• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Теннис 29 Маусым, 2024

«Уимблдон» басталады

118 рет
көрсетілді

1 шілдеде Ұлыбритания астанасы – Лондонда «Уимблдон» турнирі басталады. Жүлде қоры 50 миллион фунт-стерлингті құрайтын дүбірлі додада әлемнің үздік теннисшілерінің барлығы бақ сынайды. Қазіргі кезде мықтылар соңғы даярлықтарын пысықтап жатса, ортаңқол ойыншылар іріктеу турниріне қатысуда. Соның қорытындысы бойынша «Уимблдонда» өнер көрсететіндердің толық тізімі белгілі болады. Бұл жарыс 14 шілдеде мәреге жетеді.

«Үлкен дулыға» санатына еніп отырған ең мәртебелі төрт жарыстың бірі саналатын – «Уим­бл­донның» 147 жылдық тарихы бар. Бұл турнирдің тұсауы сонау 1877 жылы кесілді. Тұңғыш чемпионның есімі – Спенсер Гор. 22 үміткердің қатысуымен өт­кен доданың ақтық сынында ол Уилямс Маршалды 6:1, 6:2, 6:4 есебімен ұтып, бас жүлдені олжалады. Гор келесі жылы да фи­налға шыққан еді. Бірақ ше­шуші бәсекеде Фрэнк Хедеуге есе жіберді. Бұл теннисшілердің бар­лығы да – Ұлыбританиядан.

ХІХ ғасырда Лондонда ең нәтижелі өнер көрсеткен ойыншы – Уильям Реншоу. Лаун-теннис қауымдастығының тұң­­ғыш президенті 1881-1889 жыл­дар аралығында жеті рет же­ңімпаз атанды. Одан кейін ағайынды Дохертилердің дәуірі жүрді. Отбасының тұңғышы – Реджинальд төрт турнирде (1897-1900) топ жарса, оның інісі – Лоу­ренстің бес мәрте (1902-1906) мерейі үстем болды. ХХ ғасырдың екінші жартысында Бьорн Боргтың бақ жұлдызы жарқырай жанды. Швецияның мақтанышы 1976-1980 жылдары қатарынан бес бәсекеде шашасына шаң жұқтырмады. Өткен ғасырдың соңында Пит Сампрастың даңқы дүркіреді. АҚШ-та туып-өскен грек жігіті жеті бірдей жарыстың бас жүл­десін қанжығасына байлады.

Жаңа ХХІ ғасыр табалды­рық­тан аттаған тұста Роджер Фе­дерердің «аты» алысқа шапты. Швей­цариядан келген дүлдүлдің екпініне 2003-2007, 2009, 2012, 2017 жылдары ешкім шыдамады. Федерер барлығы 8 рет дара шықты. Шамамен сол уақытта Новак Джокович те төрткүл дүние жанкүйерлерін теңдессіз өнерімен тамсандырды. Сербияның саң­лағы 2011, 2014, 2015, 2019-2022 жылдары өткен жеті жарыс­та ал­дына жан салмады. Өздеріңіз бай­қағандай, соңғы 20 жылда өткен дүбірлі додалардың 15-ін­де жоғарыда есімі аталған қос тарланға тең келер ешкім табылмады. Даңқы дүркіреп тұрған Федерер мен Джоковичті сол кездері тұ­ғырдан тайдыруға үш тен­нисшінің ғана шама-шарқы жетті. Олар – испаниялық Рафаэль Надаль мен Кар­лос Алькарас және ұлы­брита­ниялық Энди Мар­рей. Надаль 2008 бен 2010 жылдары теңдессіз деп танылса, 2013 пен 2016 жылдары Маррейдің ме­рейі үстем бол­ды. Ал был­тырғы мау­­сымда Алькарас атой салды. Атал­ған жарыста 20 жастағы жалынды жас финалда атағы алысқа жайылған 36 жастағы Джо­ковичті жолынан ығыс­тырып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Сол турнирде Қазақстанның теннисшілері арасынан ең жақсы нәтижеге Александр Бублик қол жеткізді. Отандасымыз АҚШ-тың қос өкілі – Маккензи Макдональд пен Джефри-Джон Вулф және гер­маниялық Максимильян Мартерерді ұтты. Бірақ төртінші кезеңде Бублик ресейлік Андрей Рублевтің осал тұсын таба алмады.

Әйелдер арасындағы тур­нир 1884 жылдан бері ұйымдас­тырылып келеді. Алғашқы екі жа­рысты жергілікті ойыншы Мод Уотсон ұтты. Одан кейін ұлыбританиялық Бланш Бингли-Хильярд – 6 (1886, 1889, 1894, 1897, 1899, 1900), Шарлота Купер – 5 (1895, 1896, 1898, 1901, 1908), Доротея Ламберт-Чамберс – 7 (1903, 1904, 1906, 1910, 1911, 1913, 1914), франциялық Сюзанн Ленглен – 5 (1919-1923, 1925), америкалық Хелен Уиллз-Муди – 8 реттен (1927-30, 1932-33, 1935, 1938) теңдессіз деп танылды. Өткен ғасырдың алпысыншы және жетпісінші жылдары Билли Джин Кингтің қарқынына төтеп беру, тіптен мүмкін емес еді. АҚШ-тың аруы (1966-1968, 1972, 1973, 1975) алты турнирде адам баласын шыдатпады. Қазіргі кезде теннистен әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты дәл осы Кингтің есімімен аталады.

Билли Джин Кинг корттан кеткеннен кейін Мартина Навратилованың айы оңынан туды. Чехославакияда туып-өсіп, нағыз кемелденген шағында АҚШ-қа қоныс аударған ол 9 додада (1978, 1979, 1982-1987, 1990) талантымен дараланды. Навратиловамен иық тіресе өнер көрсеткен Штеффи Граффтың да асқан шеберлігіне сүйсінбеген жанкүйер жоқ-ау, сірә. Неміс спортшысы жеті рет (1988, 1989, 1991, 1992, 1993, 1995, 1996) бас жүлдені еншіледі. ХХІ ғасырда Лондон корттарында апалы-сің­лілі Уильямстер үстемдік құрды. Винус бес турнирде (2000, 2001, 2005, 2007, 2008) қарсылас шыдаптаса, әпкесінен асып түскен Серена жеті жарыста (2002, 2003, 2009, 2010, 2012, 2015, 2016) жеңімпаз атанды.

2022 жылы жалауы желбі­реген «Уимблдон» турнирі Қа­зақстанның әр жанкүйерінің жадында мәңгі сақталып қал­ды. Өйткені дәл осы жарыс­та Елена Рыбакина жа­сын­дай жар­қылдады. Коко Ван­девей (АҚШ), Бьянку Андреску (Ка­нада), Чжен Цинь­вень (Қытай), Петра Мартич (Хорватия), Ай­ла Томлянович (Аус­тра­лия), Симона Халеп (Ру­­мыния) және Онс Жа­берді (Мысыр) жеңген жерлесіміз бас жүлдені олжалады. Сөйтіп, Еле­­наның есімі «Үлкен дулыға» са­натындағы турнир­де топ жарған Қа­зақстанның тұңғыш теннисшісі ретінде тарихта қалды. Ал был­тырғы жарыста Елена Рыбакина ши­рек финалға дейін жетті. Бұл межеде ол Онс Жаберге есе жіберді. Мы­сыр­лық ойыншы ақ­тық сынға дейін алқынбай жет­кенімен ше­шуші тұста чехия­лық Мар­кета Вондроушоваға есе жіберді.

Санаулы күндерден кейін шымылдығы түріл­гелі отырған «Уимбл­донға» Қазақстанның төрт тен­нисшісі бірден жолдама алды. Олар – Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик және Александр Шев­ченко.

Лондондағы турнирдің жүлде қоры биыл 50 миллион фунт-стерлингті (63,6 млн дол­лар) құрап отырғанын жоғарыда айттық. Былтырғы жыл­­мен салыстарғанда ол 11,9 пайызға арт­қан. Ерлер мен әйелдер ара­сындағы жекелеген сайыс­тардың жеңімпаздары 2,7 миллион еуро (3,4 млн доллар) алса, финалистерге сол сомманың тең жартысы бұйы­рады. Тіптен «Уимблдонға» қа­тысып, ал­ғаш­­қы айналымнан аса ал­ма­ған ойыншының өзі еліне құрқол оралмайды. Тұсаукесер кездесуінде ұтылған теннисшіге 60 мың еуро (76,3 мың доллар) тиеслі.

 

«Уимблдонда» олжаға кенелген мемлекеттер (Ерлер)

Ұлыбритания – 37, АҚШ – 33, Аустралия – 21, Швейцария – 8, Сер­бия, Франция. Швеция – 7, Германия, Жаңа Зеландия – 4, Испания – 3, Мысыр, Нидерланд, Хорватия және Чехословакия – 1.

 

«Уимблдонда» олжаға кенелген мемлекеттер (Әйелдер)

АҚШ – 57, Ұлыбритания – 36, Германия – 9, Франция – 8, Аус­тралия – 6, Чехия, Бразилия – 3, Испания – 2, Швейцария, Ресей, Румыния және Қазақстан – 1.