Аралас жекпе-жек спорт түрін әуесқойлар арасында дамытқан дұрыс па? Үй орнындай октагонның ішінде қан-жоса айқасты насихаттау, теледидардан көрсету қаншалықты орынды? Тіпті ММА жылдан-жылға «жасарып», жеткіншектер арасында да кең етек алып барады. Он екі мүшеңнен ауыр соққы алатын зілмауыр спорттың зардабын да тартатын – спортшы. Жуырда Ақтауда ММА-дан турнир үстінде түбіт мұрты тебіндеп келе жатқан жасөспірім жан тапсырды. Мәжіліс депутаты, «Алаш прайд» клубының құрметті президенті Данияр Қасқарауовпен сұхбатымыз дақпырты басым ММА спорты төңірегінде өрбіді.
– Өзіңіз де естіп-білдіңіз, жақында Ақтау қаласында аралас жекпе-жектен өткен турнирде 17 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Жарыс кезінде жан тапсырған жасөспірім қазасының себебін тергеу орындары анықтайды. Айтпағым, ММА спортын әуесқойлар арасында дәріптеу, насихаттау, балаларды баулу қаншалықты орынды?
– Батыс елдерінде, басқа да мұсылман дінін ұстанатын азаматтар аз тұратын мемлекеттерде ораза айында спорттық жарыстар тоқтаусыз өткізіле береді. Әсіресе ММА спортынан. Біз «Алаш прайд» клубын құрған уақыттан бері берік ұстанатын қағидамыз: ораза айында және одан кейін бір ай мерзімде ешқандай жарыс өткізбейміз. Біз үшін спортшының денсаулығы, өмірі маңызды. Ақтауда өткен жекпе-жек сайысында қайтыс болған спортшы ауыз бекітіп, ораза тұтқандықтан қайтыс болды деп те тон пішуге болмайды. Тергеу, тексеру барысында өлім себебі нақтыланады.
Менің айтпағым, жалпы ММА спортын тек кәсіпқойлар арасында ғана жандандыру керек. Жекпе-жекке түсетін екі спортшының бірін-бірі жеңуі үшін аяусыз сабайтын доданы теледидардан насихаттап та көрсетуге көрермен ретінде, осы спорттың ішкі әлемін тереңдей білетін маман есебінде түбегейлі қарсымын. Жасөспірім балалар арасында да ММА спортынан жарыс өткізіліп жүр. Яғни барлығы да – әуесқойлар арасындағы дода. Сондықтан ММА спортымен әуесқойлардың шұғылдануын, сайысқа қатысуын құптамаймын. Себебі бұл – нағыз ерлердің жекпе-жекке түсетін додасы. Бірнеше спортты қамтитын саланы экраннан насихаттап, көпке жарнамасын жасаудың аса қажеті жоқ. Ал енді қатыгездікке үндейтін спорт түрі емес пе деген сұрақ туындап отыр. Тай боксы дегенді білесіз, мұнда да қан-жоса төбелес. Жауынгерлік самбода да баспен ұруға рұқсат, қолмен соғып, аяқпен теуіп қарсыласыңды сұлатып салуға тоқтам жасамайды төреші. Осы қырынан алғанда ММА спортын, яғни аралас жекпе-жекті қатыгездікті насихаттайды деп келте байлам жасауға болмайды. Бұл спортқа тек кәсіпқойлар ғана келуі керек. Жалпы, бізде жекпе-жек спортында ауқымды реформа жасалып, жұмысын жүйелі жүргізу қажет. Білікті мамандарды осы спорттың төңірегіне топтастырудың уақыты әлдеқашан келді.
– Демек ММА спортынан әуесқойлар арасында сайыс өткізудің де қажеті жоқ па?
– Жекпе-жек спортына мықтының мықтысы, жүрегінің түгі бар, спортпен кәсіби түрде шұғылданатын саңлақтар келуі керек. Жарыс та осындай түрлі сыннан өткендер арасында өрбуге тиіс. Ал әуесқойлар арасында турнир өткізуді кім қадағалап отыр? Қатысушы спортшылар медициналық тексерістен өте ме? Төрешілердің біліктілігі қалай сараланады? Тәжірибелі төрешіні шақыртса, қалтасына салмақ, содан кейін спортты біледі-ау деген таныс-біліс жаттықтырушыларды да төрешілікке тартады. Бұған бас қатырмаған соң да әлгіндей келеңсіздік орын алады. ММА – аудиториясы айдындай кең спорт түрі. Елімізде ММА спортымен кәсіби шұғылданып, түрлі халықаралық сайыстарда байрағымызды желбіретіп жүрген спортшылардың басым көпшілігі – ауылдың балалары. Олар спортта шыңға шығу үшін ақысын төлеп, жаттығу залына барады, қаржысын шығындап, түрлі дәруменін алады. Бюджет қаржысының ешқандай да шарапатын көрмейтін спортшылар табыс табуы үшін де осы саланы таңдайды. Көбіне ауылдан шыққан, бала кезінен спортпен шұғылданып, шыңдалған саңлақтар келеді. Еліміздің атынан түрлі деңгейдегі халықаралық додаларда жеңіске жетіп, мәртебемізді асырады. Осы биікке жету жолында олардың қалай тер төгетінін, жанкештілікпен жаттығу өткізетінін сырт көз сезіне бермейді. Әуесқойлардың ММА деп түрлі шоу жарыс өткізуіндегі кемшіліктер кәсіпқой спортшыларды да сынға ұшыратып отыр. Осыған бір тоқтам болуға тиіс деп санаймын. Тек мықтылардың арасынан іріктелген сайдың тасындай сақа жігіттердің жекпе-жек өткізетін алаңын мазаққа айналдырушылар артып барады. Көрермен арасында оның ара-жігін айырып, салмақтап, саралайтындары некен-саяқ. «Соқыр тауыққа бәрі – бидай» дегендей, жанкүйерге ММА-ның әуесқойлар мен кәсіби спортшылар арасында айырмасы жоқ. Октагонның ортасында тұрып аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып былапыт сөз айтуы, оғаш қылық көрсетуі – кәсіби спортшыға тән қасиет емес. Өкініштісі, жастар соларға қарап бой түзеуге бейім, еліктеуге ынтық. ММА қазанында қайнағаннан кейін сөз бәрімізге тиеді. Осындай есерсоқтардың кесірі кәсіпқой спортшылардың да атына кір келтіреді.
«Алаш прайд» клубының жекпе-жек кешін өткізгенде қатысушы саңлақтарды сұрыптау қатаң жүргізіледі. Тіпті әрбір қатысушының бұған дейінгі спорттағы жетістігі, қандай спортпен шұғылданғаны бәрі-бәрі жіті зерттеледі. Көрерменді алдап, көпшіліктің көңіліне күмән ұялатып, әлсіз спортшыларды жинап алып сайыс өткізу де дұрыс емес. ММА спортын кәсіп көзі емес, спорттың ірі өрісі деп қарау керек.
Аралас жекпе-жектен ауқымды турнирлерді ұйымдастырып өткізуші промоутер ретінде айтарым, сайысқа қатысушы спортшының тағдыры – бәрінің мойнында. Дәрігер додаға қатысудың алдында толыққанды тексерістен өткізуге тиіс, сайыс үстінде төрешінің қырағылығы да майданға түседі. Ол спортшының жайсыз сезінгенін дер уақытында байқап, жекпе-жекті тоқтатуға міндетті. Спортшының жеке бапкері де шәкіртінің қандай көңіл-күйде екенін терең білуі керек.
– 2021 жылы өткен Токио Олимпиадасындағы сүреңсіздіктен кейін де қазақ спортына қарата айтылар сын үдеді. Бірнеше спорт түрін мемлекет есебінен қаржыландыруды тоқтату керек екенін, тек медаль олжалауға тиімді, еліміздің табиғи климатына қолайлы спорт түрлерін дамыту қажеттігі айтылып келеді.
– Менің пікірім мынаған саяды: спорт – ең әуелі халықтың саулығы. Кәсіби түрде шұғылданып, тереңдей ену әр адамның икеміне қарай болуы керек. Ал бізде ресми тіркелген спорттың басым көпшілігі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып, орта қазанға ортақтасады. Ешқандай нәтиже де жоқ, дамығанымыз да шамалы. Міне, осындай мардымсыз спорттың әр түріне қаражатты ысырап етпей, керісінше, бұқаралық спортты дамыту жолына арнап, ауылдық жерлерден алаңдар салып, стадион соғып, жаттығу залын ашса, ұлт саулығына бастар жол болмай ма? 20-30 мың халық тұратын ауылдарға барсаң, балалар ойнайтын спорттық алаңқай жоқ, спорт кешені қолжетімді емес. Кәсіби спортты дамытудың стратегиясы болу керек. Қазынадан қаржы бөлуде ешқандай қазымырлық танытып жатқан жоқ мемлекет. Тек соны ұқсата алу керек. Олимпия ойындары мемлекеттің мәртебесі мен айбары таразыға тартылатын сын болғандықтан, соның нәтижесіне қарап әлеуетіңді бағамдайсың. Париж жазғы Олимпия ойындарының да дүбірі құлақ түбінен естіліп тұр. Спорт саласында атқарылатын ауқымды шаруа шаш-етектен.
Әңгімелескен – Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,«Egemen Qazaqstan»