• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Маусым, 2024

Инва қызметінің игілігі

113 рет
көрсетілді

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, жақында ғана Қарағандыда мүге­дектер арбасын жөндейтін алғашқы инва қызмет көрсету орталығы ашылды. Мұндай орталық өңірімізде бұрын-соңды болмаған еді.

Енді мүмкіндігі шектеулі жерлестеріміз сырттан маман іздемейді, арбасының ақауы бар бөлшектерін басқа жақ­қа жөн­детіп, уақытын жоғалт­пайды. Жаңадан ашылған қыз­мет көрсету орталығы қажет нәр­­се­нің бәрін тегін жасайды. Егер жөндеу уақыты созылатын бол­са, орнына уақытша басқа арба береді.

Сервистік орталықтың жыл сайын 300-ге дейін мүгедектер арба­сын жөндей алатын мүм­кін­дігі бар. Орталыққа жүгінген жан­дардың арбасының кінә­ратын не себептен екенін анық­тап, бірден жөндеумен айналысады. Шеберханада арбаның орындығын жаңалау, дөңгелегін ауыстыру секілді қосымша қызметтерін пайдалануға болады. Онымен қоса, осындағы мамандар арбаны қалай дұрыс пайдалану керектігін, оның күтімін үйретеді.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбалар – мобильді болуға мүмкіндік беретін жалғыз көлік құралы. Егер ол бұзылса, айтарлықтай қиындыққа тап боламыз. Бұрын арбамның бұзылған бөлшектерін жөндету үшін Ресейге жіберетінмін. Оның жөндеуі бар, барып келуі бар, біраз уақыт алатын. Кәдімгідей қиналып қалатын едім. Ал ұсақ-түйек жөндейтін шаруалары болса, дәнекерлеушілерге, шиномонтаждағы қызмет­кер­лерге жүгінетін едік. Көбісі жөн­деу­ге келіспейтін. Өйткені бүл­діріп аламыз деп алаңдайтын. Өткен жылы мүгедектігі бар адамдардың атынан аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа қалада сервистік орталық ашуды өтінген болатынмын. Міне, біздің өтінішімізге құлақ түрді. Енді біз мұнда арбамызды жөндетуге келеміз, я болмаса шеберді үйге шақыра аламыз, – дейді облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Нияз Сүндетәлиев.

Жаңа орталықта 12 адам қыз­мет көрсетеді. Оның сегізі – мүмкіндігі шектеулі жандар.

– Қызмет көрсету орта­лы­ғында мүгедектігі бар адамдар арбасыз қалудың қандай болатынын өз басынан өткерген, мүмкіндігі шектеулі шеберлер жұмыс істейтін болады. Біз барлығы 12 адамды жинадық, оның сегізі – мүмкіндігі шек­теу­лі жандар. Жөндеу мен техни­калық қызмет көрсетуден бөлек, бізде арбаны дұрыс таңдау қызметі де бар. Сонымен қоса мамандарымыз қажет болған жағдайда келушілерге цифрлық қызметтерді алуға көмектеседі. Бұл – біздің екінші филиалымыз. Алғашқысын сегіз жыл бұрын Астанада ашқанбыз. Ондағы жұмыс өте жақсы жүріп жатыр, – дейді «ДОС» Тәуелсіз өмір» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дина Есілдинова.

Орталықтың ашылу сал­тана­тында бірлестіктің құрыл­тай­шы­лары параармрестлингтен әлем чемпионы Никита Ер­ма­ков­қа және ерекше баланың ана­­сы Гүлизар Ахметоваға зама­на­уи мүгедектер арбасын тарту етті.

– Мен жалғызбасты анамын. Батыр есімді 12 жастағы ұлымды тәрбиелеп отырмын. Бала кезі­нен сал ауруымен ауырады. Жақында біздің кіреберісте тұрған қымбат арбамызды қиратып кетті. Мен бұл жөнінде әлеуметтік желіге жазған едім. Сонда көптеген жақсы адам қолұшын созуға дайын екенін білдірді. Жақсылығын жария еткісі келмеген бір жомарт­ жүрек ағамыз серуендеуге ар­нал­ған жаңа арба сыйлаған. Міне, енді қоғамдық бірлестік бізге үй ішінде жүретін бір арба сыйлап, қуантып жатыр, – дейді Гүлизар Ахметова.

Иә, мүмкіндігі шектеулі жан­дар енді астындағы арбала­рын алыстан жөндетпейтін бол­ды. Әрі керек-жарағына осы бір орталықтың көмегімен қол жет­кізе алады. Бұл да болса инва­ор­та­л­ықтың орасан игілігі дер едік.

 

Қарағанды облысы