Лашынның құстың дене бітімі шәулі құстар арасында орташа, басы, көзі, аяқ жаратылысы ителгіге ұқсайды, бірақ сәл кішірек болады. Көбінің түсі қара қоңыр шұбар, тамағы ақ жағал, қанаты ұзын, құйрығы қысқа, көзі қара, кеуде жағы жуан, қаршығадан әнтек үлкен, топшылы келген сұлу құс.
Аяқ саусақтары басқа құстарға қарағанда әлді және ұзын келеді. Түлегенде сыртқы түрі көк шұбарланып, бауыр жүні ақ сары тартады. Аяғы мен басы біркелкі, көзі қара, саусақтары салалы, тұяқтары қысқа, аяқ тегеуіріндері мықты болады. Тұяғына бір ілінсе, қармақ сықылды босатпайды. Аяғына ілінген тиген құсқа өткір тұмсығы бірге тиеді.
Лашын – тұйғын, қаршыға сықылды бірұшар құс емес, ол олжасын жалықпай көп қуады, алмай тынбайды. Сондықтан жыл құстары лашыннан қатты қорқады. Саяз сулардың үстінен лашын лашындап ұшқанда тығылған үйректерді қолмен ұстап алуға болады. Егер құстар судан ұша қашса, лашын оларды қайырып қуып тығады. Саятшылар оның осы қырандығынан «Лашын – ұзын құрық» деп мәтел шығарған.
Тағы бір сипаты – қорықпайтын өжет, қайратты, олжасын құтқармайтын қыран және ұшампаз құс. Оның тұяғы мен аузы бірдей қарулы. Тұмсығының шетінде кішкене кетік қияғы бар. Астыңғы шетінде сол кетікке дәл келіп тұратын темір араның тісіндей ирек орналасқан. Лашын осы өткір ирегін пайдаланып, желбесін құстарды қуып жетіп, желкесін немесе топшысын тістеп қиып кетеді. Желкесі қиылған құстар оқ тигендей қалбаңдап жерге түседі.
Лашын ақ бауыр қара лашын, қызыл шұбар лашын, ақшыл сұр лашын деген үш түрге бөлінеді.
Ақ бауыр қара лашынның сипаты – сыртқы жүні көмірдей қара, ала мойнақ, бауыр жүні көк шұбар, тамағының асты жемсауының үстіне дейін ақ шұбар, қанат-құйрығының тақтасы таңдайланып, қанат құйрығы судырлаған қатты, қайратты болады.
Қызыл шұбар лашынның сипаты – сыртқы жүні қоңыр қызғылт, бауыр жүні қызыл шұбар, тұрымтай жүндес келеді. Тамағының асты сары шұбарланып, желкесіне қарай саржағалданып, аламойнақ тартып тұрады. Бұл түрдің қанат-құйрығы қызғылт шұбар келеді.
Ақшыл сұр лашынның сипаты – сыртқы жүні бозғылт сұрлау, құбақанкер, бауыр жүні шымқай ақ шұбар келеді. Тамақ жүні ақбурылданып, ала мойнағы айқын көрініп тұрады.