• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Сұхбат 28 Маусым, 2024

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ: Домбыра үнінде мәңгілік сағыныш бар...

206 рет
көрсетілді

Ол атақ-даңқ, ресми мойындалусыз-ақ халықтың сүйікті әншісі, ұлтының өз ұлына айналып кеткені қашан. Десе де өткен жылдың аяғында Мемлекет басшысының қолымен табыс етілген «Қазақстанның халық әртісі» атағы Рамазан Стамғазиев өнеріне берілген шын мәніндегі әділ баға, талассыз шешім болғаны хақ. Дәстүрлі әннің дамуы жолында тер төгіп, әншілік жолда ғана емес, ғылыми бағытта да есесіз еңбек етіп жүрген әншінің ұлттық өнер десе өзі де, үні де ерекше өрекпиді.

– Нағыз өнер шын иесіне талғап қонады деп жатамыз. Бұл тұрғыдан келгенде сіздің әулеттің бағы бес елі десек, артық айтқандығымыз емес. Бір әулеттен бірнеше өнер адамының шығуы – топтырақтың киесі ме, әлде тектің таңғажайыбы ма? Қалай ойлайсыз?

– Өмірде еш нәрсе де тектен-тек болмайды ғой. Әр дүниенің өз себебі бар. Мен туып-өскен өлке орталығы – Шырғанақ, отыз түтінді Көкпияз аулы қазыналы қариялардың мекені. Арғы аталарымыз – атақты Бейсенбай ақсақал мен Қапез Байғабылов болған. Бейсенбай атамыз жайындағы және көптеген шежірені кезінде екі мәрте Еңбек ері болған Жолсейіт Молдасанов әкемізден жиі еститін едім. Бейсенбай атамыз ел ішін көп аралаған әңгімешіл адам болған деседі. Атын өзгеге ерттетпейтін, киімі, жүріс-тұрысына ұқыпты, өте кірпияз кісі болған екен. Әулетімізде осы атамыздан дарыған көп дүние бар-ау деп те топшылаймын. Әжем Әйімханның қасынан бір елі қалмай жүріп, талай шежірені құлағымызға құйдық. Анам Ұлдахан да өнерден құр алақан емес. Хан Тәңірі баурайында туып-өскен, ақиық ақын Мұқағалиға жақындығы бар шешем де отырған жерінде суырып салып, өлеңдетіп отыратын. Біздің ауыл балалары ойын қуғаннан гөрі, көп уақытын аулымыздың данагөй қарттарының ортасында өткізетін. Арасында өзім де бармын. Қара радио сарнай жөнелгенде, жүгіріп барып қасынан табылушы едік. Сонда әуе толқыны арқылы ауыл еңбеккерлеріне арналған түскі демалыс концертте Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Қайрат Байбосынов, Дәнеш Рақышев, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов сынды әнші ағаларымыздың әуелеген үніне ұйып, тамсана таңдай қағатынбыз. Әкем де өнерден кенде болмады. Ауылдың қарапайым көлік жүргізушісі болса да, домбыраға деген іңкәрлігі ерекше еді. Жұмыстан қолы қалт ете қалғанда, қара домбырасын қолына алып, ыңылдап отырып сазды әуенге салатын. Сол кезде ойын баласы біз үшін әкемізден артық өнер адамы жоқтай көрінетін. Ол кісіден асырып ешбір жан домбыраны да шерте алмайтындай әсер ететін. Домбыраға, жалпы дәстүрлі әнге деген махаббат осылайша көңіліме орнықты.

– Сол кезде өзіңіздің өнер адамы болатыныңызды іштей бірден шешіп қойған да боларсыз?

– Мүмкін. Бірақ менен бұрын, бұлай болғанын қатты қалаған жан – ол әкем Өмірәлі еді. Біздің бала пайымымызда сол кезде әкемнен артық сұңғыла күйші болмайын. Кейін қарап отырсам, әуесқой, жан дүниесімен осы өнерді жақсы көргендіктен де домбырасын тартып, қолынан тастамайды екен ғой. Тізесіне отырып, домбыра қағысына қызығып, бір елі қасынан алыс­тамауға тырысатынбыз. Кейін саусағын мертіктіріп алған әкем домбыра ұстауды қойды. Бірақ біздің домбыраның құла­ғында ойнағанымызды, өнер адамы болғанымызды бәрімізден бұрын тілеп, бағыт-бағдар берген осы әкеміз еді. Әсіресе менің домбырашы болғанымыды қатты армандады. Жастайымнан мені соған баулыды десем де болады. Өнерге, домбыраға деген махаббаты сол, бала күнімде әкемнен көлігін сұрағанымда: «Саусақтарың қатып кетеді» деп рұқсат бермейтін. Кейіннен әскерге барғанда танкі айдауға тура келді. Сонда әкеме «Көлігіңді бер­меуші едің, көрдің бе енді темірге түстім» деп хат жаздым. Баласының бола­шағы өнерде деп таныған болуы керек, әкем іле-шала әскерге домбыра салып жіберіпті. Сол қоңыр домбыраның үнін тыңдаған талай қазақ баласының сағыныштан жанарына жас үйірген күндер әлі күнге естен кетпейді.

– Ал өзіңіз ше? Домбыраны қолға алғанда ойыңызға не оралады? Қоңыр үн сізді несімен толқытады?

– Қасиетті домбыра үнінде менің мәңгілік сағынышым жатқандай болады да тұрады. Олай дейтінім, әңгіме­міздің басында өзіңіз де тектілік, топы­рақтың киесі туралы тілге тиек етіп өт­тіңіз ғой. Шынымен де, көпшілік айтып жүргендей, бізді өнерлі әулет десе болатын шығар. Мен өсіп-өнген шаңырақтан жеті бірдей өнерпаз шықты. «Атасы бардың – батасы бар» дегендей, оған өскен ортамыз да әсер еткен болар. Әйтеуір әулетімізбен музыкаға жақын болдық. Інім Ерлан жастайынан домбыраның құлағында ойнады, Әуелі П.Чайковский атындағы музыка колледжіне түсіп, кейін Құр-манғазы атындағы консерваториядан екі мамандық алып, Қайрат Байбосыновтан әншілікті, Сәдуақас Балмағамбетовтен күйшілікті меңгерді. Өнерден өз орнын белгілеп, енді бойындағы барды халқына беремін деп жүрген дер шағы еді... Әттең, ердің жасына жете алмай, ортамыздан асығыс аттанып кетті. Арманы көп еді... «Елу жасымды тойлаймын, шығырмашылық кешімді өткіземін» деп аса зор құлшынышпен дайындыққа кірісіп-ақ кеткен болатын... Амал нешік, Алланың өлшеп берген ғұмыры оған жеткізбеді. Бүгінде домбыраны қолыма алсам, сол Ерлан інім есіме түседі. Оның жете алмай кеткен арманы, шорт үзілген мақсаттары ойыма оралғанда, көкірегімді өксікке толы өкініш кернейді. Сондай құлазыған сәттерде қара домбырамды қағып-қағып қоямын. Ініге деген сағынышымды солай басқандай боламын... Қарындастарым да өнерден кенде емес. Сандуғашты халық жақсы таниды. Толқын деген қарындасым да өнерді таңдап, белгілі күйші, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаеваның шеберханасында шыңдалды. Кенже інім де өнерге жақын, бүгінде оқытушылықпен айналысып жүр.

– Ал балаларыңыз ше? «Әкем де, анам да өнерге жақын болды, сон­дықтан менің де әнші болуым заңдылық, табиғи құбылыс болды» деп жазасыз. Жұбайыңыз екеуіңіз де елге белгілі әншісіздер. Сол заңдылық балаларыңыздың бойынан жалғасын тапты ма?

– Екеуі де өнерден құр алақан емес. Домбыраны алып, үйде де, достарымен бас қосқанда да ән айта береді. Қызым тұрмыс құрмай тұрғанда ара-тұра концерттерге да шығып тұратын. Қазір енді екеуі де отбасылы ғой. Бірақ балаларымның алға қойған түбегейлі мақсаттары өнер болмады. Олар өнер адамдарының тұрмыс-тіршілігін көріп өсті, жақсы біледі. Кезінде ай-айлап, жыл-жылдап үйге келмейтін уақыттар болды. Басымызда бас­пана да жоқ. Пәтер, жатақхана… Сөйтіп жүріп, әйтеуір, балаларды өсірдік қой. 1996 жылдары мен «Қа­зақконцертте» жұ­­­мыс істей жүріп, шә­­­кірттерге сабақ бер­дім, кешкісін мейрамханада ән де айттым. Сонда таңертең кетем, түн ортасында бірақ келем. Ба­лаларым осындай қи­ындықтардың бә­рін көріп, басқа саланы таңдаған шығар, мүмкін араласатын ортасы әсер етті ме, әй­теуір, өнерді таң­дамады. Ұлым Ол­жас – экономист, қызым – Перизат тіл ма­маны, бірнеше тілде еркін сөйлейді. Бір­ақ өнерлі ортада өс­кендіктен болар, жү­ректерінде ән бар. Қазір енді немере­ле­рімнің еліктеуі, ән тыңдауына қарап, өнерге жақын болады-ау деп топшылаймын. Оны болашақ өзі көрсете жатар.

– Ұстаздарыңыз туралы сұрасақ, ең әуелі ойыңызға не оралады?

– Шүкір, арман қуып Алматыға келгенде білікті ұстаздардың қолына түстім. Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі – бізді кәсіби тұрғыда шыңдаған білім ордасы. Мен өткен мектеп қазақ дәстүрлі әншілік өнерінің дүлдүлдері Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Қанат Омарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Бұл жылдар мен үшін кәсіби сахнаның алғашқы баспалдағы іспетті. Дауыс қоюдың ерекшеліктерін Қанат Омарбаев ұстазымыз үйретсе, актерлік шеберлікті Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешовадан меңгердім. Этюдтар жасатып, көрген-білгеніңді көрсету арқылы шыңдау әдісі ауылдан келген ұяң балалардың ашылып, актерлік шеберлік пен сахна тілін жоғары деңгейде меңгеруіне ықпал етті. Ал шертпе күйдің шебері, Халық әртісі, ұстазым Мағауия Хамзиннің күй тарту шеберлігінің өзі қандай еді. Осылайша, кәсіби мамандар біз сияқты талай өнерпазды дыбыстың өмір сүру мәнеріне баулыды. Ал сахна мәдениетін үйретуде Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтан асқан ұстазым жоқ. Ол кісі мені көрермен сұранысына қарай жұмыс істеуге баулыды. Сахна мәдениетін, киім кию үлгілерін үйретті. Көрермен қол соғып, қайталай ән сұ­­раған сәттерде қуанышын жасырмай, «Бауырың жазылып келеді, ашты терің шықты» деп дем беріп отыратын. Жалпы, өнерге баулыған ұстаздарымның әр­қайсысына қарыздармын, алғысым шексіз.

– Дәстүрлі ән мен дәстүрлі ән­шілердің бүгінгі насихаты қандай? Көңіліңізден шыға ма?

– Бұл мәселені қозғап келе жат­қаныма біраз болды. Біздің қазіргі жұ­мыс істеп жатқан оқу орнымыз – Құр­манғазы атындағы ұлттық консерваториясынан, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінен, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінен көптеген талантты балаларымыз ұла­ғатты ұстаздардан дәстүрлі әннің бес мектебі бойынша тәлім алып, бітіріп шығып жатыр. Жылдағы өтетін ән-жыр додаларының бас бәйгелерін бермейтін де осы шәкірттеріміз. Оқу орнын бітіріп, табақтай диплом алып шығады. Бірақ ол кімге керек? Оқу бітіргесін оларды қабылдайтын мемлекеттік орындардың жоқ болуы салдарынан, жұмыс таба алмай қиналады, яғни түлектердің оқу бітіргеннен кейінгі болашағы бұлыңғыр. Осы бағытта мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру, оқу жүйесін бір қалыпқа келтіру сияқты көкейкесті мәселелерді шешудің бірден-бір жолы облыс, аудан көлемінде мәдениет, өнер ошақтарын қайта жандандыру мен концерттік бірлестіктерді дамыту мәселесіне көңіл бөлу қажет-ақ. Сол үшін де, мәселе көтеріп, баспасөз бетінде айтып, жаздыртуды өзімнің парызым көремін. Тұрсынжан ағамыздың «Ауыз бен құлақ» деген керемет бір әңгімесі бар ғой. Біздің қоғам қазір сол өлі құлақтың күйін кешіп отыр, айтып жатсаң да сезбейді. Бірақ қалай дегенмен де, орта буыннан асқан, аға буын әншіміз ғой. Айтуға хақымыз бар деп ойлаймын. Бұл – біздің парызымыз. Қазір ортамызда қандай керемет жас әншілер жүр. Оларды қолдау жоқ, насихат аз. Соған қарнымыз ашады. Бізде «тауар» бар да, оны «сату» жағы қиын болып тұр. Ал сол әншілер өзге ұлттың емес, бабасының кейінгіге мұра етіп тастап кеткен дүниесін дәріптеп, шаң басып, ұмытылып бара жатқандары болса, соны насихаттап, жоғалған дүниесін орнына келтіріп, жоғын жоқтап, өнердің көкпарында жүрген нағыз жанкешті ұл-қыздар ғой. Сол себепті де дәстүрлі әншілердің көбісі эстрадаға кетіп жатыр. Ал оған кім кінәлі? Кезінде аулына Біржан келгенде Абайдың айтқаны бар: «Біржан аға, сіз өмірден өтсеңіз, енді қайтып сіздей әнші келе ме?» деп. Сонда сал: «Айналайын, Абайжан-ау, ат төбеліндей қазақ аман болса, мен сияқты талай әншіні әкеледі-ау, бірақ өзің сияқты тыңдаушым болмай ма деп қорқамын» дегені бар ғой… Сол секілді бізде де жақсы әншілер бар, тек тыңдайтын құлақ пен насихат деңгейі тым төмен. Оған кімнің кінәлі екенін білмедім. Бірақ бізге мемлекеттік жүйе мен талаптар енгізіп, арнайы заң қабылдау ке­­рек. Сонда ғана бұл ол­қылықтың орны толады деп ойлаймын.

– «Қазіргі қазақ әндерінде ұлттық сарын, қазақы табиғат жоқ, әсіресе эстрадалық әндерімізде өзбек сарыны басым» деген сынды жиі естиміз. Келісесіз бе?

– Оның енді әртүрлі себеп, салдары бар ғой. Біріншіден, аударма әндердің көптеп репертуарға қосылуы. Екінші себеп – әннің өңделуінде. Көп әншілеріміз қаражат үнемдегісі келіп арзан болған соң өзбек ағайындарың көмегіне жүгінеді. Ал әнді кім өңдесе, сөзсіз сол адамның қолтаңбасы, ұлттық танымы да сол әнге сіңуі заңдылық қой. Осындай себептердің салдары ғой мұндай пікірлерді тудырып жүрген. Одан кейін қазір көп әншілер әннің сазын қойып, сөзіне де салғырт қарайды. Мағынасыз, мәнсіз мәтіннен аяқ алып жүре алмайтын болдық. Не ұйқас, не әуез жоқ. Мәтіндегі мәдениетті тіпті айтпай-ақ қояйын. Қазақтың қара өлеңімен жылап көрісетіндей жыларман халде жүргеніміз және рас. Кезіндегі Шәмші Қалдаяқов пен Нұрсұлтан Әлімқұлов, Қадыр Мырзалиевтердің тандемі қандай еді, шіркін. Менің орындауымда көпшілік тыңдарманға жеткен Тұрсынжан Шапай мен марқұм Несіпбек Айтұлының одағынан туған «Арман», «Дариға-дәурен» әндерін толғанбай, тамсанбай тыңдау мүмкін емес. Сондай талғамы жоғары туындылар қазіргі репертуарға да ауадай қажет. Әйтпесе, әнін де, сөзін де өзі жазатын әмбебап әншілердің дандайсығаны – дандайсыған. Талантына сөзім жоқ, тек талғам жағына, әсіресе сөз қолданысы тұрғысынан әлі де ізденіп, білімдерін жетілдіре түссе деген тілегіміз бар. Сонда бәлкім әндеріміздегі «әттеген-айлар» да азая жатар.

– Жалпы, Рамазан Стамғазиев десе, басқаны білмедім, менің көз алдыма сал-серілерден қалған тұяқ, Ақан, Біржандардың жалғасы сынды тұлға елестейді. Отабасындағы болмысыңыз да дәл осындай ма?

– (жарқырап күліп алды) Ол жағын білмедім, бірақ біздің ең кереметтігіміз – ол қазақылығымыз деп ойлаймын. Үйде таза қазақша сөйлейміз, ала жаздай қымыз ішеміз. Туғандарымыз жақын жерде тұрады. Ауыл жаққа жолымыз түсе қалса, ірімшік, құрт, қарынның майын әкеліп қоямыз. Қалада тұрсақ та, Нұрлы деген жердегі саятшылар клубының толыққанды мүшесіміз, Бүркіт пен құмай тазы ұстаймыз. Келген қонақтарды ертіп апарып, атқа мінгізіп, қолына бүркітін беріп, жанына тазысын ерткізіп, аңшының киімін кигізіп, қырға шығарып, қоян аулатып, аңшылықтың қызығына батырып шығарып саламыз. Ал үйде келген кісіге шамамыз жеткенше, «қазақтың сүйген асы ғой» деп, ет асып беруге тырысамыз. Жұма күндері шелпек салып, құран оқытып тұрамыз. Сопы, діндар болып кетпесек те, қолымыздан келгенше қазақтың барлық дәстүрін ұстанып келеміз.

– Кейінгі жылдары сахнадан бөлек, ғылыммен де індете айналысып жүр­сіз. Қазақ әнін зерттеуде қандай ол­қылықтар бар? Қандай мәселелер кезек күттірмейді?

– Рас, қазір жай ғана жалаң әнші тәрбиелеп шығу аз. Оларды ғылыми ба­ғытқа да баулуға күш салып жатырмыз. Себебі әнді орындап кету жет­кіліксіз, әншілеріміз қазақтың мәдени бай мұрасына тереңнен бойласа деген тілек, мақсатымыз да бар. Себебі әр шәкіртіміздің өнер әлемінде тұлға болып қалыптасқанына мүдделіміз. Сонда ән де, музыкалық мұрамыз да бабында болмақ. Мәселен, кейінгі жылдарда Қытай, Моң­ғолия қазақтарының архивінен көп әндер алынды. Осы орайда ән архивіміз шетінен таңдап жүріп шырқауға болатын жауһарларға толы екенін естен шығармауымыз керек. Қазіргі кезде екі-үш мың ән қо­рымыз бар десек те, әлі күнге ХІХ ғасырда шыққан әндердің өзін орындап үлгере алмай жүрген жайымыз бар. Бүгінде қазақ композиторларының сал­ған сара жолы сайрап жатыр. Ал олардың шығармашылығын игеру үшін жылдар қажет әрі осынау құнды мұраларымызды игеруге кейде өреміз, кейде дауыс ауқымы, тіптен техникалық мүмкіндігіміз жетпей жатады. Затае­вичтің 1000 әнінің өзі неге тұрады. Осы әндер домбыраның бұрауына қарай ыңғайластырып ізденуді қажет етеді. Өзім де білгенімді хатқа түсіргім келіп, ғылыми жұмыстарыма бірнеше тың тақырыпты арқау етіп алып, соның негізінде «Назқоңыр» хрестоматиясы мен «Домбырамен əн айту мектебі» атты оқу құралын дәулескер күйші Мұрат Әбуғазы әріптесіммен бірлесіп жазып шықтым. Алғашқы зерттеуімізге бұрын танылмаған, Жетісу өлкесінің Хан Тəңірі аймағындағы авторлардың халық əндерін, халық композиторлары мен кейінгі кезеңдегі композиторлардың əндерін қосқанда нотаға түскен 310 əн енсе, «Домбырамен əн айту мектебі» оқу құралында домбыра аспабын меңгеру бес сыныпқа дейін жіктелген. Бұл оқулық домбыра пернелеріндегі ноталық дыбыстар, әнді айту, дәстүрлі әнді бастаудың әліппесі іспетті. Оған Қ.Байжанов, Ж.Елебеков, Б.Жылқыбаев, К.Әзірбаев, Қ.Бабақов, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосыновтың ән шырқау және домбыра тарту үлгілері енгізілді. Қазір бұл зерттеу еңбектеріміз өнер мектептерінде оқытылып жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»