Әдетте үлкен қалада пәтер жалдап тұратын ағайынның түптің түбінде жаңа баспанаға көшетіні белгілі. Солай сендірейік өзімізді. Иә, мұндайда артынып-тартынатын дүние көп. Көбі қажеттілікке жарайтын заттар. Әр шаңырақ мұндайда не істейді? Біз білетіндей, көп қабаттыдан екі не үш бөлмелі пәтер алған отбасы артылған затты балконға сірестіре жинайды. Мысалы, балық аулау заттары, балалардың велосипеді, көліктің қысқы дөңгелегі дегендей. Осылай жалғаса береді.
Шетелде бар үрдіс бізге енді келгендей. Ол – қойма бизнесі. Ірі сауда тауарын немесе жиһаз жинайтын емес, шағын әрі бағалы заттарды сеніп тапсыратын орын. «Sandyq» ЖШС басқарушысы Мирас Сәбитовтің айтуынша, бұл бизнес түрі Астана мен Алматы қаласында бар. Көлемі 2-3 шаршы метр ғана болатын әр қоймаға адамдар артық мүлкін тапсырып, ақысын төлейді.
«Біз де шетелдегі тәжірибеге сүйендік. 2020 жылы осы кәсіп ойға келіп, қолға алдық. Бүгінде Астана қаласынан төрт жерден орын ашылды. Әр қойма, біздің тілмен айтқанда «ячейка-ұяшықтардың» барлық қосындысы – 3 100 шаршы метр. 13 адам тұрақты жұмыс істейді. Қоймаға тапсырыс беретіндердің көбі – пәтерден-пәтерге көшіп жүрген адамдар. Қоймаға келіп, арнайы QR-код арқылы есік ашып, өзінің керекті тауарларын алып, қайта салып кетуге де болады. Біз оны база арқылы сырттай ғана қадағалап, кім келгенін, қандай зат алып кеткенін көріп отырамыз. Яғни нысан толық бейнебақылаумен жабдықталған. Алдағы уақытта өзге қалаларда да дәл осындай бизнесті іске асыруымыз мүмкін», дейді ол.
Мұндағы қоймалардың әрқайсысының көлемі әртүрлі. Үлкен көлемділері де жетерлік. Төлемақысы да әртүрлі.
«KANSUL» жеке кәсіпкерлігінің құрылтайшылары Қанат Үмбеталинов пен Сұлтан Ошақбаев та жыл басында 1 400 шаршы метрді жалға алып, дәл осы кәсіптің басында жүр. Жастық жігердің арқасы болар, бұл қоймаға да астаналықтар үлкен сенім білдіреді. Кәсіп иелерінің айтуынша, жоба құны 60 миллион теңгеге жуықтаған.
«Әрине, азаматтар жаңа пәтерге көшкен соң ішін жаңа жиһазбен толтырғысы келеді. Мұндайда бұрын қолданбаған, тіпті су жаңа заттар жиналып қалады. Сосын біздің көмегімізге жүгінеді. Шағын қоймаларды жалға алу әрі кетсе 1 жылға 100 мың теңгеден асады. Бір айға ғана жалдаса 4 000-5 000 теңгеге шығуы мүмкін. Демек күніне 140-160 теңгеден жалға аласыз деген сөз», дейді Сұлтан Ошақбаев.
Қалаға қоныс аударып, пәтер табылғанша барлық затын осында орналастыратындар көп екен. Кәсіпкерлердің сөзіне сүйенсек, сатылымға шығатын заттарын, яғни онлайн саудамен айналысатын кәсіпкерлер де осында импорттық тауарларын орналастырады. Өйткені олардың заттарына көп орын қажеті жоқ.
«Мысалы, бізде бір тапсырыс беруші бар. Жеке стоматологиялық бизнес ашқан. Енді оған келетін импорттық дәрілік препараттар мен қосымша құрылғыларды ұдайы бізге сеніп тапсырады. Содан соң қалағанынша керектісін қоймадан алып кетеді. Сонымен қатар Қытай немесе Түркиядан онлайн тауар алдырып, бизнес жүргізіп жүргендер де қызметімізге жиі жүгінеді. Мысалы, киім-кешек, балалар ойыншығы немесе түрлі тұрмыстық бұйымдар. Олар дүкенді жалға ала алмайды, себебі олардың жалға алу құны тым қымбат. Ал кейбір студенттер жазғы каникулға аттанғанда, пәтерін босатып, қыстық киім, жеке мүліктерін сақтауға тапсырады. Жоғарыда айтқандай, қойма бағасы қолжетімді», дейді олар.
Қос қоймада да өрт қауіпсіздік ережелері сақталған. Ылғалдылыққа қарсы, яғни заттарды өз температурасында құрғақ сақтауға кепілдік берілген. Жеке күзет қызметінен бөлек, барлық жерге бейнебақылау орнатылғанын байқадық. Онсыз болмайтыны да белгілі. «Халық сеніп тапсырған затқа мұқият болу керек», дейді жеке кәсіпкерлер.