• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Мирас 14 Маусым, 2024

Күзгі қомырған

78 рет
көрсетілді

Ежелгі көшпелілер тұрмысында «күзгі қомырған» деген болған екен ертеде. Бұны қазіргі тілмен айтқанда, «қысқа дайындық» десек дұрыс. Яғни көшпелі халық даланың қоңыр аңы: ақбөкен, марал, қарақұйрық, т.б. жануарларды шеңберлі қоршау ар­қылы аулап, олардың етін сүр­леу арқылы келесі жазда болатын жорық асын әзірлейтін дәстүр болған.

Бұл тұста даланың қо­ңыр аңы еуразиялық кеңістікте жыртылып-айырылып жатқан. Осыларды аулау барысында әуелі мерген са­дақшылар соғыс машығын же­тілдіретін болса, екінші тараптан жоғарыда айтқанымыздай, жорық асын дайындаған.

Мысалы, Алтын Орда билеу­шілері күзгі қомырғанды қалай ұйым­дастырғаны туралы 1253–1255 жылдары қазақ даласын көк­тей өтіп, Шығысқа сапар шеккен Еуропа саяхатшысы Гильом де Рубруктің күнделік жаз­басында айтылса, италиялық жиһанкез Марко Поло: «Ұлы хан­ның (Құбылайды айтады) Баян және Минган атты ағайынды бектері бар. Олар ханның қол астындағы 20 мың аңшыны басқарады. Минган басқарған 10 мың адам қызыл түсті киім киіп, Баян бастаған 10 мың адам көк түсті киім киіп, ханмен бірге аң аулауға (қомырғанға) шығады. Ек­іге бөлінген аңшы-құсшылар күншілік жерден шеңбер жасап, аң-құстарды қыспаққа түсіреді. Дәл осы сәтті көру керемет тамаша әсер береді», деп жазыпты.

Қомырған кезінде көшпелілер жоғарыда айтқанымыздай, жо­рық асын дайындайтын болса, екінші тараптан аң аңлау барысында садақ­шылар қосыны қоңыр аңдарды атып, мергендік өнерін шыңдап, жауын­герлік машығын жетілдіретін болған екен. Бұл туралы 2006 жылы жарық көрген «Бабалар сөзі» көптомдығының 56-томы 241-бетінде:

«Қуып атып киікті,

Түтінге түтін қосқаннан.

Үш атқанша, бір атып,

Болғанша қимыл, құлатып,

Жол жағалай шұбатып,

Қырына алса, қырық атып,

Қып жүрген ісі ілгері,

Қатаған тәнті елдері», –

деп жырланған екен.