Осы аптада әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан елдердің назары елімізге ауды. Себебі бас қаламыз – Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр. Тарихы терең басқосуда ауқымды мәселелер талқыланады. Соның ішіндегі аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудан бастап, өңірдегі тұрақтылықтың тетіктері нақтыланбақ.
Алқалы жиынға 16 елдің президенті мен үкімет басшылары, сондай-ақ 7 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысады. Осының өзі-ақ бұл жолғы ұйымның отырысы дәстүрлі форматтан анағұрлым өзгеше болатынын көрсетіп отыр.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1996 жылы Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан басшылары Шанхай қаласында бас қосып, Шекара аумағында әскери сенім шараларын күшейту туралы Келісімге қол қойған еді. Ал 2001 жылы «Шанхай бестігінің» негізінде ШЫҰ құрылды.
Кейін ұйым ауқымы кеңейіп, Пәкістан, Өзбекстан, Үндістан, Иран мемлекеттерімен толықты. Алдағы Астана саммитінде Беларусь ұйым құрамына қабылданады деп күтіліп отыр. Демек бұл ұйымның халықаралық аренадағы беделінің артып, қауымдастық көтерген мәселелердің шешілу жолдары күн тәртібінде тұрғанын көрсетіп береді. Осылайша, бүгінде ШЫҰ Еуразиялық ұйымға айналып келеді.
Еліміз 2004, 2010 жəне 2016 жылдары осы ұйымға төрағалық еткен болатын. Былтырғы саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төртінші төрағалығымыздың басым бағыттарына тоқталып, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сауда-экономикалық байланыстарды арттыру, энергетикалық ынтымақтастықты күшейтіп, цифрлық саладағы әріптестік аясын кеңейту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту және экология саласындағы өзара бірлескен әрекетті нығайтудың маңызын айтқаны есімізде. Біздің елдің бастамасымен биыл ШЫҰ-да «Экология жылы» болып жарияланды.
Ақпан айында Алматыда ШЫҰ-ның Цифрлық форумы, ал сәуірде Түркістанда «Алтын Орда жəне оның мұрасы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Жалпы, бір жылдың ішінде 150-ден аса іс-шара ұйымдастырылды. Осындай ауқымды іс-шаралар ұйымға мүше елдердің ынтымақтастығын арттырып, өңірге ортақ мәселелердің оңтайлы шешілуіне серпін береді. Ал 3-4 шілде күндері өтетін саммит қорытындысы негізінде түрлі салаға қатысты 20-дан астам құжат қабылдау жоспарланып отыр. Соның ішінде негізгі саяси құжат – Астана декларациясы қаралады. Бұл құжатта ШЫҰ-ның халықаралық өзекті және өңірлік мәселелер бағытындағы ұстанымы айқындалып, ұйымның өткен кезеңдегі қызметі қорытындыланбақ. Ұйымға қажетті бұл құжат өңірді дамытудың әрі қарайғы бағыттарын нақтылап, қарым-қатынасты жаңа бағытта жандандырады.
Ерлан АХМЕДИ,саяси сарапшы