• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 27 Маусым, 2024

Туған күні қайтқан ақын

108 рет
көрсетілді

«Саған да сонша құмартып,

Жалыңнан жаңа ұстап ем.

Жалт беріп, өте шығатын,

Жас ғұмыр сонша қысқа ма ең?»

Сағи «Тұрдым бір жардың шетінде» атты арманшыл әрі торығуы басым жырын осылай түйіндепті. Жаратылысында бір ерекшелігі бар адамның өз тағдыры туралы да көріпкелдік қасиеті болады деуші еді. Ғұмыр жолының ұзақтау болғанын қалағанымен, тағдырының тұйыққа тірелерін сезгендей-ау.

Саяжайына Сәкеңнің машинасы­мен келе жатқанын көрген соң сәлем­десіп шығайын деп бір шайқайнатым уақыттан соң үйлеріне келейін. Маши­насы орнында тұр, сыртқы есік ашық. Салып ұрып, үйге кірсем, ешкім жоқ. «Е, ол кісі екінші қабаттағы кабинетінде отырған болар» деген оймен дереу жоғары қабатқа көтерілсем, онда да жоқ. Терезенің алдындағы жазу үстелінің үстінде бірнеше парақ ақ қағаз жа­тыр. Умаждалған үш-төрт парақ еденге ­тасталыпты. «Түсінікті», – деп ойладым. – «Жыр толғағы ғой». Умажда­лып жатқан қағаздардың бірін ашып қарағанымда, жол ортасына «Көктем» деп тақырып қойып, әрі қарай төрт жолдан тізілген өлең шумақтарының бірнешеуі жазылыпты.

Тәкаппар таулар жол бөгеп,

Тотықпай жүзің жел, күнге.

Көкала шыңнан өрмелеп,

Көктемім, аман келдің бе?

Сен келген сайын бір түлеп,

Аламыз желпіп кеудені.

Барады тауға күркіреп,

Бұлттың да соңғы керуені...

Тағы бір шумағы жазылыпты да, ол белінен бір сызылып, ұнамаған жолдармен бірге ақ парақ та умаждалыпты.

– Әй, не оқып тұрсың? – Ұрлығы­ның үстінде ұсталған баладай селк ете қалдым.

– Мынау құрбан шалғандай лақты­рылған әдемі шумақтарға жаным ашып тұрғаны.

– Солай деші. Жақсы өлең туу үшін көп шумақтарды құрбан шалуға тура келеді.

– «Көгала шыңнан өрмелеп, Көк­те­мім аман келдің бе?» Осынау жолда­рыңыз көз алдыма сурет болып елестеді, Сәке.

– Солай ма? – Көзілдірігінің әргі жа­ғынан маған күлімсірей қараған қос жанарынан ерекше нұр байқалады. Ақын жаны тым нәзік. Мен мақтаған екі жол үшін қуанып тұр. – Рас екен-ау. Мен бұл шумақтарды қалдырайын, – деп парақты алып, үстелдің үстіне қойды.

 – Көріспегелі де бір апта өте шы­ғыпты. Машинаңызды көрген соң сәлем­десейін деп келсем, үйіңіз иен тұр.

– Өзкендерді кешкілік балалар әке­леді. Өзім ертерек келіп, біраз жұмыс істейін деп, оңашаланып жеткен түрім ғой. Қол онша жүрмеген соң, гүлдерді суғарып жүр едім, – деп ол «жұмысын» үзіп алғаны үшін ақтала сөйлегендей болды.

Ол әр жұма сайын ертелетіп келіп, бәрімізден бұрын саяжайдан табылатын. Бүгін мен де ойдағы «жұмысымды» тындыра қояйын деп, одан бұрынырақ келген түрім болатын.

 

*  *  *

Лирикалық нәзік, әр жол, әр шумағы жүректің қылын шертетін Сағи ақын Жиенбаев та ақындыққа Ақтөбе өңірі­нің Оймауыт атты ауылындағы мектепте жүргенде, әлде Қызылорданың педа­гогикалық институтында студент болып жүргенде, әлде Жезқазған өңіріне барып, бір мектепте мұғалім болып жүргенде біржола бет бұрды ма? Ол маңызды мәселе емес. Маңыздысы – туа біткен дарынын қанаттандыра жүріп, өз биігінен көрініп, қазақтың қабырғалы лирик ақыны деген атқа ие болып қалуында болса керек. Әр қиырда туып, Алматы дейтін шаһардан табылып, өлең өлкесінде өнер жарыстырған кесек тұлғалар Қадыр, Тұманбай сияқты дарындармен қатар шапқан дүлдүлдердің бірі бола білді. Оның қай өлеңін де ойланбай, толғанбай оқу мүмкін емес. Бәріміз де топырағынан өнген туған жерді ұйықтасақ түсімізден, оянсақ ойымыздан шығара алмаймыз. Өміріміздің басым бөлігін Алматы атты бойжеткендей ару шаһарда өткізіп жүрсек те, өз туған жерімізді сағынбай жүре алмаймыз. Ал Сағи ақынның елге, жерге деген сағынышы алабөтен.

Сен үшін жидым бәрін, өбейін деп,

Бәрін де бір өзіңе төгейін деп.

Осынау тасып жатқан тар кеудемнен,

Туған жер, сені құшып көрейін деп.

Немесе туған жеріне былайша тіл қатады:

Жүрегімде жыр болса,

Наздылары сенікі.

Көкейімде күй болса,

Саздылары сенікі.

Немесе,

Сен үшін белді буған ем,

Мүмкін бе, менің тыншуым.

Естимін мен де, туған ел,

Кеудеңнің әрбір дүрсілін.

Немесе,

Аспан мен жердің арасын,

Келеді шарлап құс аппақ.

Өзінің туған даласын,

Жас жігіт отыр құшақтап.

Туған жер жас жігітті құшағына алады. Сенімді бейне. Ал жас жігіт ұшақта туған жерін құшақтап отыруы – ақын ғана елестете алатын сурет.

Оның тұстастары, тіпті 7–8 жыл кейін іздерін баса келген біздер де соғыстың ауыр зұлматын сезіп, көріп өскен ұрпақпыз. Ақынның ашаршылық, жоқшылық иектеген сол жылдар туралы жазылған «Сүт туралы баллада», «Бөрік» сияқты өлеңдерін тебіренбей оқи алмайсың.

«...Даламның исі бұрқырап,

Қарттарым, аман-сау жүрші» –

деген жыры ауылда туып, қарттарын сағынған әркімнің өз жүрегінен жа­ралған жырдай...

 

*  *  *

Жазушылар одағының көрікті ғима­­раты мұсылман баласының қасиетті Меккесіндей, қалам ұстап, не ақын, не жазушы боламын деген бәрі­міз де сол үйге есебін тауып, кіріп-шығуға даяр тұрамыз. «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» «Простор», «Жа­лын» газет-журналдардың редакциялары, «Жазушы» баспасы, одақтың өз қыз­меткерлері, не керек, келімді-кетімді кісілері бар, ғимарат араның ұясын­дай қайнап жатады. Екінші қабаттағы ­фойеде бильярдтың жалғыз тақтасы тұра­ды. Өзіміз үшін тірі пайғамбарлар­дай көрінетін Ғабең мен Ғабаң (Мүсіре­пов пен Мұстафин) алыптардың кө­зіндей болған абыздар бастап, Сафуан Шаймерденов, Тахауи Ахтанов сынды олардың ізбасарларының тастаяқ­пен ойындарын тамашалап, сөзбен қақтығысқан әңгімелерін тыңдауға құмармыз. Ойын үстеліне бізді қойғанда алдымыздағы Шерхан, Қалихан сияқты «дәуперілердің» өздері жолай алмайды. Әрине, ақсақалдар барда. Олар аз болса, ғимараттың ішінде ешбір ережеге бағынбай қара кофе мен күрең коньякты ертеден қара кешке дейін тоқтаусыз сата беретін бары жұмыс істейді. Әсіресе ­баспа, газет-журналдар қаламақы бе­ретін күн одақтың ішін тойханаға ұқсатуға болар еді. Сондай бір бармен Рымкеш әпкеміздің саудасы самауырдай бұрқ-сарқ қайнап жатқан күні мен де барға бас сұғайын. Бірінші қабаттағы «Жалын» альманағының бас редакторы Тұманбай Молдағалиевтің орынбасары болатынмын. Бала кезден үйір болған сусыным болмаса да, өзім де зиялылар сияқты түстен кейін бір тостақ қара кофе ішіп жүргенмін.

Төрт кісілік шағын үстелдердің бірінде Сағи Жиенбаев, Рымғали Нұрғалиев отыр екен. Екеуінің ортасында кофе, шағын ыдысқа құйылған коньяк, тіске басарлары да тұр. Мен, әрине, кофемді көтеріп, басқа бос орын іздеп мойнымды созып тұр едім, Сағи көкем атымды атап шақырды. Бос орынды көріп тұрып, отырмай қойсам ыңғайсыз болар еді, келіп сәлем беріп, тізе бүктім.

– Айналайын, – деді Сәкең тағы да, – мына ағаңның осы бір дүниеге ернін тигізгені болмаса, ұрттамайтын әдеті бар екен. Жалғызсырап отыр едім, серік болшы. – Мен де бұл шіркінге үйір емесімді айтып көріп едім, Сәкеңнің өзі елпектеп барып, бір бос рюмкені көтеріп келіп, ішін толтырды. – Үйір болмасаң, бірте-бірте үйренесің. Бүгін өлеңдерім журналға шығып еді, соған ырым жасап отырғанымыз ғой. Бәріміз де бұл шіркінді басындырып жүрген жоқпыз. Осындай себебі болған кезде қуанышты да осымен білдіретін болдық қой... Айтпақшы, біреулер сені преферанс ойнай біледі деді ғой деймін. Сол рас па?

– Ақселеудің ептеп үйреткені бар еді, бірақ төселіп отырып, ойнап көрмеп едім, – дедім.

– Өй, Рымғали-ау, аздап білсе, өзіміз-ақ басбелгі ғып үйретіп аламыз ғой. – Ол тіпті қуанғанынан рюмкені қолына алып, былай деді: – Іздеген жігітіміздің табыла кеткені үшін, – деп тост көтерді. Ештеңе түсінбесем де рюмкеге ернімді тигіздім.

Сәкең әңгімені тыңнан бастады.

– Осы сенің биыл «Жылдың ең қысқа күндері» деген кітабың шықты емес пе? – Ол сұраулы жүзбен бетіме қарады. – Қаламақысын алдың ғой.

– Иә, алғанмын.

– Қазір қаламақыңның қаншасы бар? – Мына кісілер мені преферанс ойнауға қазір ала жөнелгелі отыр ма деп қорқа бастадым.

– Мәселе былай, – деді Рымғали бұйра шашын саусағымен салалап қо­йып. – Алматының дәл желкесіндегі «Каменское плато» деген жерде анау өзіңмен біраз жыл «Білім және еңбек» журналында бірге қызмет істеген Танаш Дәуренбеков деген ағаң және мына екеуіміздің саяжайларымыз қа­тар орналасқан көршілерміз. Дәл қасы­мыздан бір қария көшпекші болып, саяжайын асығыс сатқалы отыр. Так, – деп онсыз да қысықтау көзімен бетіме сығырая қарап езу тартты. – Айтарымыз сол – саяжайды сенің алуың керек. Он екі жүздік жазық жерде үлескісі бар. Үйшігі нашарлау. Жабылсақ, екі-үш-ақ күндік жұмыс. Әрі су тегін...

Сағи көкем оның сөзін бөлді.

– Оның иесі қартайған қария, жер­дің құнын қайдан білсін? 1200 сом ғана сұрап отыр. Біз екеуіміз бағана: «Ешкімге бермеңіз, біз аламыз» деп кеттік. 1200 сомың бар шығар?

– Бүгін ғана келіндеріңіз қаракөл тон алмақшы болып дүкенге барғалы отырған. Қалған мың жарым сомды соған беріп едім, – дедім шынымды айтып.

– Бұл саяжайды сен қалайда алуың керек. Қарызға деп ақша жинап берсек те аласың! – Рымғали көкем әңгіменің төтесіне көшті. – Ал Сағи ағаңның преферансты сұрап, қаузап отырғаны – менен ол мәселеде қайыр аз болғандықтан, ермек ойынға «бір қол» болсын деген ойы ғой.

Үйге келсем, келіншегім Ғайшаның алғысы келген қаракөл тонының ұнатқан түрі болмай, абырой болғанда, ақшаны ұстамай келіпті. «Алатаудың бөктерінде көңіліміз жарасқан аға-жеңгелермен бірге жұмақ өмір күтіп тұр» десем де, көзін бір дымдап алып: «Мен бірдеңе аламын десем, сенің де сылтауың даяр тұрады» деп біраз торығып барып, келісімін әрең берген.

Не керек, төсек-орын, ыдыс-аяқ дегендерді екі кісіге кеңдеу, үш кісіге тарлау үйшігіме орналастырып үлгерер-үлгерместен олардың еруліктері басталып кеткен.

Бала-шағама, келіншегіме рақат өмір көрсетемін деген уәдемнің үде­сінен шығайын деп, дос-жар, туған-туыс ұялмай кіріп-шығатындай, басқа­сын қойғанда бірі түстігіне, бірі кеш­тігіне шақыра беретін үш көршім келіншектерімен қысылыспай еркін отыратын өз «сарайымды» салып алуға бірден кірістім.

 

*  *  *

Рымғали мен Сағи көкелерімнің арқасында мен де бір жазда өз саяжа­йымды домбаздасам да, іші-сырты­нан мін таппастай ғып салып алып, Тәкең үшеуінің де Құдай қосқан жаздық көршісі болып шыға келдім. Құдай, жұма күні бәріміз де тау басындағы ме­ке­німізден табыламыз. Бізге қараған­да «Жазушы» баспасындағы қызметін­де еркіндеу жүретін Сәкең бәрімізден бұрын жетіп алып, күре жолдың бойында жүріп: «Ә, келдіңдер ме?» деп, ерекше қуанышпен қарсы алар еді.

– Өзкен (Уәзипа жеңгемізді солай атайтын) жеңгелерің қазан көтеріп жатыр еді, кешкі тамақты біздің үйден ішейік. – «Біздің үйден ішейік...» деген сөз төрт үйге ортақ үрдіс еді. Демалыс күндерімізді күнде той деуге болар. Өйткені бір үйден түстенсек, бір үйден кешкі ас ішеміз. Саяжайдағы тірлігіміз тек қана бір-бірімізге қонаққа барып, қолымыз сәл босай қалса, «карта» деп аталатын ала қағаздармен алысамыз деуден аулақпын. Бұл төрт азаматтың не­гізгі шаруалары жазу, одан қолдары босағанда оқу, бір уақыт бауды күтіп-суғару деген сияқты шаруалардан бо­­­сай қалғандағы тату-тәтті тіршілігіміздің кө­рінісі сияқты қосалқы ермек қана болатын.

Сағи көкем бұл кезде бүкіл елге танымал, атағы мен аты қазақ еліне кең жайы­лып үлгерген лирик ақын. Сол кез­дегі көркем әдебиет атаулыны ең көп басып шығаратын «Жазушы» бас­па­сы поэзия бөлімінің меңгерушісі. Бұ­йым­тайларын айтып, кітап шығаруға оның көмегін дәмететін пысықайлардың саяжайға арнайы іздеп келетіндері бар. Біреуге қатты сөз айту дейтін жаратылысына жат қасиет болғандықтан, уәдесін берген-бермейтінінен хабарым жоқ, әйтеуір, ыстық шай, жылы сөзбен шығарып салғанын талай көрдік.

Бір білетінім, көршілері ғана емес, тау етегіндегі бау-бақшаларға толы ғажап табиғат түгелдей түн тыныштығына мүлгіген кезде саяжайының екінші қабатындағы кабинетіне отырып алып, өлең өлкесіне сапар шегер еді. Неше сағат көз шырымын алатынын қайдам, алайда ертеңгі сағат жетіден қалмай ағаштарын суғарып сыртта жүретін.

Тәкеңнің үйі мен менің үйімнің ортасында бәйбішесі ертерек бақилық болған жетім шалдың саяжайы тұрушы еді. Соноу 30-40-жылдары атағымен көп азаматты тітіреткен «үш әріптің» қызметкері болыпты деп еститінбіз. Онысын өзі де жасыра бермейтін. Бір күні әңгіме үстінде қартымыз етін жеп, сорпасын ұрттап, қарап отырмай, өзінің бетпердесін айқара ашып алғаны. Соноу 1937-жылдары халық жауларынан қалай жауап алғаны туралы мақтанышпен әңгімелеп отырып:

– Халық жауларының ішіндегі на­ғыз жарылмайтын бітеу жара сияқты­сы, сволоч – Бейімбет Майлин еді, – деп құшырлана, тепсіне сөйлегенде бәріміз де есімізді жия алмай, отырып қалыппыз. – Шіркін-ай, тырнақтарының көбесіне ине жүгіртіп жатқанда да, екі көзінен жасын парлатып, сазырайып, тіл қатпайтын.

Алдымен ес жиған Сәкең болды:

– Әй, шал-ау, нағыз без-забы-раз оң­баған екенсің ғой. Бейімбеттің көбесіне ине жүгірткен қара тырнағынан садаға кет, – деген көзілдірігін сүрткілеп. Жүзі де алаулап, қызарып кетіпті. Тәкең болса қатты ашуланғаннан кекештене қысқаша бұйрық берді:

– Үй-ден шық, қас-сиет-сіз! – Шал «Не болып қалды?» дегендей бәрімізге ештеңе ұқпаған қалпы жаутаңдай қарап, жөнелді. Осы бір оқиғадан кейін сыры ашылмаған қартты біз де қатаң жазалап, шайға шақырғанды қойып, көргенде сәлем де бермейтін болдық.

 

*  *  *

Ертеңгі күні, 1994 жылдың 15 мамыры, Сәкеңнің 60-қа толатын мерейтойы өтуге тиіс болатын. Жеңгеміз, бала-шағаларымен қаладағы үйлерінде үлкен тойға даярланатын болған соң, мен оған:

– Сәке, даярлық шаруаларын жең­гем-ақ қатырады ғой. Сіз оларға кедергі келтіріп жүргенше, саяжайға жүріңіз. Үлкен тойыңыздың кіріспесін бастап берейін, – деген ой айтқанмын. Ол мекенге түс ауа бәріміз жиналғанбыз. Өзімізше кішігірім дастарқан жайып, мерекелемекпіз.

– Бүгін кеуде сүйегім ашып, мазам­ды алып отыр. Маған ренжи көрме, – ­деді рюмкені қолына да ұстамаған қалпы. ­Біз көкмойынды мүлде алып тастап, ті­лек­ті шаймен-ақ айтып тарастық.

Ертеңіне бұрынғы әдетім бойын­ша, кешеден қалған сорпа-суымды жылытып қойып, көршілеріме тарттым. Таңмен таласып, ертеңгі сағат алтыдан жамбасымыздан су шыққандай болып тұрып алатын Сәкең екеуіміз едік. Бұл кезде сағат жетіден асып бара жатқан. Уәзипа жеңгей жоқ кезде ертеңгі шайға шақыру – көршілік парыз, оның үстіне тура алпыстың асуына шыққан азаматты жұрттан бұрын құттықтап жібере­йін дейтін есебім де бар. Бір қызығы, есігінің маңдайшасында түнімен самаладай болып тұратын шамы Күн­нің жарығымен таласып, әлі жанып тұр екен. «Сәкең көкемнің бұл уақытқа дейін ұйықтайтын әдеті жоқ еді ғой деп, сыртқы есіктің тұтқасын тартсам, ашылмайды, іштен іліп алған. Әлдебір сұмдықты сезгендей есікті дүңкілдете қақтым. Дыбыс жоқ. Іштен естілер дыбысқа құлағымды түріп қойып, есікті бар күшіммен ұрып, «Сәке-Сәке» деп айғайлап та жүрмін. Бір кезде екін­ші қабаттың еденін сықырлатып келе жатқан аяқтың дыбысы естілді. Шашы ұйпа-тұйпа, ұйқысын аша алмай тұрған жас жігіт есікті ашып, бетіме үдірейе қарайды:

– Не болды, аға? – дейді. Сәкеңнің кеше айтқан «Қонақтар келіп, дем алғы­лары келсе деп, баудың ішін таза­латтыруға екі студент жиенімді шақыр­ғанмын» деген сөзі ойыма оралды.

– Сендерге не болды, сонша ұйықтап? Сәкең қайда? – дедім жігітке.

– Ол кісі өз бөлмесінде. Дем алып жатқан болар. – Жиен жігітті ысырып тастап, бірінші қабаттағы өз бөлмесіне кірсем, ол бір қырындап, іргеге қарап жатыр. Жамылған көрпесі де ысырылып қалыпты.

– Сәке! – дедім дауысымды қаттырақ шығарып. Ең сұмдығы соншалықты қағылез адамның үн қатпауы ең үлкен жаманшылықтың белгісі еді.

Сөйткен Сәкем, үні ерекше естілер лирик ақын, жиырма жылдан астам ағалы-інілідей бауырласқан Сәкем, Сағи Жиенбаев дәл алпысқа толған күні бақиға аттанып еді.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты