Импорттық өнімдерді отандық тауарлармен алмастыру, экспорттық әлеуетті арттыру саясатының нәтижесінде, елімізде көптеген инновациялық өндіріс орындары пайда болды. Соның бірі «Бал Текстиль» ЖШС кілем тоқу фабрикасы. Мұндай кәсіпорынның Шымкент қаласынан ашылуы заңдылық. Өйткені республиканың оңтүстік өлкесіндегі алып мегаполис ежелден еліміздің тоқыма өнеркәсібінің отаны саналады. Бұл бір жағынан жұмыс күшінің жеткілікті болуынан болса, екіншіден көршілес Түркістан облысының мақташылары шаһардағы тоқыма кәсіпорындарын қажетті шикізатпен қамтамасыз етіп отыр. Оның үстіне жергілікті атқарушы биліктің бизнеске қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруы да жеңіл өнеркәсіптің жылдам өсуіне негіз қалады.
Компания басшысы Талғат Ысқақовтың айтуынша, «Бал текстиль» кілем және кілем бұйымдарын шығаратын еліміздегі тұңғыш фабрика болса, Орталық Азияда да ең ірі кілем тоқу кәсіпорындарының біріне кіреді. Өндіріс орнының тарихына тоқталсақ, 2013 жылы «Индустрияландыру картасы» аясында Шымкентте орналасқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан ашылды. Өз кезегінде арнайы экономикалық аймақтың құрылуы елімізде тоқыма өнеркәсібін дамытуға арналған болатын. Бүгінгі таңда тоқыма фабрикалары шоғырланған бұл аймақта кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан бар жағдай жасалған. Мәселен, импорттық шикізатқа салық пен кедендік баж салығы бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Бұдан бөлек инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар кәсіпорын алаңына дейін тегін тартылады. Міне, осындай қолдаудың нәтижесінде, кілем бұйымдарын шығаратын кәсіпорын қысқа мерзімде өндірісті алға қойып, көптеген шетелдік әріптестерімен серіктестік орнатуға мүмкіндік алды.
«Өзім жастайымнан кәсіпкер болсам деп армандайтынмын. Жай алып-сатумен емес, нақты бір елге пайдасын тигізетін зат шығарсам деген мақсатым болды. Сол идеямнан өмірге осы «Бал Текстиль» компаниясы келді. Қазір кілем тоқу фабрикасы мамандандырылған үлгідегі отандық өндірісті дамытуға үлкен үлес қосып жатыр. Неліктен кілем бұйымдары өндірісінің бизнесіне тоқталдым деген сауалға жауап берсем, басында мен саудамен айналыстым. Сырттан кілем бұйымдарын әкеліп саттым. Сонда тұтынушылардың әдемі қалы кілемдерге сұранысы жоғары екенін байқадым. Шымкент қаласында арнайы экономикалық аймақтың ашылуы көптен бері ойымда жүрген жоспарларымды жүзеге асырудың керемет сәті болды. Ірі кәсіпорын құру үшін демеу болатын инвестициялық қаржы қажет екені белгілі. Осы орайда, табысты келіссөздердің нәтижесінде, менімен серіктес болуға уағдаласқан инвесторлар табылып, екі тараптың күшімен осы бүгінгі зауыттың іргетасы қаланды» деді кәсіпорын басшысы Т.Ысқақов.
Айта кету керек, алғашқы 8 жыл ішінде компания 4 кезең бойынша дамыды. 2018 жылы 3-цех пайдалануға берілсе, 2021 жылы 4-цехтың құрылысы аяқталды. Осынау ауқымды кеңеюлер арқылы бой көтерген цехтарда заманауи құрал-жабдықтар пайда болып, өндіріс күшінің артуына байланысты көптеген жаңа жұмыс орындары ашылды.
Кәсіпорын құру да оңай емес. Сондықтан бастапқы кезде біраз қиындықтардың болғанын айтады компания басшысы Т.Ысқақов. Мәселен, өнімді өткізу мәселесінде қиындықтар туды. Себебі алғашында өзіміздің азаматтар отандық кілемді көріп таңғалғанымен, оның сапасы импорттық баламамен салыстырғанда бір мысқал да кем түспейтініне шамалы күмәнмен қарапты. Әу баста ішкі нарықты шетелдің кілемдері жаулады. Оның ішінде түрік кілемдері болды. Жұрт сол импорттық тауарларды біразға дейін артық көріп жүрді дейді. Бірақ атқарушы билік әрдайым отандық өндірістің өрістеуіне қолдау көрсетеді. Соның нәтижесінде, кәсіпорын іске қосылған соң тез арада аяққа тұрып кетті. Тіпті бүгінгі таңда шетелден келетін инвесторлар мегаполистің өндірістік әлеуетімен танысу үшін арнайы экономикалық аймағына барып, кілем тоқу фабрикасына соқпай кетпейді. Сонымен бірге Президент тапсырмасына орай жүзеге асырылып жатқан қуатты өңірлер стратегиялық жоспарын орындау мақсатында жергілікті өндіріс орындарының хал-ахуалын зерделеу үшін үкіметтік деңгейдегі атқарушы билік өкілдері де «Бал текстиль» кілем тоқу фабрикасына жиі бас сұғады.
Аталған серіктестік айналдырған он жылдың ішінде-ақ Қазақстандағы жоғары сапалы және қымбат емес кілемдер шығаратын ірі өндірушіге айналды. Осыған қарап фабриканы шын мәнінде еліміздегі кілем өнеркәсібінің көшбасшысы деуге болады. Кәсіпорын тек ішкі нарықты тауарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемнің 10 елінің де нарығын бағындырды.
Компания басшысы «Бал Текстильдің» өндірістік бағдарламасы екі бағытта құралғанын айтады. Ол кілем және кілем бұйымдарын өндіру мен полипропилен жіптерін шығару.
«Біздің компания «BCF», «Heat-Set», «Frize» сауда маркасымен кілемдер тоқиды, сонымен бірге полипропилен жіптерін шығаруды жолға қойдық. Өндіріске қажетті шикізат өзімізде болмағандықтан тікелей Түркия, Бангладеш, Үндістан, Ресейден және тағы да басқа елдерден алдырамыз. Кілемдер Бельгияның «Michel Van De Wiele» деп аталатын жоғары технологиялы жабдығында өндіріледі. Осы күнде «Бал Текстиль» фабрикасы өндірістік желісіне 16 «Michel Van De Wiele» тоқыма станогін орнаттық» деді Т.Ысқақов.
Ал полипропиленді синтетикалық жіптер Oerlikon Neumag (Германия), Allma Volkmann (Франция), SUPERBA (Франция), Ornek Makina (Түркия) фирмаларының соңғы үлгідегі жабдықтарында иіріледі.
Жалпы кәсіпорын 2015 жылдың өзінде кілем өндіруге, сондай-ақ полипропилен жіп шығаруға арналған Heat Set, BCF, Freeze секілді станоктарды іске қосқан. Сол арқылы фабрикадағы кілем тоқу машиналарының қуатын толық пайдалануға мүмкіндік туды. Компания кілем тоқу ісіне қажетті жіпті де өздері өндіретін болғандықтан шикізатқа деген тәуелділіктен біршама арылды. Бұл өз кезегінде өндірілетін кілем бұйымдарының ассортиментін кеңейтуге, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге жол ашты.
Серіктестік басшысының мәлімдеуінше, кілем және кілем бұйымдарының өндірістік қуаты жылына 7 миллион шаршы метрден асады екен. Ал полипропилен жіптерінің өндірістік қуаты жылына 4 мың тоннаны құрайды.
Он жылдан астам уақыт ішінде «Бал Текстиль» компаниясы тұтынушылар тарапынан үлкен сенімге ие болуымен қатар өндірістік салада да қомақты табыстарға қол жеткізді. Ендеше, сол жетістіктерді қысқаша санамалап шықсақ, мәселен, 2013 жылы серіктестік еліміздің ең ұсақ кәсіпорындарының «ТОП 20» қатарына кірді. 2014 жылы отандық тауар өндірушілер арасында өткізілген «Алтын Сапа» байқауында «Бал Текстиль» ЖШС өнімдері «Халықтың үздік тұтыну тауары» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. 2015 жылы біз аймақтағы орта бизнес субъектілері арасында «Үздік салық төлеуші» деген номинацияны жеңіп алды. 2016 жылы Швейцарияның Женева қаласында өткен халықаралық конвенцияда «Үздік сапа» аталымы бойынша «Алтын Жұлдыз» - ISAQ сыйлығына ие болды. 2017 жылдың маусым айында «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық байқауында «Үздік тұтыну тауары» номинациясымен жүлделі I орын иеленді. 2018 жылы «Алтын Cапа» байқауында «Халық тұтынатын үздік тауар» номинациясы бұйырып, арнайы сыйлықпен марапатталды.
«Кең ассортимент пен қолжетімді бағалардың нәтижесінде, біздің кілемдеріміз ТМД елдерінде ғана емес Еуропа нарығында да үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Мәселен, біз әлемдегі ең ірі тұрмыстық тауарларды сататын сауда желісі IKEA-ға өнім жеткізуші ретінде Қазақстан атынан ендік. Біздің өнімдер ұлттық стандарттарға, СТ-KZ талаптарына, сонымен бірге халықаралық ISO 9001-2009 стандарттарына толығымен сәйкес келеді. Фабрика жұмысшыларына да бар жағдай қарастырылған. Мүмкіндігінше әлеуметтік мәселелерін шешуге тырысамыз. Сол үшін жұмыстан арнайы автобус бөлгіздік. Ол күн сайын жұмысшыларды еңбек кестесі бойынша фабрикаға әкеліп, қайта үйлеріне тасымалдайды. Бұдан бөлек, кәсіпорында әлеуметтік талондар қарастырылған. Онымен қаладағы ірі сауда дүкендері желісінен үйге қажетті азық-түлік тауарларын алуға болады. Сондай-ақ жаңадан жұмысқа қабылданатын азаматтарға тәжірибелік сынақ мерзімінде қосымша ақы төленеді. Егер талабы жақсы болып, әрі қарай біліктілігін арттырғысы келсе, шетелде тегін білім алуға мүмкіндік бар. Ең бастысы, кәсіпорында жұмысшылар үлкен ұжым болса да өздерін бір үйдің балаларындай сезінеді. Еңбеккерлердің бір-бірімен сыйластығы, жұмысшы мен басшылықтың арасында құрмет біз үшін өте маңызды. Сондықтан да бірлігі бекем, татулығы тонның ішкі бауындай ұжым құру біздің басты мақсатымыз болып қала бермек», деді Т.Ысқақов.