• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 08 Маусым, 2024

Садық МҰСТАФА: Жұмыста жүйе болмаса, спортшыда жүлде болмайды

162 рет
көрсетілді

Соңғы кездері дзюдодан Қазақстанның ерлер құрамасы сәтсіз өнер көрсетіп жүргені белгілі. Оған дәлел – былтырғы Азия ойындары мен биылғы Азия чемпионатының қорытындысы. Ал әлем чемпионатында жүлде алмағанымызға біраз жылдың жүзі болды. Осы сәтсіздіктің сыры неде? Осы және басқа да сауалдарды танымал бапкер әрі спорт функционері, дзюдо, қазақ күресі және ауыр атлетикадан еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қызылорда облысы дзюдо федерациясының президенті Садық Мұстафаевқа жолдадық.

– Садық Шоңмұрынұлы, таяуда БАӘ-­нің астанасы – Әбу-Дабиде әлем чем­пио­наты өтті. Қазақстан дзюдо­шыла­ры­ның өнеріне қандай баға берер едіңіз?

– Байрақты бәсекелерді айтпағанда, қатардағы көп жарыста тұрақты түрде жүлде алып жүрген бір ғана балуанымыз бар. Ол – Әбиба Әбужақынова. Қалғандары ара-тұра жеңіс тұғырына көтеріліп жүргені болмаса, көп жарыстан құралақан қайтып жүр. Кейінгі жылдары Қазақстан дзюдосы қатты құлдырағанын мойындауға тиіспіз. Кезінде ел құрамасы Азиядағы үздік үштіктің қатарында еді. Нашар өнер көрсеткен жағдайдың өзінде жалпы есепте төртінші орыннан төмендемедік. Ал қазір ше? Былтыр Азия ойындарын 10-орынмен қорытындыладық. Өзбектерді (3 алтын, 1 күміс+ 4 қола) айтпағанда, тәжіктер (1+1+1) мен қырғыздардан (1+0+0) қалып қойдық. Жерлестеріміз 1 күміс пен 4 қоланы қанағат тұтты. Биыл Гонконгтағы құрлық біріншілігінде үш қола медальды еншілеп, Тәжікстанмен бірге сегіз бен тоғызыншы орындарды өзара бөлістік. Бұл – Қазақстан татами шебелерінің алып Азиядағы ғана емес, Орталық Азияда бойынша да позициясын жоғалтқанын білдірсе керек. Өзбекстан спортшыларының айдарынан жел есіп тұр. Қырғызстан мен Тәжікстан соңғы жарыстарда алдымызды орап жүр. Түрікменстан да бізге «сес көрсететіндей» деңгейге жетті. Ал әлем чемпионатындағы нәтижеміз тіпті көңіл көншітпейді. Биыл Әбу-Дабиде Қазақстан дзюдосының абыройын жалғыз Әбиба Әбужақынова сақтап қалды.

– Ондай жағдайға жеткізген не? Оған кім кінәлі: бапкерлер біліксіз бе, әлде балуандар әлсіз бе? Осы спорт түрінің басы-қасында жүрген майталман маман ретінде сіздің пікіріңізді білсек...

– Оның себеп-салдары көп. Ең бастысы, жұмыс жүйесіз жүргізіледі. Ұлттық Олим­пиада комитетінің (ҰОК) вице-президенті Андрей Крюковтың бастамасымен 2022 жылы Франциядан бапкерлер шақырттық. Оның не қажеті барын әлі түсіне алмай келемін. Тіптен балуанның үстіне жабысқақ сылақты жапсыратын адамды да сол жақтан алдыр­дық. Ал соған не зәрулік болды? Крюков бұрын­ғы ватерполшы, дзюдодан алыс адам. Фран­цуз­дардың еңбек етіп жүргеніне біраз жылдың жүзі болды, алайда әлі де ілгерілеу жоқ. Олар «Біз то­лық олимпиадалық цикл бойы жұмыс істе­ген жоқпыз. Сол себепті Париждегі дода үшін жауап бере алмаймыз. Біздің мақ­са­тымыз – 2028 жылы Лос-Анджелес Олим­пиа­дасына жақсы команда жасақтау» деп айтатын көрінеді. Сонда қалай болғаны? Онда Францияның мамандары қазақтың бюжетінен бөлінген ақшаны оңды-солды шашып, елімізде не үшін жүр? Соның сұрауы бар ма?

Ұлттық құрама бапкерлерінің жиі ауысуы да кері әсерін тигізіп жатыр. Жігіттермен жап-жақсы жұмыс істеп жүрген мықты маман Ермек Иманбаевты 2020 жылдың күзінде қызметінен алып тастады да, оның орнына Айдын Смағұловты тағайындады. Ол денсаулығына байланысты көп жұмыс істеген жоқ. Смағұлов кеткен бетте федерацияның президенті, вице-президенттері, бас хатшы және атқарушы директоры жиналып, дауыс беру арқылы осы қызметке кімнің келгені дұрыс екенін анықтады. Жеті адамның бесеуі Қален Қалиұлын қолдаса, екеуі Ғалымжан Жылкелдиевті лайық деп тапты. Бірақ сол кездегі федерация президентіне бұл шешім ұнамады. Содан ол сайлауды заңсыз деп тауып, оны қайта өткізді де, Жылкелдиевті алып шықты. Алайда ол да көп тұрақтаған жоқ. 2022 жылдың көктемінде бұл қызметке Нұрбол Сүлейменов келді. Нұрболдың мықты балуан болғанын мойындаймын, десек те жаттықтырушы ретінде тәжірибесіне таласымыз бар. Иә, ол Әбибаның жеке жаттықтырушысы екені рас. Ендеше, оның әйелдермен жұмыс істегені дұрыс еді. Десек те бұл мәселеге ешкім бас қатырып жатпады. Спортты кеше ғана қойған жастардың бір қателігі, барлығы да бірден ұлттық құраманың бас бапкері немесе аға жаттықтырушысы болуға ұмтылады. Бәріне қызмет пен атақ керек. Содан кейін олар өздерінің жанына жерлестерін, сыныптастары мен курстастарын, жора-жолдастарын жинауды жаман дағдыға айналдырған.

– Сізді тағы да қандай мәселелер толғандырады? 

– Бірінші мәселе, командада ауызбірлік жоқ. Француздар мен жергілікті мамандардың әрқайсысы көрпені өз жақтарына тартып әлек. Бір-бірлерін мүлдем мойындамайды. Мойынұсынып, бір-бірінің ақылына құлақ асып, ортақ мәмілеге келе алмай жатыр. Қазіргі кезде соның зардабын тартып отырмыз. Екінші мәселе, жеке жаттықтырушылардың команда құрамында болмауы. Байрақты бәсекелерде оларды шәкіртінің қасына жолатпай қойды. Бұл – үлкен қателік. Әр спортшының жан дүниесі мен қарым-қабілетін түсініп, бәсеке бары­сында олардың қай кезде жылдамдығын арттырып, қай уақытта қандай әрекетке барып, қандай әдіс-тәсіл жасау керектігін жеке бапкерден артық ешкім білмейді. Осы жағы ескерілмеді. Осыдан біраз уақыт бұрын Елдос Сметов комитеттің төрағасына кіріп жүріп, Ғалымжан Жылкелдиевті әзер дегенде қасына алдырды. Соның өзінде ол тек жаттығу үдерісіне ғана араласа алады. Ал жарысты сырттан бақылайды. Басқаларында ондай мүмкіндік берілмеді. Мәселен, ұлттық құрама сапында үш бірдей шәкірті бар Қален Қалиұлы еліміздің бас командасында жоқ. Аға жаттықтырушы болып жемісті еңбек етіп жүрген кезінде орнынан кетуге мәжбүр болды. Біле білсек, Азия ойындарында жүлде алған Мағжан Шамшадин, Абылайхан Жұбаназар және Нұрлыбек Шархан сынды саңлақтардың барлығы да дәл сол Қаленнің шәкірттері. Қазір Қалиұлына жаттығу үдерісіне араласуына рұқсат берілді. Десек те ол да бәсекелер барысында шәкіртіне жақындап, ақыл-кеңес бере алмайды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – команданың ішкі ахуалы көңіл көншітерлік емес. Ондай жағдайда жұмыс істеу өте қиын. 

– Сіз айтып отырған Қален Қалиұлы әлем чемпионатына төл шәкірті Мағжан Шамшадиннің бармай қалғанына күйініп, БАҚ өкілдері арқылы құрама бапкерлерінің әрекетіне наразылығын білдірді. Сол қаншалықты орынды деп есептейсіз?  

– Қаленнің айтқаны дұрыс. Әлем чем­пио­натына Халықаралық дзюдо федера­циясының (IJF) рейтингінде жоғары тұрған балуандар баруға тиіс. Әбу-Дабидегі дода қарсаңында Нұрқанат Серікбайұлы бәрінен жоғары тұрды. Оны Мағжан Шамшадин өкшелеп келе жатты. Елдос Сметовтің ұпайы жоғарыда аталған қос саңлақтан әлдеқайда кем еді. Соған қарамастан бапкерлердің таң­дауы Нұрқанат пен Елдосқа түсті. Сөйтіп, Мағ­жан аса маңызды жарыстан шет қалды. Он­дай әділетсіздікке кімде-кім болсын төзбейді. 

– Парсы шығанағына Мағжан барғанда бірдеңе бітірер ме еді? Ол жақсы бабында ма еді?

– Былтыр жарақат алғанға дейін Мағжан бірқатар жауапты жарыста жеңіс тұғырына көтеріліп, әлемдік рейтинге Қазақстанның балуандары арасында ең үздік нәтиже көрсетті. Атап айтсақ, 2003 жылдың сәуір айында Тбилисидегі Гран-приде – үшінші, Тараздағы Қазақстан Республикасының Спартакиадасында – бірінші, Астанадағы Гранд-Слэмде бірінші, Ханжоудағы Азия ойындарында үшінші орынды иеленді. Күзде Әбу-Дабиде өткен турнирде аяғынан ауыр жарақат алды. Содан алты айдан аса уақыт емделді. Осы орайда, республикалық дзюдо федерациясының президенті Қуан­ышбек Есекеевке айтар алғысымыз зор. Сол кісі отаға қажетті қаражаттың барлығын лезде тауып берді. Айығып шыққаннан кейін сақа спортшы қатарға қайта қосылды. Сол кездері рейтингте Нұрқанат одан озып кетсе, Елдос әлі де жете алмады. Келген бетте сәуір айында Душанбеде шымылдығы түрілген Гранд-Слэмде күміс медальды мойнына ілді. Яғни Шамшадин жақсы бабына еніп келе жатқан. Бірақ әлем чемпионатынан ол шет қалды. Егер Мағжан Әбу-Дабиге барғанда сөзсіз медаль алатын еді.   

– Қазіргі кезде Қазақстан құрамасының бапкерлері «60 кг салмақ дәрежесінде Олимпия ойындарына кімді апарсақ?» деп бас қатырып жүр. Осы мәселеге жан­күйерлер де алаңдаулы. Сіздің ойыңызша, Парижге кімнің барғаны дұрыс?

– Ондай жағдайда олимпиадалық рей­тинг ескерілуі керек. Үздіктер тізімінде кім жоғары тұрса, ғаламдық додаға сол баруы керек. Менің ойымша, Парижде Нұрқанат Серікбаевтың өнер көрсеткені дұрыс.   

 

Әңгімелескен –

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»