• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Маман 14 Маусым, 2024

Анаға да, балаға да қамқор

70 рет
көрсетілді

Ана мен баланың саулығы – тұтас ұлттың амандығы деген сөз. Бұл ақ халат киген акушерлердің бойтұмар сөзі, ұстанымы. Әу баста тележурналист боламын деген арманын анасының бір ауыз өтінішімен медицина маманына алмастырған акушер-гинеколог Жарқын Нұркеева осы күні өз кәсібінің кәнігі майталманына айналып үлгерді.

Жарқын Сыздыққызы бұл жолда үздіксіз оқыды, тынымсыз еңбектенді. Анасының «біздің үйге бір дәрігер керек», деген бір ауыз сөзін жерге тастамаған ол «анам, қолымнан келетінін білген екен ғой», дейді. Бала кезден келе жатқан арманы – тележурналист болу еді. Содан болар алдына алаңдап келген жүкті аналардың алдымен жылы сөзімен жанын шуаққа бөлейді. Сосын барып қана ем-домына кіріседі.

Осылайша, Жарқын­ Сыздық­қызы 1996 жылы Қарағандының медициналық инсти­ту­ты­ның жалпы меди­ци­на­лық факультетіне оқуға түскен. 2002 жылы емдеу факультетінде аку­шер-ги­не­­колог ма­ман­дығын терең­де­тіп оқып, одан кей­ін тағы бір­ жылдық білімін интернатура арқылы жетілдірді. Білім алып жүріп, практикаға да қатысып, тәжіри­бесін әбден толықтырған жас мейіргер ісі дипломына қол жеткізген соң алғашқы еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы орталық аурухананың босану және гинекология бөлімшесінің меңгерушісі болып бастады. Сонда бес жыл еңбек етіп, екінші дәрігерлік категориясын алды. Аудандық ау­ру­ханадан бі­лік­­­­тілігін мо­­лай­­тып алған ол қайта Қара­­ған­ды­ға қоныс ауда­р­­­ды. Об­лыс­­тық пер­­­­­­­зент­ха­нада 2022 жылға дейін аку­­­шер-гине­­ко­лог бо­­лып еңбек етеді. Осы уа­қыт ара­лы­ғын­д­а аймаққа мықты аку­шер ре­тінде аты таныл­ды. Жүкті ана­лардың бар­лығы тәжірибесі толыққан, ана мен бала денсау­лы­ғының білгірі болған Жарқын Сыздыққызын арнайы іздеп келеді екен. Еңбегі еленіп, жо­ғары санаттағы дәрігер атанды. Жарқын Сыздыққызы 2022 жылдан бастап №2 перинаталдық орталықтың меңгерушісі. Яғни білгір маман, білікті басшы При­шах­тинскідегі перзентханаға жетек­шілік етіп отыр.

Жарқын Сыздыққызының медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі – 25 жыл. Осы бір жылдар уағында қаншама қызықпен де, қиындықпен де бетпе-бет келген.

Жұмысына алғаш кіріскен жылы шалғай ауылдағы бір ана­ның толғағы жетіп, өз көліктері­мен аудан орталығына келе жатады. Күн болса, 40 градус аяз. Оған алаңдаған жас акушер жедел-жәрдем көлігімен оларға қарсы бет алады. Содан орта жолда кезігіп, жедел-жәрдем көлігінің ішінде аспай-саспай аман-есен босандырады. «Дегенмен, сол жолы жауапкершілікті қатты сезіндім. Сыртта аяз қысып тұр. Аса қатты керек-жарағымыз да жоқ. Бір өзім ғана. Оның үстіне енді ғана жұмысқа қабылданған кезім. Содан бастап әр ана мен балаға үлкен жауапкершілікпен, аса ұқыптылықпен қарау керегін түсіндім. Өйткені бір емес, екі адамның денсаулығы мойыныңда тұрады», дейді білікті акушер.

Түрлі қызықтарға да тап болып жатады. Әсіресе  ақ көйлекпен келген қалыңдықты босандырып алғанын әлі қызық қылып айтады. «Сол жолы жедел-жәрдем көлігі құйғытып келіп, сигналын қайта-қайта баса берді. Ішіндегі жүргізуші «келін келді, келін келді», деп дауыстап шықты. Біз түсінбей тұрмыз. Сөйтсек, тойда отырып толғағы жеткен келіншек екен. Перзентханаға кәдімгі ақ көйлекпен кіргізіп алдық. Аман-есен босанды. Оны естіген тойда отырған туыстары перзентханаға келіп, әрмен қарай думандатқан. Осы бір ерекше сәт есімізде», деп жылы естелігін жымиып жеткізді абзал жан.

Ардақты акушер жыл сайын білімін жетілдіріп, тәжірибесін тереңдетіп отырады. Үнемі ізденіс үстінде. Онсыз тағы болмайды дейді. Өйткені медицина ғылымы да көз ілестірмес жылдамдықпен дамып келеді. Озық технологияны оқып, білуді өзіне талап етіп қойған. Әр жылы Израиль, Түркия, Ресей елдеріне барып, арнайы курстарды оқыды. Ол мемлекеттердің ана мен бала денсаулығына қалай қарайтынын, қандай көмек көр­се­те­тінін оқып-тоқиды. Сол арқылы тәжірибесін байытып, кәсібилігін шыңдайды.

Жарқын Сыздыққызының көп жылғы еңбегі елеусіз қалған емес. «Алтын дәрігер» медаліне, «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болған. Алдыңғы жылы министрліктің «Денсаулық сақтау саласының үздігі» мәртебелі марапатына қол жеткізген.

Еңбек жолында мұндай биік дәрежеге қол жеткізуіне өмір­лік жолдасының да қолдауы бар. Мұны акушер бізге былай жеткізді: «Жан-жарым екеуміз сонау студент кезімізде отау құр­дық. Өмірдің әр баспалдағын содан бері бірге басып келеміз. Ол маған, мен оған қолдау білдіремін. Өйткені жауапкершілігі жоғары жұмыстың ауыртпашылығы әрдайым басым болады. Жолда­сым да медицина саласында ең­бек ететіндіктен, бір-біріміздің жанымызды түсінеміз».

Иә, жолдасы Самат Нұркеев те облыстық клиникалық ауруха­на­ның білікті проктологі, хирургі. Жоғары санаттағы дәрігер. «Алтын дәрігер» медалінің ие­гері. Бір шаңырақтың ас­тындағы екі бірдей «алтын дәрігер» бір ұл, бір қыз тәр­биелеп отыр. Ұлы Нұрәли Назарбаев интел­лек­туалдық мек­тебі­нің 10-сыныбын бітірді, қызы Жансұлу «Мұрагер» мек­тебінің 5-сыны­бын тәмамдады. Екеуі де ата-аналары секілді «алтын дә­рігер» атанып, емделушілерге ши­па дарытқысы келеді.

 

Қарағанды облысы