• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 25 Маусым, 2024

Танымал кәсіпорынның бүгінгі тынысы

279 рет
көрсетілді

Тарихы 80-жылдардан басталатын Қазалы темір-бетон зауытында теміржолға, көпір құ­ры­лысына қажетті темір-бетон балкалары, құбыр­лар, жоғары кернеулі желі­ге арналған бағаналар, сон­дай-ақ көпқабатты үй құ­ры­лысына қажет­ті темір-бетон бұйымдары­ның 60-тан астам түрі өндіріледі. Зауыт жылына 10 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын және конструкцияларды өндіруге бейімделген.

Тарихи деп отырған себебіміз, зауыт 1982–1984 жылдары салынып, іске қосылған. Сол жылдары Қандыағаш темір-бетон бұйымдарын шығару зауытының Қазалыдағы цех бөлімшесі ретінде жұмыс істепті. Ал 1986 жылы Қазалы темір-бетон бұйымдары мен конструкцияларын шығару зауыты болып өзгеріп, басшылық Қазалы стансасына көшірілген.

Тоқырау жылдары сан рет дағдарысқа ұшыраған кәсіп­орынның атауы ол уақытта да бірнеше рет өзгерді. Бірде Түркістан темір­жолы, енді бірде «Қазақстан Темір Жолы» РМК құрамындағы «Желдорстройға» қарасты мекеме болды. Атауы өзгергенмен өнім түрін өзгерт­пеген зауыт 2013 жылдан бастап «LCI-MK» ЖШС Қазалы филиалы болып жұмыс істеп келеді.

«Қазіргі кезде зауытқа тапсырыс берушілер көбейіп келеді. Бір кездері кәсіпорын өңірдегі «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының іске асуына айтарлықтай үлес қосты. Ауызсу тарту жұмыстарына сәйкес көп­теген тапсырысты орындап келеді. Сондай-ақ кезінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жол құрылысына қажетті темір-бетон бұйымдарын өндіруге 2010 жылдан бастап бейімде­ліп, қосымша құрылыстар салып, кейінгі технологиямен 18, 21, 24 метрлік көпір құрылысына қажетті темір-бетон балкаларын, құбырларды даяр­лады. Одан соң республика­лық жо­ба­ның бірі болған «Сексеуіл – Жезқазған», «Шалқар – Бейнеу» теміржол құрылысында да атал­ған зауыттың өз қолтаңбасы бар. Қазір автомобиль жолын­дағы­ көпір құрылысына қажетті қада мен құбырларды, жоғары кер­неулі желіге арналған ВЛ10кВ діңгек­терін, сондай-ақ үй құры­лысына қажетті темір-бетон бұ­йым­дарын соңғы технология­мен өндіреді» дейді аудандық кәсіп­керлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов.

«LCI-MK» серіктестігінде 80-нен аса жұмыс істейді. Зауытта арнайы өндірістік киім беріледі. Сондай-ақ зиянды цехта жұмыс істейтіндерге сүт өнімдерін беру ұйымдастырылған. Екіншіден, жұмысшы қауымның 14 жасқа дейінгі балаларына жылына бір рет Алматы қаласындағы «Маралсай» де­ма­лыс үйіне жолдама беріледі. Айта кетейік, жұмысшылардың орта­ша еңбек жалақысы 220-250 мың теңгені құрайды. Маман білік­ті­лігін арттыру мекемеде дұрыс жол­ға қойылған.

«Серіктестіктегі басшылар тарапынан Қазалы бөлімшесінің жұмыс көлемін арттыруына көп көңіл бөлініп жатыр. Қаражат көзін қарастырып, қосымша құрылыс салуға кірісті. Мысалы, ұзындығы 32 метр, әрқайсысы 20 тоннадан кө­те­­­ретін 2 көтергіш кран құрылды. Жаңа 20 текше метрлік компрес­­­­сор ста­н­сасы іске қосылды. Осыдан бі­раз жыл бұ­рын бу қазандығы цехына отын ре­тінде табиғи газды пайдалану, яғни газдандыру жұмыстары то­лық аяқталған еді. Бүгінде зауыт әкімшілігі экологияға, адам ден­сау­лығына теріс әсер тигізетін қатты отын – көмірдің орнына «кө­гілдір отынды» пайдаланып келеді», дейді кәсіпкерлік және өнер­кәсіп бөлімінің жетекші маманы Арыстанбек Қанат.

Кәсіпорында автомобиль кө­пір құ­рылысына қажетті «ВТК-33У» мар­калыаралық құрылыс бал­­ка­ларын құю технологиясы иге­­рі­ліп, қазір Орал қаласындағы кө­пір құрылысына жөнелтіліп жа­­тыр. Қосымша техника мен қон­­дыр­ғылар алып, тапсырыс пен сұраныс­қа сәйкес жұмыс күшін жыл санап ұлғайтып келеді.