• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Туризм 04 Шілде, 2024

Алакөлге барар жол ашық

162 рет
көрсетілді

Мемлекеттік маңызы бар «Талдықорған – Өскемен» автожолы толықтай ашылды. Бұрын әбігерге түсетін турис­тер мен ел тұрғындары облыс ор­талығынан 2-3 са­ғат­та шипалы көлге же­тіп барады. Оның үстіне биыл 300-ден аса демалыс орны қызмет көрсетуге дайын. Олардың 2 млн-ға жуық демалушыны қабылдап алуға мүмкіндігі бар. Қазір Алакөлде күн ыс­тық, суға шомылушылар жағалауда жүр.

Алдымен жолдың жайы­на үңілсек. Жалпы, «Талдықорған – Қал­ба­­тау – Өскемен» жолының құ­ры­лысы Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. 2022 жылы Жетісуға сапарында да осы мәселені тезірек шешіп, ту­ристерді молынан тарту керектігін нақ­тылап айтқан еді. Жол елі­міздің үш өңірін Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын байланыстырады. Бүгінде ұзындығы 768 шақырымды құрайтын жолға толығымен асфальт төселді. Жақында Көлік министрі Марат Қарабаев өзі тексеріп, сапасына баға берді.

«Мамандар 40 көпір мен 6 өткел құрылысын аяқтады. Бір­қатар учаске биыл жазда пай­далануға беріледі. Жоба аясында Қойлық, Балапан, Шынқожа елді мекендері мен Аягөз қаласының айналма жолдары салынды. Жолдың 16 учаскесінде 1 мыңға жуық маман мен 600 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Үшарал қаласының маңындағы көлік айрығындағы құрылыс жұмыстары да аяқталуға жақын», деді министр.

Алакөл көліне оңтүстік жа­ғынан бару үшін «Талдықорған – Өс­кемен» автомобиль жолынан Жетісу облысындағы Үшарал кентіне жетіп, содан кейін іргелес жатқан «Үшарал – Достық» жолына өту қажет. Көл жағасымен Жетісу облысының Достық аулы­на қарай өтетін бұл учаскенің ұзындығы 180 шақырымды құ­райды.

Ал «Талдықорған – Өскемен» автомобиль жолынан Алакөлдің солтүстік жағалауына бару үшін республикалық маңызы бар «Таскескен – Бақты» автомобиль жолына өту керек. Ұзындығы 133 шақырымды құрайтын бұл учаске Абай облысының Мақаншы аулына апарады. Одан әрі Мақаншы аулынан көлге жету үшін облыстық маңызы бар «Мақаншы – Жалаңашкөл» автомобиль жолымен жүруге болады.

Айта кетерлігі, Алакөл көліне жолаушылар республикалық маңызы бар «Талдықорған – Өске­мен» автомобиль жолы арқылы қатынайды. Жалпы, нысанды толық аяқтап, халық игілігіне тап­сыру 2024 жылдың соңына жос­парланған. Қазір шипалы көлге демалушылар осы жол арқылы жүріп жатыр. Бүгінде 100 мыңнан аса адам демалған.

Өңірлік баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл Алакөл жаға­лауында бір жолғы сыйым­дылығы 16,2 мың төсектік орын болатын 302 туризм нысаны орналасқан. Осы жылы жеке инвестициялар есебінен 1,4 млрд теңгеге тағы

8 нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Өткен жылы Алакөлге шамамен 1,6 млн адам келсе, биыл 2 миллион турист келеді деп кү­тіледі.

Облыстық кәсіпкерлік және ин­дустриялық-инновациялық да­­му басқармасының дерегінше, Алакөл бағытына жаз­ғы маусымда аптасына 28 рет Ас­тана, Ал­маты, Талдықорған қала­ла­рынан 3 авиарейс барған. Оның ішінде «Алматы – Үшарал» және «Талдықорған – Үшарал» рейс­тері субсидияланады. 1 ком­мерциялық «Астана – Үшарал» рейсі бар. Оған қоса Алматы, Астана қалаларынан, Шығыс Қазақстан және Абай облыс­тарынан 12 теміржол рейсі, оның ішінде «Астана – Достық» ба­ғытында «Тальго» пойызы жүреді. Жазғы уақытта «Алматы қаласы – Ақши ауылы – Көктұма аулы», «Талдықорған қаласы – Ақши аулы – Көктұма аулы» бағыттары бойынша 50 орындық автобус маршруттары тұрақты түрде қызмет көрсетеді.

Алакөл көлінде оқыс жағ­дай­лардың алдын алып, жедел ден қою үшін ТЖД құт­қару бөлімшесі сүңгуір жаб­дық­та­рының 21 жиынтығын, жаңа қозғалтқыштармен жаб­дық­талған 7 моторлы қайық, 2 ре­зеңке қайық, 2 УАЗ, Нива, КамАЗ және әмбебап «ТРЭКОЛ» автомашиналарын дайындады. Ақши мен Көктұма ауылдарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша өрт сөн­діру бекеттері ұйымдастырылды.

Аталған елді мекендерге жаз­ғы маусым кезеңінде тәулік бойы кезекшілік ету үшін жедел жәрдем дәрігерлерінің екі бри­гадасы жіберілді. Көліктік бақылау инспекциясы жүзу құ­рал­дарын бақылауды жүзе­ге асыру үшін қайық сатып алып, енді биыл судағы қоз­ғалыс қауіпсіздігін екі инс­пектор ба­қылайды. Жағалаудың таза­лы­ғын қамтамасыз ету үшін 120 қо­қыс контейнері мен бак, 24 санитарлық-гигиеналық торап және 10 биотуалет орнатылған.

Жетісу облысы