Тұлғалардың орны мен даңқының уақыт озған сайын биіктей түсетіні бар. Оның ең үлкен себебі, соңында қалдырған мұрасының молдығында емес, құндылығы мен құнарлылығында, маңыздылығы мен қалың қатпарында болуы керек. Қазақ халқының асыл қазынасы қос ішекті қара домбыраны өміріне серік етіп, ал қалақтай жүрегін тиек етіп, сиқырлы саусағынан сорғалаған күйімен жылағанды жұбатып, құлазығанды қуантқан Қаршығасын қазақ ешқашан ұмытпақ емес. Күмбірлеген үннің кереметі дәріптелетін осынау атаулы күннің қарсаңында әйгілі күйшіні еске алсақ, ұлт өнерінде ұмытылуы мүмкін емес есімді жаңғыртып отыруды парыз санағаннан. Қызықты естелік сұрап, қолқа салғанда, қимас жан туралы сағаттап сөйлеуден талмайтын жарынан артық кімді табарсың? Нұрбике Ахмедиярова – қазақ өнерін күймен көмкерген әйгілі күйші, дәулескер домбырашы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қаршыға Ахмедияровтың қырық жыл отасқан жары. Қырық жыл медицина саласында талмай қызмет атқарған денсаулық саласының ардагері, тәжірибелі педиатр дәрігер. Еңбек жолын қарапайым учаскелік дәрігерліктен бастап, емхананың бас дәрігеріне дейін көтеріліп, ұжым басқарған білікті басшы да болған.
– Нұрбике апа, күй қағанының домбырасын жаутаңдатып тастап кеткеніне де он бес жылға жуық уақыт өтіпті. Алтын бесігі – Атырауын аралап жүріп, аяқасты кетіп қалғаннан кейін нағыз рухани жоқтаушысына айналып, жып-жылы ошағының отын сөндірмей, түтінін түтетіп келесіз. Қаршыға ағамен қалай танысқан едіңіздер?
– Қыз бен жігіт кездейсоқ жолығыспайтын болар деп ойлаймын, Қарекеңмен де тағдырдың бізге арнап жасырған жұмбағын бірге шешу үшін кезіккен болармыз. Мен 1966 жылы Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медицина институтына оқуға түстім. Сол жылы қараша мерекесіне орай ұйымдастырылған жастар кешінде алғаш Қарекеңді көріп, танысқан едік. Алғашқы кездесулерден кейін жан дүниемде сәуле шашқан жарықтың пайда болғанын, жүрегімдегі жылылық пен мейірбандықтың молая түскенін сезіндім. Асылы, бұл сезім Қарекеңнің бойынан тарап жатты ғой деймін. Махаббат шоғының екеумізді де қарығанын түсіндік. Консерваторияның соңғы курсында, ал мен 4-курсты тәмамдайтын тұста ол жайлап сөз салып: «Анам 41 жасында өмірден өтіп кеткен еді. Қайтыс боларының алдында әкеме: «Мен көрмеген жақсылықтың, қызықтың бәрін сен көр, Қаршығаны сондай жеңіл босанып едім. Қаршыға ренжіп жүрсе, мен де тыныш жата алмаймын. Шамаң келгенше Қаршығаға дейінгі балалардың бәрін өзің аяқтандырсаң деп айтып кеткен екен» деген сипаттағы әңгімесінің шетін шығарып айта бастады. Ең кенже қарындасын босанып жатып бақилық болған анасының тілегі ғой. Сөйтіп, 1970 жылы екі студент бас құрап, шаңырақ көтердік. Жасы жетпістен асып кеткен қарт әкесі ұлының ел жақтың қызын алғанына қатты қуанды. Содан тұп-тура 40 жыл екі апта бір шаңырақ астында ерлі-зайыптыға тән отбасылық ғұмыр кештік.
– Қаршыға Ахмедияровтың «Күй-ғұмыр» атты кітабын оқып отырғанда, ол кісінің сіздің адалдығыңызды, ақыл-парасатыңызды, еңбекқорлығыңызды бағалағанынан бөлек білімдарлығыңызды ала-бөтен құрметтегенін байқап, сүйсініп қалдық. Талантты адамдардың білімді ерекше қадірлейтіні белгілі, ал еріңіз сіздің бұл қасиетіңізді тіпті төбесіне көтерген екен...
– Рас, Қаршыға кеудесін рухани қазынаға толтырған білімді жандарды құрмет тұтатын. Мен мектепті алтын медальмен бітірдім. Бүгінгімен салыстырғанда, ол кезеңде мектепті медальмен бітіру оңай шаруа емес еді, осыны Қарекең үлкен жетістікке балайтын. Тіпті Нұрбике Жұмағалиеваның 11-сыныпта жазған шығармасы облыстық білім басқармасында елу жыл үлгі ретінде сақталғанын үйіме келген қонақтардың бірінен естіп таңғалғанбыз. Қандай тақырыпта әңгіме қозғалса да, бір-біріміздің ой-пікірімізді толықтай тыңдап, келіссек, байыпты сөзбен байытып, келіспесек, өз айтқанымызды күштеп таңуға тырыспай, сыйластық таныттық. Сондықтан болар, қас-қабақпен түсіністік. Өзі алаңсыз өнермен айналысқаннан кейін, ертелі-кеш жұмыста, гастрольдік сапарларда жүретіндіктен, бала тәрбиесі, есеп-қисап, ағайын-туыспен қарым-қатынас, келімді-кетімді қонақ сияқты бір үйге тиесілі толастамайтын шаруа толықтай менің мойнымда болды. Ауылда туып, ата салт, жөн-жоралғыны жақсы білетін қасиетімді Қарекең жоғары бағалап отыратын. Ғылым жолын қууға мүмкіндік болып тұрғанда да, бас тартып, өзімді балаларыма, олардың болашағына арнауды жөн көрдім. Себебі менің өмірдегі үлкен жетістігім – отағасының, балаларымның жетістігі. Өмірге үш бала келді. Үлкен баламыз Ерланның музыка жағынан қабілеті болғанымен, О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінде оқып, алтын медальмен бітірді. Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған алғашқы 20 баланың бірі. Қызымыз Раушан – скрипкашы, ол да АҚШ-та білім алды, Американың симфониялық оркестрінде жұмыс істеді, концертмейстер, халықаралық талапқа сай біліктілігі жоғары музыкант. Ал кіші ұлымыз Ерболат – консерваторияның фортепияно мен дирижерлік класында қатар оқып, Абай атындағы ұлттық опера және балет театрында қызмет атқарды, дирижер. Консерваторияның 2-курсында оқып жүргенде, әкесі әлемдік деңгейдегі өнердің інжу-маржан тұлғасы Төлепберген Әбдірашевқа: «Мына баламның сүйегі – менікі, еті – сенікі. Өзің не білесің, соны үйрет» деп тапсырып, онсыз да таңнан кешке дейін сабағына тыңғылықты дайындалатын Ерболат екі есе ауыр жүктеме, талап-тапсырмаларды орындап жүріп оқыды. Қаршыға балаларының білім алуына, тәрбиесіне аса жауапты қарады. К.Байсейітова атындағы музыка мектебінде оқыған Раушанды кішкентай күнінен мектепке өзі апарып, сабағына қатысып, қадағалап отыратын. Балаларын мектепке тасып, бірге қатысып, бақылап жүріп, өзі де кәсіби жағынан біршама өсіп, Раушан мен Ерболаттың арқасында скрипка мен пианинода ойнауды да әжептәуір үйреніп алды.
– Бар саналы ғұмырын ұлттық өнерді өрістетуге, күйшілік дәстүрді дамытуға арнаған, Құрманғазы мен Динаның сарқытындай Қаршыға ағамыз тегін жерден шықпаған көрінеді. «Құрманғазының мылтығы Қаршығаның әкесінің қолында болды» деген деректер айтылады. Сол рас па?
– Иә, бұл – шындық. Атамыз «Құрманғазының мылтығы бәлен деген адамның үйінде» дегенді естіп, іздеп барып, сауып отырған бұзаулы сиырын беріп, өзінің ұстап жүрген винтовкасын қоса сыйлап, әйгілі күйшінің мылтығын сатып алған екен. Қайынатам ауыл-аймаққа аты шыққан аңшы, әнші, сері адам болған деседі. Құрманғазының сол қара мылтығымен талай аңға шығып, құс салып, бала-шағасын ас-ауқаттан тарықтырмай бағады. Көзінің қарашығындай сақтап, күтіп-баптап ұстайды. Қаршыға қайтыс боларының алдында мылтықты Иманғали бауырының өтінішімен Атыраудың облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырып кетті. Кейін мылтыққа сараптама жасалғанда, оның Тула қаласындағы зауытта жасалғаны анықталды. Ұңғысының үстіңгі жағындағы «Тула. 1849 жыл» деген жазуы да өшпеген.
– Кеңестік кезеңде қазақ өнерінің қадамы қысқа, мойындалуы кемшін болғаны белгілі. Сондай тар құрсауда жүрген кездің өзінде Қаршыға аға БҰҰ-ның өзін дүр сілкіндірген дейді ғой...
– 1981 жылы Қазақстан өнер шеберлері АҚШ-қа сапарлап барып, Біріккен Ұлттар Ұйымының ең жоғарғы қабатында қабылдауда болғанда, Олжас Сүлейменов өлең оқып, Қаршыға күй тартқан болатын. Қазақ елі азаматтарының, әсіресе Қаршығаның өнерін америкалықтар аса зор құрметпен қабылдайды. Қазақстанға оралғаннан кейін Орталық Комитетке шақырылған жиында сол оқиғаға куә болған Ермек Серкебаев Қаршығаның сондағы өнерін жоғары бағалап, елдегі лауазымды тұлғаларға америкалықтардың ықыласын жеткізеді. Осы жағдайдан кейін оған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, ал келесі жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атақтары берілді. Бұл – Қаршығаның қырықтан жаңа асқан кезі.
– Қайбір жылы Қаршыға аға 650 домбырашының басын қосып, күй тартып, Гиннестің рекордтар кітабына енген деген ақпарат кең тарады. Өмірін күй өнерінің қазығына байлаған ағамызға бұл идея қайдан келіп жүр?
– Қазір 1000, 2000 домбырашының басын қосып, күй тартатын дәстүр онша-мұнша таңсық емес. Ал Қаршыға 6 жастан бастап 60 жастан асқан 650 домбырашының басын қосып концерт беру идеясын жиырма жыл бұрын көтерді. Бастапқыда бұл концертті Алматыдағы Республика сарайында өткізу жоспарланды – орайы келмеді, кейін Студенттер сарайында өткізбек болды, ол жерден де рұқсат ала алмады, ақыр соңында концертті Оқушылар сарайында ұйымдастыратын болды. Оқушылар сарайының сахнасы тарлық етіп, күй тыңдауға келген халықты сахнаға орындық қойып жайғастырып, ал залға 650 домбырашыны отырғызып, концерт берді. Кейін бұл концерт Гиннестің рекордтар кітабына енді.
– Әлемге таңдай қақтырған әйгілі күйші өзі өмірден өтсе де, рухани ізгі істердің бастаушысы болып жүргеніңіз көпке аян. Қаршыға ағамызға қатысты барлық игі шаруаның басы-қасынан табыласыз. Тіпті қайын жұртыңыздағы мектепке еріңіздің есімін алып беріп, сондағы білім ошағына жасап отырған қамқорлығыңызды естіп, көпке дәріптегіміз келген ой туды..
– Бар өмірі тар жол, тайғақ кешумен өткен Қарекеңнің екі бүйрегі бірдей сыр беріп, Қытай еліне емделуге кетіп бара жатқанда, өзі туып-өскен Таңдайға арнайы барды. «Ауылыма енді келермін-келмеспін, бірақ осындағы балалардың ана ауылда 4-сыныпқа дейін, мына ауылда 6-сыныпқа дейін әр жерде шашырап оқитыны Алматыда жүрген менің жаныма батады. Ауылда жөнді мектеп жоқ. Атырау облысының әкімі болып келіп жатырсың ғой, ауылымның балаларының жылы жерде, жарық жерде, заманауи мектепте оқығанын қалаймын. Саған бір өтінішім болсын, ауылға онжылдық мектеп салып берсең» деп жанында тұрған И.Тасмағамбетовке өтініш айтты. Қарекең Қытайдан бүйрек салдырып аман-есен елге оралғанда, Иманғали Нұрғалиұлы уәдесінде тұрып, мектеп салып қойды. Тікұшақпен алып барып, жібекбауын екеуі өз қолдарымен қиды. Сондағы И.Нұрғалиұлының сөйлеген сөзі таспаға жазылып қалған екен. «Қытайға кетіп бара жатқанда ағам маған тапсырма беріп кетіп еді. Ағам орталарыңызға аман-есен келіп тұр, мен де ағаға берген уәдемді орындап, мектеп құрылысын аяқтап, бүгін, міне, лентасын қиғалы тұрмыз. Болашақта мектеп ағамның атымен аталатын болады», деген еді сонда толқып тұрып. Кейін осы сөзді Білім министріне дейін жеткізіп, мектепті Қаршыға Ахмедияровтың атымен атауға бар күшімді салдым. Сөйтіп, 2014 жылы мектеп Қарекеңнің атымен ашылған соң тарихын тексеріп, әбден зерттедім. Қазір өмір күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп жатыр. Бүгінгі заманның талабы басқа, біліммен, ақыл-оймен, технологиямен озатын уақыт келді. Ойын-күлкі, салғырттықты, жалқаулықты көтермейді бұл кезең. Ал соңғы 25 жылда мектепті «Алтын белгімен» бітірген бірде-бір оқушы болмаған. Білім көрсеткіші жағынан аудан мектептерінің арасында соңғы орындардың бірінде жүргеніне қарадай қынжылдым. Қаршығаның атын арқалаған мектептің алдыңғы қатарда болғанын шын қаладым. Сөйтіп, балаларды ынталандырудың әдіс-амалдарын жан-жақты қарастыра бастадым.
– Қалай ынталандырдыңыз? Өзге білім ошақтары мен басқа оқушы балаларға да үлгі болсын, өз тәжірибе-тәсіліңізді бөлісе отырыңыз...
– Біріншіден, мен кәсіпкер емеспін. Екіншіден, жалғанда мақтанды сүймеймін, менікі сұраған соң жауапсыз қалдырмайын деген ниет, әңгімем мақтангершілік болмасын. Иә, көп ойландым. Не істеу керек? Мал жұтайды, өнер-білім жұтамайды. «Білім – шеті мен шегі жоқ қызық әлем, сондықтан жарысып оқыңдар, балалар. Араларыңнан шығатын «Алтын белгі» иегеріне Қаршыға аталарыңның отбасы атынан 100 000 теңге шәкіртақы тағайындаймын», деп оқушыларға уәде бердім. Әзірлеп апарған сертификатты мектеп директорына табыстадым. Нәтижесі сол, кейінгі жеті жылда Қаршығаның мектебінен он «Алтын белгі» иегері шықты. Шәкіртақыны тапсыру үшін Таңдай ауылында өтетін соңғы қоңырау салтанатына жыл сайын барып қатысып, үздік оқушыны марапаттап қайтатын дәстүр де қалыптасып қалған еді. Тек пандемия кезіндегі онлайн оқудан кейін әрі өз денсаулығымның да сыр бере бастағанынан соңғы екі-үш жылдықта ауылға бара алмадым. Қаршығаның 75 жылдығында ерім өзі сатып алған, сыйға алған, әкелерімен бірге балаларым да ықыласпен оқып, сөренің сәнін келтіріп тұрған 300 кітабын мектеп кітапханасына апарып тапсырдым. 10 домбыра, музыкалық орталық, 5 компьютер сыйладым. «Қаршыға Ахмедияров атындағы домбыра класы» деген кабинетке ұлттық ою-өрнегі көздің жауын алатын әдемі кілем апарып төседім. Мектептің ауласында күйшінің 8 метр бюстін орнаттық. Портреттерін апарып табыстадық. Ең бастысы, әкімнің қабылдауына кіріп, күйші ұлдарының мерейтойына орай ауылдың барлық көшесіне асфальт төсеп бердік. Мұндай шаруа алдағы уақытта әлі де болса жалғасын табады.
– Нұрбике апа, мамандығыңыз дәрігер болса да, ауызекі тілде төгіліп тұрған шешенсіз. Қаршыға секілді қазақтың жақсысына қырық жыл жолдас болғанда, талай жақсы-жайсаңмен дәмдес болып жүріп жетілген қасиет секілді көрінді. Талант-тарпаңмен бір адамға айналып, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүрудің сыры неде?
– Қаршығамен өткен қырық жылым көрген түстей болып қалса да, өміріміздің әр сәті көңілімде сайрап тұрады. Ерім үнемі алдымда жүрді, мен саясында тұрдым. Отбасының да күнгейі мен теріскей жағы бірдей болады, бірақ махаббат пен сыйластықтың арқасында мағыналы өмір сүрдік. Біреудің алдында иіліп-бүгілуді бойына ар көретін өр мінезінде отбасындағы жақындарын аялаған кіршіксіз көңілі сезіліп тұратын. Үйіміздің қонақсыз отырған күні болған жоқ. Қолдау күткен, жәрдем тілеген, жай ғана көргісі, әңгімелескісі келген адамның бәрі біздің үйден табылатын. Тіпті болмаса Қарекең жолында кездескен адамды да үйге өзі ертіп алып келетін. Жаны жомарт, қолы ашық, мәрт мінездің иесі болды. Дүниеқоңыздыққа салынбады. Барға – қанағат, жоққа – салауатпен қарады. Тіпті дүрілдеп аты шығып, танымал бола бастаған кезінде, Құрманғазы оркестрінде қызмет атқарып отырғанында, бала-шағасымен 1,5 пәтерде қысылып-қымтырылып отырса да, «ананың үйі жоқ, мынаның пәтері тар» деп өзіне тиесілі пәтерден бас тартып, үйсіз-күйсіз жүрген не көпбалалы қызметтестеріне жол беріп отырды. Шаңырағымыз шағын болса да, кейініректегі кең үйлерде де отбасымыз музыканттар мен әртістердің, ақын-жазушылар мен суретшілердің, күллі шығармашылық адамдарының ордасы іспетті шат-шадыман шаттық күйінен арылмады. Қызметімнен бір күн қалмай жүріп те, сол арылмайтын қалың қонақты атқарып, бәріне үлгеріп жататынмын. Қаршыға реанимацияға түскен сайын: «Менің артымды сен ғой жинайтын» деген сөзді жиі айтатын болды. «Қай жаққа кеткелі жатырсың?» деп мән бермеуші едім. Тіпті бір күні мені ертіп алып, екеуміз Байсат деген ыдыс-аяқтың базарына барып, қазан қарадық. «Қазанды қайтпексің?» деймін. Онысымен қоймай, Қарекең базардың ортасында тұрып алып: «100 литрлік қазан кімде бар?» деп айғай салады. Мен ұялып, төмен қараймын. Өмір бойы қазанның құлағынан ұстаған әйел атым бар емес пе, «мұнда ондай үлкен қазан сатылмайды, қай жерде сатылатынын көрсетейін саған» деп, 1-Алматының базарына оны мен ертіп апарып, сол жерден үлкен тайқазан, жанына қоярда қоймай 25 литр қазанды қоса сатып алып едік. Өзінен кейін қалатын өмірді ойлап, мен қиналмасын деп, қамқор пейілден танбаған жанашыр болған түрі ғой. Қазір «адам сыйлау, қонақ күту мектебінен» өткен екі келінім Ләзиза мен Әмина да отбасы құндылығын бәрінен биік қоятын көшелі мінезімен өз ұяларының берекесін келтіріп, айрандай ұйытып отыр.
– Қаршыға ағаның екінші ғұмыры басталып кетті, ұлықтау, тағзым ету ісіне көңіліңіз тола ма?
– Қаршыға 2003 жылдары Махамбет атындағы сыйлықты иеленді. Бұл сыйлық оған тектен-тек берілген жоқ, жанкешті еңбек сіңірді. Вивальдидің «Времена года» дегені сияқты Қаршығаның да «Жыл мезгілдері» деген топтамасы бар. Бұл еңбегі үшін де мемлекеттік грантқа ие болды. Ол «Қазақтың күйі өлмесін» деген ойды өмірінің темірқазығы етті. Қытайдың ауруханасында ауыр ота жасатып жүріп, дәрігерлердің ескертпе-талабын тыңдамай, сондағы қазақ радиосына барып 50 күй жаздырды. Донор бүйрекпен жүрсе де, домбыраға жанын салып екі адам еңбек етсе, соның бірі – Қаршыға, бір адам еңбектенсе, ол да Қаршыға болар. Домбыра Қаршығаны шыңға шығарды, Қаршыға да домбыра үнін алысқа самғатты. Қаршығаның өнеріне төрткүл дүние тік тұрып түгел қол соқты. Атап айтқанда, күллі ТМД елдерін айтпағанда, Қытай, Түркия, Үндістан, Филиппин, Корея, Франция, Германия, Испания, Италия, Португалия, Бельгия, Мажарстан, АҚШ, Африка елдері оның өнеріне тәнті болды. Қазақстанның классик жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Қаршыға күй өнеріндегі феномен» деп баға берген еді. Күй өнерін осы күнге жалғап кеткен талантты Қарекең Қазақстанның Еңбек ері атағына лайық екенін замандас қайраткерлер, өнер тұлғалары жиі айтатын. Осы аманатты Домбыра күні қарсаңында қайта бір жаңғыртуды қаладым. Ел тұрғанда, күйші Қаршыға Ахмедияров есімі ұмытылмайтыны ақиқат. – Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ