатын бір ғана ұғым бар. Ол – қарапайым адам өмірі. Сол қарапайым адам өмірін шамам мен шеберлігім жеткенше салған суреттерімде сөйлетіп келемін. Жарқырағанға, жалтырағанға құмар емеспін. Осы күнгі бір жағымсыз жайт мені ойға қалдыра береді. Ол қарапайым адамды көзге ілмей, басшыны көрсек, не қалтасы қалыңды байқап қалсақ, өзімізді өзіміз ұмытып кететініміз бар. Күн шықса ай көрінбей қалады деген секілді. Аспанда небір алып жұлдыздар бар. Ол мына жеріңізден 300 есе үлкен. Бірақ ол көрінбейді. Сол секілді кейде қарапайым адамның күлкісі естілмейді, тірлігі еленбейді. Тіпті оның уайымы бізге жетпейді. Қарапайым отбасы таза еңбегімен күн көреді, тер төгеді. Ұрпақ өсіреді, үлкен жетістіктерге тек еңбегімен жетеді. Жер-ана бойындағы қуатын қалай сыйласа, қарапайым адам да жер секілді. Менің көңілімде сол қарапайым адам биікте тұрады. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, біз қазір есту, көру қабілетінен адасып жүргендейміз. Бұл арада мен біреуге ақыл айтайын, жөн сілтейін деп отырған жоқпын. Қысқа өмірде бір-бірімізге жанашыр, қамқор болайық дегім келеді.

Мен ойладым: Иә, ел мен жерге деген махаббатты, Отаным деп тебіренген пер­зенттік сезімді мінсіз үнмен жырлайтын кәсіптің алдында иіліп, кішіреймейтін пенде жоқ шығар, сірә. Сурет өнерінің құдіреті де осында жатыр, біздіңше. Ерболат Төлепбай әлеміне бойлаған са­йын сол бір кесек өнердің құдіретіне бойлап, қазақтың сайын даласына сая­хат шеккендей күй кештік. Бастысы, әрбір туындысынан тіршіліктің исі жығып, жүректің дүрсілі сезіліп тұрған туындылардың қай-қайсысы да тереңдігімен құнды, мазмұнымен тағылымды. Көркем әрі жұмбақ, биік әрі бейнелі, күрделі һәм қарапайым, сұлу әрі сырбаз. Көрген жанның көзін байлап, көңілін баурайтын шығармалардың ең басты қасиеті – осы сантараптығы мен шынайылығында, бастысы қазақтың өзі сөйлеп тұрғандай ұлттың үнінде тіл қататын ұлылығында жатса керек.

Суретші айтады: Суреттердің көп­­шілігі аяғына дейін бітпей қалған жұмысқа ұқсауы мүмкін. Бейнелердің бет әлпетін, көздерін анық көре алмайсыз. Себебі әрі қарай көрерменнің өз қиялы жалғастырып әкетуге тиіс. Адамды жы­ла­та ма, күлдіре ме, қандай күйде болсын, ол ең алдымен, кісіні бірге ойласуға, не нәрсе жайында да көрерменмен қосыла толғануға мүмкіндік береді. Екін­ші­ ерекшелігі, дінге байланысты байлам­нан осындай қорытынды жасадым. Адам­ның бет әлпетін айнытпай жеткізу фото­өнердің үлесіндегі іс қой деген тұжы­рым­нан туған суреттердің сыры туралы айтарым осы. Өзіме келетін болсам, күн­­діз-түні шығармашылық ізденісте жүр­мін. Мақсатым – жаңалық алып келу, бар нәрсені қайталағым келмейді. Күнде бір өзгеріс болса екен деген оймен оянамын. Өйткені ізденіссіз өнер тоқырауға ұшы­рай­ды. Осы өнерді басқа жұртқа қайтсем танытам деп армандап жүрген қазақтың бірімін. Жалпы, қазақ халқы үшін сурет өнері – көне әрі жаңа өнер. Сурет арқылы тарихта қалу өте қиын. Өйткені суретті халыққа таныту оңай емес. Мысалы, бір әртіс бір кинодағы рөлі арқылы жарқ етіп, ел есінде қалуы мүмкін. Ал суретшілер үшін мұндай дәрежеге жетуге ұзақ уақыт керек. Себебі суретші салған суретті бір ауылдың адамдары көруі мүмкін. Ал бүкіл ел көруі үшін уақыт керек. Сондықтан сурет салып, бір күнде атақты болуды армандайтын жастарға жол жабық. Сурет өнері – өте ауыр. Болашақта суретші болуды армандайтын ізбасарларыма, іні-қарындастарыма айтарым, шыдамды, еңбексүйгіш болсаң ғана өнердің шыңына шығасың.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»