Жетісуда аз қамтылған отбасынан шыққан балалар өңірдегі ерекше орындарға саяхаттауға шықты. Олар табиғат аясында серуендеп, тарихи мұражайларды аралады. 245 оқушы туған жеріндегі рухани шаңырақтардың шежіресіне қанығып, тұлғалар туралы мағлұмат алды. Мұндай игілікті жобалар жаз бойы жалғасады.
Балдырғандардың алғашқы сапарына таң бозынан сәт сапар тілеуге келген облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев пен облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов ақжарма тілегін арнады. «Сәлем, жаз – 2024» атты жазғы демалыс маусымының басталуымен құттықтап, естелік суретке түсті.
«Әрбір бала отбасының жылуын ғана емес, қоршаған ортаның да мейірімін толық сезіне білуі қажет. Барлық бала бақытты болуға лайықты. Қазір өңірде балалардың жазғы демалысын жақсы өткізу үшін түрлі іс-шара қолға алынып жатыр. Ата-аналар да қалыс қалмай, ұстаздармен бірлесе жұмыс істеу керек. Бала деген бақыттың бүлдіргені емес пе, олар аман болса елдің болашағы да жарқын болады», дейді М.Көлбаев.
Жалпы, облыста балаларға арналған 14 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Оның ішінде 12-сі қала сыртындағы жазғы сауықтыру орталықтары болса, қалғаны – мүгедектігі бар балаларға арналған жазғы сауықтыру орталығы мен дарынды балаларға арналған лагерь. Бүгінде облыста 1-10 сыныптағы 121 166 оқушының 102 630-ы жазғы демалыспен қамтылған.
«Оқушылар 4 бағыт бойынша сапарға шығады. Атап айтқанда, балалар Кербұлақ ауданында ағартушы ғалым Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалды мұражайын, Үштөбе қаласында былтыр ашылған Қаратал өлкетану мұражайын, Ақсу ауданындағы Ақын Сара мұражайын тамашалап, табиғат кереметі Тамшыбұлақпен танысады. Сондай-ақ Талдықорған қаласындағы Мұхаметжан Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайына, Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұражайына экскурсия жасайды. Мұндай танымдық экскурсиялар жаз бойы жалғасып, оған облыстың барлық аудан-қаласындағы оқушылар қатысатын болады», деді М.Сүлейменов.
Мектеп жанындағы лагерьлерде демалатын балалар туристік саяхатпен, еңбекпен, шығармашылықпен, интеллектуалдық шыңдаумен айналысады. Мектеп ауласына киіз үйлер құрылып, ұлттық құндылықтарға негізделген іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл ретте көгалдандыру және ата-аналарымен жұмысқа 46 507 бала қатысса, экскурсия 19 820 бала шығады. Ал үйірмелер мен аула клубына – 32 700 оқушы барса, «Жас ұлан», «Жас қыран», мектеп жанындағы тілдік мектептер мен дебаттық қозғалысқа 18 998 бала қатысады.
Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен балалар демалысына 159 млн теңге қарастырылған. Бұл мүмкіндікті 1 113 бала пайдаланбақ. Одан бөлек, 242 бала Көкшетау, Қонаев, Алматы қалаларындағы жазғы сауықтыру орталықтарында болады. Бүгінде қала сыртындағы лагерьлердің 7-еуі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қорытынды алуға өтінім беріп, рәсімделу үстінде.
«5 лагерь зертханалық зерттеулерінің қорытындысын алғанға тапсырыс берді. «Жалын» сауықтыру лагерінің құжаты халыққа қызмет көрсету орталығына тіркеуге берілді. «Шағала» сауықтыру лагерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ашылу уақыты 17 маусымға белгіленіп отыр. Алдағы уақытта 2 мемлекеттік «Тамшыбұлақ», «Қарлығаш» және 3 жекеменшік «Бастау», «Жетісу», «Қарлығаш» лагерьлері ашылады деп жоспарлап отырмыз», дейді облыстық білім басқармасының орынбасары Гүлмира Ахметова.
Облыста мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 3 771 балаға жолдама ұтып алған, оның 1 856-ы – Талдықорған қаласының балалары. Балалардың 2 847-і облыс аумағындағы лагерьде, қалғаны Алматы облысының аумағында орналасқан лагерьде демалады.
Жетісу облысы