Бүгінде әлемдегі геосаяси жағдай тұрақсыз болып тұр. Түрлі қақтығыс пен ұлтаралық дау-жанжал өршіген тұста халықаралық қауымдастықтың жұдырықтай жұмылып, қоян-қолтық жұмыс істеуі өте маңызды. Әсіресе тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтап, сауда-экономикалық байланысты арттыру өзекті.
Сол себепті «Шанхай+» саммитіне қатысу, диалог алаңында көтерілетін ұсыныстарды тыңдап, орындау аса маңызды. Біздің елдің басшысы да саммитке бақылаушы мемлекет ретінде қатысып жатыр. Бір ай бұрын Президентіміз Режеп Тайип Ердоған ШЫҰ-мен ынтымақтастықты арттыруға ниет білдірген еді. Себебі бұл еліміздің мүддесі үшін маңызды. Сарапшылардың пайымынша, жиында стратегиялық мәселелерге назар аударылды.
Жалпы, Ұйым отырысы әлемдік деңгейдегі мәселелердің соңғы, оң шешімін шығаруға септігін тигізе алады деп білемін. Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық, бірлескен жобалар да көңіл қуантады. Осы орайда Қазақстан Орталық Азияның халықаралық саясатында өте салмақты рөл ойнайды. Әлемде дүрбелең көбейіп, келеңсіз оқиғалар ушығып тұрғанда Қазақстан татулық пен бейбітшілікке талмай үндеп келеді. Президент Қ.Тоқаевтың маңызды ұсыныстары да ішкі ынтымақ, сыртқы ықпалдастық мәселелеріне арналған.
Қалай дегенде де, қандай да елдің көркейіп, ажарлана түсуінде, қалыпты дамуында тұрақтылықтың маңызы зор. Себебі мемлекет мерейі мен экономиканың қарыштап дамуы басқа елдермен тиімді қарым-қатынасты арттырып, тығыз ынтымақтастық орнатуға да байланысты. Әлемде ешбір ел жеке-дара жаһандық мәселелерді шешуге қауқарсыз.
Айше СУБЕРКЕР,«ТРТ World» тілшісі (Түркия)