• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Архив 13 Маусым, 2024

Британия архиві: Шоқайға қатысты құжат

285 рет
көрсетілді

Жақында Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжат­та­ма және кітап ісі комитетіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітап­тар ұлттық орталығының мамандары Лондон қала­сында орна­ласқан Британия ұлттық архив қорына барып, қазақ тарихына қа­тысты деректер іздестірді. Нәтижесінде, еліміз тарихына қа­тысты 15 қолжазба мен 500-ге жуық архив­тік құжат көшірмесі алы­нып, құнды деректер орталық қорын толықтырды. Осы орайда, қарт құр­лыққа сапарлап барған ізденуші топтың мү­ше­сі, Қолжазбалар және сирек­ кітап­тар ұлттық орта­лығы Ғылы­ми зерттеу жұмыс­та­рын ұйым­­­­дас­­­­тыру бөлімінің жетекші сарап­­шы­сы, тарих ғы­лым­­да­рының канди­даты Гүлсім Бисе­но­ва­мен әңгіме­лес­кен едік.

– Гүлсім Алдабергенқызы, Қолжазбалар және сирек кітап­тар ұлттық орталығының ма­ман­­дары соңғы жылдары шет мем­ле­кеттерден қазақ тарихына қатыс­ты құнды деректер жинау­мен айналысып жүр. Орталық маман­дарының Ұлыбританияға барған сапары туралы айтып берсеңіз?

– Орталық мамандары «Архив –­­ 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында нәтижелі жұмыс атқарып жатыр. Яғни шет мемлекет қорла­рынан халқымыздың өткен тарихына қатысты небір құнды мәлімет тауып, оларды сараптамадан өткізіп, ғылыми айналымға енгізу ісімен тұрақты айналысуда.

Ал Ұлыбританияға сапарымыз Мәдениет және ақпарат министрлігі,  Сыртқы істер министрлігі, сонымен қатар Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен жүзеге асты. Орталық мамандары әуелі Ұлыбританияның ғылы­ми мекемелері: тарихи деректі құжаттарға бай кітапханалар, зерт­­­теу орталықтары һәм ұлттық архив мекемесі қатарлы орындармен онлайн байланыс орнатып, халқымыздың тарихына қатысты тақырыптарды таңдадық. Мақсат-мүддемізді түсінген ұлы­британиялық мамандар барынша қолдау көрсетті. Атап айтар болсақ, Британия ұлттық архивінің халықаралық байланыс бөлімінің басшысы доктор Джульетт Десплат Қазақстан тарихына қызығушылық танытып, көп көмектесті.

Біз алдымен 1838 жылы іргесі қаланған Ұлыбританияның ұлт­тық архив мекемесіне бардық. Бұл жерде 1000 жылдық мерзімді деректер сақтаулы екен. Ал қор тізбесіне тіркелген құжаттар саны – 11 миллионнан астам. Мұнда еуропалық этностармен қатар, араб, осман-түрік,  парсы тілдеріндегі маңызды құжаттар архив қорының құнды бөлігін құрайды екен.

– Еліміз тарихына қатысты қан­дай құжат таптыңыздар?

– Британия ұлттық архив қорында бүкіл түрік әлемінің тарихи тұлғасына айналған Алаш арысы Мұстафа Шоқай туралы жазылған Англияның Орталық Азияны зерттеу қоғамының баян­хатын тап­­тық. Бұл баянхатта: «М.Шоқайдың қызметі мұсылман халқының санасын оятуға бағытталған... Ол – барлық күш-жігерін күллі Түркістанды біріктіруге арнаған тұлға» деген мәлімет берілген. Сондай-ақ аталған қазақ қайрат­кері хақын­да пікір білдірген француз ғалымдары А.Беннигсен мен Ш.Лемерсье-Келькеже, тағы басқалардың естелік жазбасы бар екен. Олар Мұстафа Шоқайды Орталық Азияның саяси өмірінде маңызы зор тұлға деп танып, Қоқан автономиясының негізін қалаушы деп баға беріпті.  

Британия ұлттық архив қо­ры­­­­­ның Сыртқы істерге қатыс­ты­­ бө­лі­мінде қазақ қайраткері М.Шоқай­­ға қатысты «FO248/1318 Correspondence: Turkestan – Turkey. Vol.44. Date 1920» деген атпен ағылшын тілінде сақталған құжат­ты кездестірдік. Бұл құжатта 1919 жылы Түркістан автономиясы тара­тыл­ғаннан кейін Баку арқылы Тифлис шаһарына (Тбилиси) ­табан тіреген М.Шоқайдың саяси-ғы­лыми баспагерлік қызме­тіне қа­тыс­ты маңызды мәліметті тап­тық.

– Бұдан басқа қандай деректер кездесті?

– Бұдан басқа тағы бір елеулі құжат – алғашқы қазақ шығыс­та­ну­шы­сы, ағартушы, қоғам қай­раткері Серәлі Мұңайтбасұлы Лапинге қа­тыс­ты дерек. Бұл тұлға туралы Брита­ния ұлттық архив қорындағы Әскери операциялар және әскери бар­лау басқармасы бөлімінде  ағыл­шын тілінде «WO 106/61 «Anti– bolshevik – Shere Ali Mury Aitbas Lapian» («Большевиктерге қарсы – Серәлі Мұңайтбасұлы Лапин ісі») атты архивтік құжат сақталған. 

Бұл кісі Сыр елінің тумасы. Араб, парсы, тағы басқа  Шығыс тіл­­­­­дерін жетік меңгерген. 1917 жыл­дың қазан айына дейін Таш­кент­­тегі мұсылман ұйымы­­ның бас­шысы қызметін атқарып тұрып, Қоқан­да жарияланған Түркістан авто­­но­миясы күшпен тара­тыл­ған­­нан кейінгі тағдыры да сипатта­ла­ды.

Бұл тұлға тұңғыш рет Гури-Эмир, Регистан, Шаһи-Зин­да кешен­­дері мен Көкілташ медре­се­сінің көне архитектуралық ескерт­кіш­тер­дегі ежелгі араб-куфи калигра­фия­сымен жазыл­ған мәтіндерді оқып, оларды орысшаға аударып, ғы­­лыми айна­лымға енгізген. Осы кісі­­нің ізденісі арқасында Регистан ансам­бліндегі Шери-Дор, Тилля-Кари медреселерін әйгілі қазақ қай­рат­кері Жалаңтөс баһадүрдің сал­­дыр­­ғаны анықталып отыр. Соны­мен қатар Серәлі Мұңайт­басұлы «Шаһнама», «Туһрат әл-Хани» дас­тан­­дарының парсы тілін­де­гі байыр­ғы қолжазбала­рын тауып,­ ғылыми айналымға қосқаны тағы бар.

– Сіздер жоғарыдағы дерек­тер­­дің тұпнұсқасын емес кө­шір­­­­месін әкел­ген боларсыздар. Ал­да­ғы уа­қыт­­тағы жоспар­ла­ры­ңыз қандай?

– Алдағы күндері Британия ұлттық архив қорларынан көшір­­мелері алынған тарихи тұлға­ла­рымызға қатысты құнды құжат­тар­д­ы  қазақшаға аударып, қолда бар деректермен байыта отырып, ғы­лыми айналымға енгізуді жос­пар­лап отырмыз.

 

Әңгімелескен –

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»