Шалғай ауыл мектептерінің енді интернеті жақсарады. Олай дейтініміз, «Starlink» технологиясының көмегімен 106 мектептің интернет жылдамдығы артады. Мұндай игілікті іс республикалық ғарыштық байланыс орталығымен бірлесіп жасалды.
Мамыр айының орта шенінен бері республикалық ғарыштық байланыс орталығының сеп болуымен бірнеше мектепке «Starlink» жүйесін орнату жұмыстары басталды. Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы аталған орталықпен 145,5 млн теңге қаражатқа келісімшарт жасасқан.
«SpaceX» компаниясының спутниктік жүйесі шалғай жердегі жұртшылықтың сапалы интернетке қол жеткізуіне айтарлықтай серпін болып тұр. Әсіресе мұндай озық технология алыста жатқан ауыл мектептеріне ауадай қажет дүние. Әзірге ондағы мектептерге толыққанды провайдер орната қою қиын екені рас-ты. Бірақ құрылып жатқан жаңа жүйе мұндай кедергіге қарамай, ауыл балаларының сапалы білім алуына жол ашады. Яғни компания жер шарының кез келген нүктесіне ғаламтор желісін тарта алатынымен ерекше. Осы жобаның арқасында көптеген шалғайдағы елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізіп, білім берудің ғана емес, медицинаның дамуына да мүмкіндік алып отыр.
– Жаңа технология сымсыз, яғни спутник жүйесі арқылы интернет таратады. Мұның мүмкіншілігі зор. Қомақты қаржы жұмсалады екен деген сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ кәдімгі дәстүрлі интернет тартылғанша жаңа жүйе қызметін атқара тұрады. Қаржыландыру мәселесі облыс бюджетінен жүзеге асады, – дейді облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жұмаханов.
Қазірдің өзінде аймағымыздағы 106 мектептің 42-сі «Starlink» интернетіне қосылып үлгерді. Қалған 64 мектепті шілде айының соңына дейін қосып бітеміз дейді жауаптылар.
Ал ай сайынғы абоненттік төлеміне келетін болсақ, бір мектеп үшін 149 774 теңгені құрайды. Жылына шамамен 1 млн 800 мың теңге шығады. Бұған дейін Көкпекті аулының мектебі жылдам интернеттен жұрдай еді. Бұл білім ошағында 487 бала білім алады. Бұған дейін «Қазақтелекомның» секундына 8 мегабиттік ғаламтор жүйесін пайдаланып келген. «Starlink» орнатылғаннан соң мұндағы интернеттің жылдамдығы 10 есеге өскен көрінеді.
– «Starlink» жүйесі бізге 25 мамырда орнатылды. Мұғалімдер мен оқушылар риза. Мектебімізде 4 информатика кабинеті, онда 100 компьютер бар. Бұрынғы интернетіміздің жылдамдығы өте төмен еді. Барлық компьютерді бірден пайдалану мүмкін болмайтын. Енді, міне, мәселеміз оңынан шешілді. Оқушыларымыздың бағасын электронды «Bilimal» журналы арқылы қоямыз. «BilimLand», «TopIQ» сынды электронды қолданбаларды да жиі пайдаланамыз. Бұдан бөлек, Ұлттық бірыңғай дерекқор бар. Онда мектептің барлық керек мәліметі жүктеледі. Заманның дамыған уағында кез келген оқушы интерактивті негізде білім алғысы келеді. Әсіресе ауыл балалары. Сол себепті, осындай игі іске атсалысқан барлық құзырлы органға алғысымызды айтамыз. Жаңа оқу жылында жаңа интернет жүйесімен оқушыларымызға сапалы білім, саналы тәрбие береміз, – дейді Көкпекті жалпы білім беру мектебінің директоры Гаухартас Жаймина.
Озық жоба ойдағыдай аяқталса, онда 8,5 мыңға жуық оқушы жылдамдығы жоғары ғаламтор желісіне қол жеткізіп, білімін тереңдете алады.
Жоғарыда айта өткеніміздей, бұл жаңа технология елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілері толығымен жеткізілгенге дейін қызмет атқарады. «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін облыстың 164 елді мекеніне талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту көзделген.
Қарағанды облысы