Тоғыз жыл бұрын түсіріліп, жарыққа шыға сала «жылдың үздік фильмі» атанып, Оскарды иеленіп, шартараптағы киносүйер қауымды әлі күнге тамсандырып келе жатқан «Ойжұмбақ» анимациялық туындысының жалғасы болатыны жарияланғанда, әлем көрермені оны асыға күтті. Атағы дүркіреген фильмнің бірінші бөлімін әлемнің көптеген елі жалма-жан өз тіліне аударып алып, ұрпағының дұрыс дамуына кәдеге жарайтын көмекші құрал есебінде ұсынып жатты. Әлемдік кинематографияның табысты туындыларының бірі саналатын «Ойжұмбақ 2» фильмінің қазақ тіліне тәржімаланып, қазақтілді аудиторияға жол тартуы – руханиятымыздағы елеулі оқиға. Кино әлеміне нағыз жаңалық болып енген фильмді қазақтілді көрерменге жеткізу үшін Disney студиясы дубляжды алғаш рет өз есебінен қаржыландырып отыр.
Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы, сүйікті фильмдердегі өзімізге жақсы таныс кейіпкерлердің бізбен бірге бір тілде сөйлеуі – өте маңызды қадам. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Disney студиясының бұл бастамасына қолдау білдірді және оны басқа да контент жасаушыларға үлгі болатын өте жақсы бастама деп таниды.
«Фильмдерді әртүрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясындағы контент әзірлеу жұмысының ажырамас бөлігі әрі бұрыннан қалыптасқан үрдісі. Сол себепті Disney Character Voices International ұжымы әр фильмнің түрлі тілдерге аударылған 30-ға жуық нұсқасын әзірлейді. Осы нұсқалардың әрқайсысындағы кейіпкерлердің бірегей бейнесін сақтай отырып, оны көрермендерге «жақын» әрі түсінікті етіп аударатын, дубляждайтын дарынды шығармашылық кеңесшілер мен техникалық мамандар тобы жұмылдырылады», дейді Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД елдері, Грузия және Моңғолиядағы Disney компаниясының бас директоры Кахабер Абашидзе.
Disney мен Pixar студияларының «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі жасөспірім шаққа аяқ басқан Райлидің өзгеріске түсіп, қалыптаса бастаған мінезін шытырман оқиға желісімен баяндайды. Жасөспірім болу оңай емес. Өз болмысына үңілу, әлеуметтік ортаны тану, үлкендермен түсінісе алмау – кереғар сезімдердің қайшылығында жүріп, өзіне беймәлім әлемнің жетегіне ерген жас қыздың жан арпалысы әр адамға таныс. Балалық шақ пен ересек өмірдің өлара кезеңінде тұлғалық тұрпаты жаңа қасиеттермен толыға бастағанда, жасөспірімдер өзіне ұқсамай, ата-анасының көз алдында басқа адамға айналады. Бойжетіп келе жатқан қыз өзіне бейтаныс эмоцияларды қабылдай алмай, сана қауашағында күн сайын қарсыласып, арпалысқа түседі. Фильмнің бірінші бөлімінде жасы 11-де болған әдемі Райли 13-ке қадам басқан шақта бетінде сүйкімсіз бөрткен безеу пайда болып, қисық тістері брекетке байланып, жаңа көңіл күй реңктерін қабылдауға дайын болмай, ішкі дағдарысын сыртқа көрсеткісі келмей тырысып бағады-ақ. Бұған дейін Райли көрерменге қуаныш, мұң, ашу, қорқыныш сезімдерінің арпалысында көрінсе, «Ойжұмбақ 2»-де ойы да, бойы да өсіп келе жатқан оның мінезіне мазасыздық, қызғаныш, үрей, ұят, енжарлық, жиіркеніш келіп қосылып, мидағы «штаб-пәтерде» шиеленіс, бүлік басталып, түрлі эмоциялардың құрсауында қалған жасөспірім қызға мінезін басқару қиынға соғады. Ойы мен әрекетінің арасында дұрыс таңдау жасай алмай қиналып жүргенде, басқалардың алдын орап көшбасшылық міндетті өз қолына алған үрей қызды біржола билеп алады. Бұрынғы таныс эмоцияның бәрін тықсырып, Райлидің сенімін тас-талқан етіп, «қолымнан ешнәрсе келмейді», «мен адамның қорымын, сорымын» деген кертартпа оймен өзіне тәуелді етіп тұқыртып алмақ. Үрей Райлиді жақсы көргендіктен, күллі жамандықтан қорғап тұрмын деп ойлайды. Бала қиындыққа кезігіп күйзелгенде, осылай ойлауы заңды да, бірақ үрей тіпті де жаман сезім емес. Үрейлендіріп жүріп бейсаналы түрде адамның бойындағы жігер мен батылдықты қалай оятатынын өзі де білмейді ол. Бұл мінез жалғыз Райлиге ғана емес, қасындағы сыныптас құрбыларына да тән. Бірінші бөлімдегі тақырыпты тереңдете келіп, режиссер Келси Манн есею жолындағы екінші бөлімді сюжет жағынан да, идея жағынан да байытып, адамның қалыптасу кезеңіндегі жұмбақтың сырын әсерлі баяндайды.
Әр эмоцияның сыртқы бейнесін кейіптеу үшін режиссер тың тәсілдер тауып, визуалды образдар жасаған. Мысалы, ашу күйдірілген кірпіш сияқты қып-қызыл, жиіркеніш өзіне тән исі бар өңезденген брокколиге ұқсас жасыл түсті, көзінен жас арылмайтын мұң теңіздің ішінен тербеліп шыққандай көкпеңбек, екі иығы салбырап, еңсесі түсіп, кескен теректей торығып төсекте ұзыннан түсіп жатқанның енжарлық екенін бірден тануға болады, ал қуаныш – аспан көгінде жарқырап жол көрсетіп тұрған жұлдыздың өзі дерсің.
Бұл фильмді жасөспірім шақта қиындықпен бетпе-бет келетін әр оқушының көргені маңызды. Ата-анасы жанынан табылып, отбасы бірге отырып тамашаласа, тіпті жақсы. Мінезі өзгеріп, жан дүниесінде құйын соғып, алай-дүлей алапат сезімдермен жалғыз өзі алысып, кей шақтарда дәрменсіздік танытып, тұйықталып қалатын балалардың тұлғалық қасиетін ұштап, үлкендермен қарым-қатынас жасаудың әдебін меңгеруге, күрделі кезеңнің қиындығын жақындарымен бірге еңсеруге Disney-дің жаңа туындысы сөзсіз жәрдемге келеді. Анимация авторларының эмоциялар тайталасындағы шындықты табысты жеткізгені – фильмнің басты жетістігі.
Басты мәселе – Disney өзі қолдау танытып, қазақша сөйлеткен туындылар тағы да жалғасын табуы үшін қазақтілді көрерменнен қарымта жауап болуы керек. Бұл іргелі бастаманың алдағы уақытта жалғасы болу-болмау мүмкіндігін, «Ойжұмбақтың» орыс тіліндегі «Головоломкамен» бәсекеге түсе алатын қабілетін тап осы қазақтілді ортаның белсенділігі анықтайтын болады. Disney қойып отырған талапқа қазақ көрерменінің сұранысы сай келіп, кинотеатрлардың залдарынан ине шаншар бос орын қалдырмай, лық толтырып тастаса, әйгілі компания өз өнімдерін аударатын тілдердің қатарына қазақ тілін де енгізетін көрінеді. Бұл америкалық кинокоманияның табысын қамтамасыз етуден бұрын қазақ тілін қолдауға бағытталған игі бастама екенін түсінген абзал. Тілге келгенде қашанда қыл үстінде тұратын бастаманың алдағы тағдыры – әр намысты қазақтың өз қолында!
«Қазақстандық көрермен мемлекеттік тілде көрсетілетін Disney премьераларын қашанда ерекше ықыласпен қарсы алады. Үлкен экрандардан қазақ тілінде көрсетілген «Моана», «Көліктер 3», «Коконың құпиясы» және «Арыстан патша» (2019) фильмдерінің қатары жаңа туындылармен толықпақ. Бұл дәстүр 2024 жылы да жалғасын таппақ. Қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер де, тілді енді үйреніп жүргендер де сапалы дубляждалған фильмдерді тамашалаудан ләззат алары cөзсіз», деп пікір білдірді Қазақстан аумағындағы Disney фильмдерінің ресми дистрибьюторы, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко.
– Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі бағыты Disney компаниясының ұстанымымен үндес келеді. «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдегі контент қорын, атап айтқанда, бала тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға әрі маман болып қалыптасуына керек мазмұн қорын арттыруға басымдық береді. Әлемдік анимация жауһарлары, қазақ тіліндегі кинопрокат бағытындағы контентті қазақ тіліне аудару бастамасын барынша қолдаймыз. Disney компаниясының бұл бастамасы өзге де контент өндірушілерге өте жақсы үлгі деп санаймыз, – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
«Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмінің басты кейіпкері Райлиді блогер Ақерке Естайқызы, Қуанышты әнші әрі актриса Гүлнәр Тілебалды, Мұңды – кино, театр және дубляж актрисасы Алма Қылмұқан, Қорқынышты – кино мен театр актері, режиссер Рүстем Жаныаманов дыбыстаған. Ninety One бой-бэндының солистері – Азамат Ашмақын мен Батырхан Мәліков, дубляждың режиссері Шах-Мұрат Ордабаев та жобаға өз үлесін қосты.
АЛМАТЫ