• RUB:
    5.4
  • USD:
    472.57
  • EUR:
    508.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Шілде, 2024

Референдумда шешілетін маңызды мәселе

60 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы 2023 жылы 1 қыркүйекте «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» тақырыбында халыққа Жолдау жариялады. Маңызды құжатта елді алаңдатып жүрген күрделі бір мәселенің шешімі жария етілді. Президент елімізде атом электр стансасын салу керек пе, жоқ па деген түйінді референдум арқылы халықтың өзі шешсін деген бас­тама көтерді.

Референдум өткізу үшін халық арасында жария талқылау өткізу қажеттігі айтпаса да түсі­нікті. Өйткені Жапонияның Нагасаки, Хиросима, кейінгі Фу­ку­си­мадағы, Украинаның Чер­нобыльдегі апатының, мұ­ның бер жағында Семейдегі 40 жыл­дан аса жарылыс ошағына айнал­ған атом полигонының зар­дап­тарын ел әлі ұмыта қой­ған жоқ. Сондықтан халыққа атом­ның оң-терісін түсіндіру мақ­сатында жария талқылаулар ұйым­дас­тыру өте орынды. Осын­дай талқылаудың бірі жақында Жезқазған қаласында өтті.

Бір қарағанда, Жезқазған радиация аумағынан алыстау жатқан өлке саналуы мүмкін. Бірақ кезінде Байқоңырдан ұш­қан зымырандардың сынық­тары Ұлытау даласына да аз залалын тигізген жоқ. Салдары­нан туындаған өңірдегі экология­лық мәселелерді шешу мақса­тын­да 90-жылдардың бас кезінде құрылған «Ұлытау» қозғалысы­ның халықтың кең қолдауына ие болуы да бекер емес еді. Қазірдің өзінде ара-тұра төбесінен гептиль «төгіліп» тұратын аймақ­тың халқы атомға қатты алаң­дау­шылықпен қарайтыны белгілі.

Әрине, бүгін мен ертеңгі тір­лікті сараптап, елдің өсіп-өр­кендеуі, дамуы үшін өткен жылдардың көлеңкелі тұстарын да ескеру қажет. Дегенмен өмірдің алға жылжығанын, ғылымның дамығанын, технологияның жетістіктерін де білген абзал. Осыны қарапайым халыққа жан-жақты түсіндіру – тиісті орындардың, сала мамандарының міндеті.

Жезқазғандағы жария тал­қылауға Энергетика ми­нистр­­­лігінің өкілдері, «Қазақ­с­тан атом электр стансалары» ЖШС, Ядро­лық физика институты мен «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ мамандары арнайы қатысып, көптің көкейінде жүрген «Атом стансасын салу қаншалықты тиімді?», «Станса салатын арнайы маман­дар бар ма?», «Қай ел салады?» деген басты сұрақтар жан-жақты талқыға салынды.

«Бүкіл әлем қазіргі кезде көміртегісіз энергетикаға көшу бағытын ұстанып келеді». Осы­лай деген Энергетика министр­лігі Атом энергетикасы және өнер­кәсібі департаменті дирек­торының орынбасары Г.Мұр­салова келешектің атом энергетикасымен байланысты екенін атап өтті.

«Елімізде жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосудың қажет­тілігі әлдеқашан пісіп-жетілген. Жыл сайын электр энергиясын тұтыну 3 пайызға өсіп отырса, қазір жұмыс істеп тұрған стан­са­лардың 70 пайызға жуығы тозған. Осының барлығын ескерсек, ертең мүлдем қараңғылық құшағында қалып қоймаймыз ба? Әрине, мұндайда «сол тозығы жеткен стансаларды жөндесін» дейтін қарсы уәж айтылатыны да анық. Ел Үкіметі де осындай бағытқа көшуді мақсат етіп отыр. Әрине, әлемдік көш-керуеннен қалыс қалу өркениетке ұмтылған елге жараспайды», деді Г.Мұрсалова.

Ал АЭС салуға елімізде қа­жет­­ті шикізат, оның жұмысын жүргі­зетін мамандар бар ма? Жария талқылау кезінде бұл сұрақтар­дың да жан-жақты жауабы беріл­ді. «Егер атом стансасына ең қа­жетті уран отыны десек, елімізде өндірілген уран оты­нын көршілес Қытай елі пайдаланып жатыр. Өйткені өте сапалы. Сол өнімді өзіміздің АЭС-ке пайдалануға да болады», дейді мамандар.

Өкінішке қарай, мамандар туралы сөз еткенде көпшілігіміз өзімізде не бар, не жоғын біле қоймайтынымыз рас. Әйтпесе, «Ертең сол АЭС-те кім жұмыс істейді?» дейтін сұрақ туындамас еді. «Еліміздегі атом энергетикасын 100 пайыз отандық мамандармен қамту еш қиындық тудырмайды». Мұны талқылау кезінде Ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері Д.Жансейітов те растап отыр. Оның айтуынша, ядролық физика мамандары еліміздегі төрт іргелі оқу ордасында – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеттерінде даярланады.

«Ерекше атап өтерлігі, аталған жоғары оқу орындары ядролық физика, атом энергетикасына байланысты дүниежүзіндегі 30-дан аса елдің оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан. Олардың арасында АҚШ, Еуропа, Ресей, Түркия, т.б. жоғары оқу орындары бар. Демек бұл салада маман тапшылығы туындамайды. Негізі АЭС-те ядролық физика мамандары ғана жұмыс істейді деген түсініктің өзі дұрыс емес. Бұл – түбірімен қате. Әрі кеткенде АЭС-тегі мамандардың 20%-ы ғана солар, ал қалғандары қарапайым электриктер, энергетиктер тағы басқа мамандар», дейді Д.Жансейітов.

«Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас дирек­торы Т.Жантикин: «АЭС де­геніміз – сайып келгенде энер­гия өндіретін орын. Қазіргі стан­салардан АЭС-тің ерекше­лігі атомның мүмкіндігін пайдалана­тындығында ғана», дейді.

Сөз басында ғылымның дамы­ғаны, технологиялық жаңару­лар туралы айтып өттік. Өйт­кені халық АЭС-тің қауіпсіздігі­не алаң­дайды. Осы орайда, жария тал­қылау кезінде мамандар «Осы­дан жарты ғасыр бұрын шығары­л­ған ұшақ пен қазіргі ұшақты салыстыруға бола ма? Ұшуға қайсысы қауіпсіз?» деген сұрақ­тың жауабы қазіргі АЭС қауіп­сіздігі жөніндегі алаңдау­шылықты сейілтуге тиіс екенін алға тартты.

АЭС-ті қай ел салғаны дұрыс? Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. «Қазақстанда АЭС салуға ниетті» деген хабар шыққалы әлемнің әр қиырынан 13 ұсыныс түскен екен. Солардың арасынан таңдау төртеуіне түсіп отыр. Бұл ұсыныстар Франция, Ресей, Қытай, Корей елдерінен келіп түскен. Бірақ бұл да соңғы шешім емес. Нақты шешім ұсыныстарды саралау кезінде анықталады.

«Референдум кезінде халық желдірме сөзден гөрі, арнайы мамандардың салмақты пікіріне құлақ түргені абзал. Сондай-ақ инвестиция қай елден келсе, АЭС-ке сол елдің билігі орнай қалмайды. АЭС – біздің елдің меншігі, инвестор қаржысын құяды, белгілі келісімшартқа отырады. Бар болғаны сол ғана. Халқымыз «АЭС-ті қай ел салса, сол елдің мамандары басып алады» деген түсініктен арылуы керек. АЭС тек энергия өндіріп қоймайды. Айталық, кезінде Ақтау қаласында атом электр стансасы жұмыс істеді. Қуаттылығы 350 МВт жылдам нейтронды реакторы бар осы станса халыққа таза тұщы су беріп те тұрды. Елімізде изотоптар, соның ішінде ядролық медицина өндірісі де дамып келеді. Демек АЭС мүмкіндігін энергетикадан басқа да салаларға пайдалануға болады», дейді жиынға қатысқан мамандар.

Атом электр стансасы алдағы көптеген жылды көздеп, ескеріп барып салынатыны анық. Тәуел­сіздіктің түр-түрі бар. Соның бірі – энергетикалық тәуелсіздік. Ал соған қалай қол жеткізуге болады? АЭС-тің керектігі, міне, осында. Бұл – мамандардың сөзі. Көп жыл бойы МАГАТЭ-нің, яғни Атом энергиясы жөніндегі халық­аралық агенттік бас дирек­торы­ның кеңесшісі болған азамат, ғалым Тимур Жантикин секілді әлемдік деңгейдегі білікті мамандары бар елдің энергетика саласындағы соны жаңалықтарды пайдалануға ұмтылуы заңдылық екені сөзсіз.

Жезқазған