Кейінгі жылдары Түрікменстан мен Қазақстан арасында мәдени-рухани байланыстар жандана түсті. Тереңнен толғасақ, екі ел халықтарын түркі, оғыз дәуірінен бастау алатын түрлі тарихи кезеңдер байланыстырады. Мәдени-рухани мұрасының ұқсастығы, туыстық тақырыбы да өте ауқымды. Иә, түрікмен мәдениетінің қазақ мәдениетімен көп ұқсастығы бар. Ежелгі заманнан бері халықтарымыз бір-біріне қолдау көрсетіп, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. Екі елді ортақ шекара, тарих, дін, мәдени құндылықтар, дәстүрлер мен әдет-ғұрып біріктіреді.
Таяуда Мақтымқұлы мәдениет паркінде күйші Құрманғазы Сағырбайұлына ескерткіш орнатылды. Алдағы уақытта Ашхабадта арнайы гүлзарға ақын Абай ескерткішін тұрғызу жоспарланған. Ал Қазақстан астанасында түрікмен ақыны Мақтымқұлы Пырағы ескерткіші бой көтереді. Енді, міне, ел астанасында Қазақстан Республикасындағы Түрікменстанның мәдениет күндері басталып отыр.
Мәдени іс-шаралардың шымылдығы Түрікменстан кино күндерімен ашылды. Күні кеше ғана «Kinopark 7 IMAX Keruen» кинотеатрында режиссер Арслан Еуебердиевтің «Истарян» көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Кинокартина түрікмен халқының ұлы шайыры Мақтымқұлы Пырағының «Ат исларин» шығармасына негізделген. ХХ ғасырдың 30-40 жылдарында және Мақтымқұлы Пырағының өміріндегі XVII-XVIII ғасырлардағы тиісті оқиғалар, әсіресе осы уақытқа дейін зерттелген, құпия болып қалған ақынның шығармаларының мағынасын ашу – көркем фильмде нақты сипатталған. Яғни ақынның құпияға толы шығармалары терең түсіндіріледі.
Түрікменстан кино күндерінің ашылуына екі елдің мемлекет және қоғам қайраткерлері, шығармашылық және ғылыми орта, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Сондай-ақ Ұлттық академиялық кітапханада Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің «Änew – müňýyllyklardan gözbaş alýan medeniýet» («Әнеу – мыңжылдық мәдениеттің мәйегі») атты кітабының таныстырылымы өтті. Әнеу – бағзыдан жеткен түрікмен шаһары. Түпкі мағынасы «жаңа су» екен.
Тұсаукесер Түрікменстанның Астанадағы мәдениет күндері аясында Қазақстандағы Түрікменстан елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып отыр.
Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) 2024 жылды «Түркі әлемінің ұлы ақыны және ойшылы – Мақтымқұлы Пырағы жылы» және ежелгі Түрікмен қаласы Әнеу – Түркі әлемінің 2024 жылға арналған мәдени астанасы деп жариялаған еді.
Жаңа кітап та осыған атаулы жылға орай жазылып отыр. Түрікменстан Президентінің еңбегі түрікмен халқының бай мәдени-тарихи мұрасын жаңғырту, оны әлемде кеңінен насихаттау жөніндегі саясатты іске асыруға ықпал етері сөзсіз. Сондай-ақ түрлі елдердің тарихшылары, археологтері арасындағы халықаралық байланыстарды дамытуға, Түрікменстан аумағында бірлескен археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастыруға да ықпалдасады.
Алқалы жиынды тізгіндеген академик, Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі тарихтар көмбесіне айналған Әнеу қаласының ежелгі маңызынан сөз тарқатты.
«Биыл – Түрікменстан үшін ерекше жыл. Яғни барша түркі халықтары үшін де айтулы жыл. Түрікмен халқының ұлы перзенті, түркі әлемінің ойшыл ақыны Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Түрікменстан төрінде адамзаттың ақыл-ойының заңғар биігіне 60 метрлік алып ескерткіш қойылды. Еңбектері түрлі тілдерге аударылып, басылып жатыр. Мыңдаған жылдан бері адамзат тарихымен бірге жасап келе жатқан ежелгі Әнеу қаласының 2024 жылы Түркі әлемінің астанасы атануы да айтулы оқиға. Шумер заманынан тамыр тартатын қала туралы Мастон сынды әйгілі археологтер дәйекті зерттеулер қалдырған. Ашхабадта Әнеу қаласының 2024 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жариялануына байланысты іс-шаралар тізбегі жалғасып жатыр. Бұл басқосу да екі елдегі әріптестікті одан әрі нығайтады. Әлемдік деңгейдегі тұлға Мақтымқұлының үш ғасырлық мерейтойы – түгел түркі жұртына ортақ той», деді академик.
Түрікменстан Мәдениет министрінің орынбасары Нұрсахет Ширимов екі ел арасындағы берік қарым-қатынастардың тарихына тоқталды.
«Біздің елдерімізді ежелден жан-жақты көмек пен қолдауға негізделген екіжақты берік қарым-қатынастар байланыстырып келеді. 24 маусымда Түрікменстанның Мәдениет күндері аясында Арслан Еуебердиевтің «Истарян» көркем фильмі көрсетілді. Түрікменстанның мәдениет күндері қазақстандықтарға түрікмен халқының дәстүрлі құндылықтарын, оның бай әдеби, музыкалық және көркем мұрасын жақсырақ түсінуге көмектеседі деп сенемін. Түрікмен мәдениетінің танымал болуына зор үлес қосқан біздің құрметті Президентіміз Сердар Бердімұхамедовтің кітабы болды, оны Ұлттық академиялық кітапхананың директорына ұсынғым келеді», деді вице-министр.
Жиын барысында сөз алған Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Батыр Режепов жаңа кітаптың рухани маңызын атап өтіп, іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткендерге алғыс білдірді.
«Әнеу – мыңжылдық мәдениеттің мәйегі» кітабы үш тілде – түрікмен, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Болашақта Түркі академиясымен бірлесіп бұл кітапты қазақ тіліне аударуды жоспарлап отырмыз. Президент кітапты жазуға түрікмен халқының ұлт көшбасшысы, Аркадаг Гурбангулы Бердімұхамедовтің тарихи дереккөздерден жинаған материалдары көмектескенін атап өтті. Құнды еңбек Әнеу қаласының көне тарихына арналған, жекелеген тарауларда бүгінгі күнге дейін сақталған археологиялық олжалар мен бірегей сәулет ескерткіштері баяндалады. Кітап әлемнің ең көрнекті зерттеушілерінің көптеген ғылыми экспедицияларының нәтижесінде алынған деректерге толы. Жаңа еңбек түрікмен халқының тарихы, оның мәдени құндылықтары мен рухани мұрасы туралы тұтас түсінік қалыптастыратын композициялық үйлесімділігімен ерекшеленеді», деді елші.
Сондай-ақ жиын барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов, академик, ҰҒА академигі Уәлихан Қалижанов, басқа да зиялы қауым өкілдері сөз алып, түркі дүниесіне ортақ әдеби құндылықтарға тоқталды.
Іс-шара аясында түрікмен классигінің 300 жылдығына арналған кітап-иллюстрациялық көрмесі ұйымдастырылды. Түрікменстанның Астанадағы мәдениет күндеріне арнайы келген қонақтар да өнер көрсетті.
Іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, Қазақстан мен Түрікменстанның көрнекті ғалымдары мен жазушылары, Мақтымқұлы Пырағы шығармашылығына қызығушы оқырмандар қатысты.
Сонымен қатар Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театр фойесінде Түрікменстанның халықтық-қолданбалы өнер және музей құндылықтары көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Айта кетейік, аталған көрме көркем кескіндеме, мүсіндеме, графика, сән және қолданбалы өнер салаларын қамтитын, ұлттық дүниетанымға негізделген көркемөнерді насихаттау, дәріптеуді мақсат етеді. Көрмеде түрікмен өнері мен мәдениетінің жаңа көрінісі, заманауи туындылары ұсынылды.
Сондай-ақ осы кеште Түрікменстан өнер шеберлерінің қатысуымен Қазақстан Республикасындағы Түрікменстанның мәдениет күндерінің салтанатты ашылуына орай Гала-концерт өтті. Айтулы кешке екі елдің вице-министрлері, елшілер мен өнер ұжымдары қатысты.
Сахнаға шыққан Түрікменстан Республикасының халық әртістері, Түрікменстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, басқа да өнер жұлдыздары танымал эстрадалық әндер мен халық композиторларының шығармаларын нақышына келтіре орындады.
24-27 маусым күндері өтетін Түрікменстанның мәдениет күндері аясында өзге де мәдени іс-шаралар жоспарланған. Атап айтсақ, бүгін «Kinopark 7 IMAX Keruen» кинотеатрында режиссер Хеким Алавовтың «Қызыл алма» көркем фильмі ұсынылады. Одан бөлек, осы кеште Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театр фойесінде Түрікменстан ұлттық киімдерінің сән көрсетілімі өтеді. Сондай-ақ аталған театрда «Данышпан» моно-қойылымы сахналанады. Ал 27 маусымда Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Қазақстан Республикасындағы Түрікменстанның мәдениет күндерінің жабылу салтанаты аясында екі ел өнер шеберлерінің Гала-концерті болады.