Неше мың жыл ешкінің ащы ішегімен сөйлеп келген домбыра ХХ ғасырдың қырқыншы жылдарынан бері ауғанда өзін-өзі танымай қалған шығар, бәлкім. Баяғыда бір адамның жүрегін алмастырғанда, басқа тілде сөйлеп кетті дегенді естігенмін. Мың жыл бойы малдың ішегі арқылы күмбірлеген домбыра бертінде балық аулайтын қармақтың жібі (леска) салынғанда, кім біледі, аштық пен қырғыннан тозған өз қазағы сияқты «әйтеуір елдің ішіндемін ғой» деп саулығына шүкіршілік етіп жетті бүгінге. Бұрынғы балбыраған қоңыр үнінен мақрұм біз барға қанағат тұта жүріп, төтеннен табиғи ішектен шыққан үнмен табысқанда осындай ойға келдік.
Мың жарым аспап – мыңжылдықтар үні
Қосшы қаласындағы Болат Сарыбаев атындағы қазақтың музыкалық аспаптары музейіне кіріп барғанда көзіміз тұнып кеткен. Қазақтың біз танитын аспаптары бір тоғыз екен де, танымайтынымыз тоқсан тоғыз екен. Таңғалғанымыздан «Домбыраның неше атасы тұр мұнда?» деппіз. Жасалу ерекшелігіне қарай әр өңірдің қолтаңбасы және көне мұралар екені бірден байқалады. Музейдің негізін қалаушы Азамат Бақияның айтуынша, Батыс Қазақстан аймағы домбырасының өзі түр-түрімен: Бөкей ордасы, Ақтөбенің Мұғалжар, Қандыағаш жағынікі, Арқа өңірінде Баянауыл жағының үлгісі бір бөлек, Торғай даласынікі өз алдына оқшау тұр. Сыр өңірінен Моңғолияның Байөлкесіне қарай өте бергенде жаңылысып, далада қалдық. Барлығы 26 домбыра екен. Бір өңірдің бірнеше үлгіде жасалған нұсқасы. Осының бәрін жалғыз өзі жинап, құраған музейдің жетекшісі Азамат Бақия – аспап жасаушы шебер ғана емес, үлкен музыкант.
Әзербайжанның консерваториясында арнайы зертханалық шеберхана бар. Ұлттық аспаптарын сақтаумен, жетілдіріп, насихаттаумен айналысады. Бізде ондай институт жоқ. Бірақ әлгіндей жұмыстың бәрін атқарып отырған осы музей. Ұлттық аспаптарын түгендеп, насихаттауда ерте оянған әзербайжандықтар 40-тан астам аспабымыз бар деп мақтанады екен. Мәселен, белгілі бір елдің ұлттық аспабы болса, олар бас шертер, альт шертер, прима шертер деген сияқты әлгінің қасына үш түрін қосақтап, әрқайсысын жеке санайды. Әлгі үшеуі бастапқының қосалқысы болса да. Біздің халықта қосалқыларын санамағанда 120-дан астам ұлттық аспап барын айтады А.Бақия.
Болат Сарыбаев атындағы қазақтың музыкалық аспаптары музейінде 1600-ден астам аспап сақтаулы. Мұндағы басқа аспаптарды санап бітпейсіз. Азаматтың айтқанын тыңдай берсеңіз, домбыра түбінің өзіне жетпейсіз. Тарихын, түрлерін, сипатын, бұрауын, тағы басқа жақтарын ежіктеп айтқанын былай қойғанда, бұл жігіт – ХХІ ғасырда домбыраға ешкінің ащы ішегін қайта тағып, оны үзілмейтін етіп жасап жаңалық ашқан қазақ. Негізі, ертедегі қазақ домбыраға ешкінің ащы ішегін ширатып, кептіріп қолданғаны жаңалық емес. Ол бір аптаға жетіп, үзіліп қалатынын талай естігенбіз. Бұл туралы Жамбыл туралы кино көрген қазақ жақсы түсінеді. Айтысты бастай бергенде, құлан аяқ Құлмамбет домбырасының ішегі үзіліп кетіп, Жамбыл жыраудың аруағы асып, Құлмамбеттің құты қашады. Ол аз десеңіз, Таласбек Әсемқұлов пен Досхан Жолжақсыновтың «Біржан сал» фильмінде болыстың шабарманы келгенде Біржан үйде жоғарыдан төменге тартылған сымдарды ыспалап қырнап-жонып жататыны естеріңізде шығар. Ол сым емес, ешкіден алынған шикі ішектер болатын. Мұндай ішек тағылған домбыраның дауысы бөлек, қанша тартсаңыз да таңқылдап, шіңкілдеп кетпейді. Керісінше дыңылдап балбырата түседі. Бұл ішектің артықшылығы мен кемшілігі туралы кезінде Қазақ радиосындағы бір хабарда Таласбек Әсемқұловтың айтқаны есімде қалыпты. Кейінгі домбыраларға тағылып жүрген балық аулайтын қармақтың жібіне қарағанда, ешкі мен қойдан алынған ішектің бойында тербеліс көп жүреді. Дыбыс тыңқылдап, шіңкілдемей, дыңылдап тереңнен шығады. Өйткені малдың 20–30 метр ащы ішегін ширатқанда, үш-төрт метрге қысқарып, бір домбырадан артылмайды. Бірақ оныңыз бір-ақ аптаға шыдайды. Машақаты сол, тез үзіліп қалады. Сондықтан кейінде олар қолданыста жоқ еді, біздің кейіпкер Азамат Бақия қайта әкеп, үзілмейтін етіп жасап отыр. Ол қалай сонда дейсіз ғой.
Ащы ішектей созылған
«2015 жылдары бауырыма операция жасады. Палатаға шыққанда қасымда тау халқының бір жігіті жатты. Жігіттің ішегін бүйірінен шығарып қойыпты. Ішіндегі артық заттар сол арқылы сыртқа шығады екен. Білуімше, әлгі кісінің ішегі үзіле береді (жазылмай қойған). Күндердің күнінде таулық жігітке өз елінің бір емші кемпірі келіп, бидайықтың тамырын ұсынды, соны суға қайнатып ішті де, жігіт жазылып кетті. Кезіндегі осы жағдай есімде қалып қойды. Кейін интернетті ашып қарасам, расында да солай. «Бидайықтың тамыры ішекке пайдалы» деген деректер жүр екен.
Бұл оқиға еске түскенше біз ащы ішекті неше мәрте ширатып, домбыраға қаншама ішек істедік. Бір жеті, асса он күн өткен соң үзіліп қала беретін. Негізі ешкінің шикі ішегін домбыраға жарату үшін өңдеу жұмыстары жетіп артылады. Соның бірі ішек тазартылған соң, бір күн салқын, тұзды суға салып қою керек. Карантин кезінде ауруханада жатқан күндер еске түсті де, әлгі кемпірдің басындағы жағдай ойға оралып, тұзды судың орнына бидайықтың суын пайдаланып көрдік. Бидайықтың тамыры қайнатылған суды салқындатып, ішекті бір күн салып алып шықсақ, күштеп тартсақ үзілмейді. Пышақпен кесіп бөлуге тура келді», дейді Азамат Бақия.
«Міне, осыдан екі жыл бұрын әлгіндей әдіспен жасалған мына домбыраның ішегі жақында ғана үзілді», дейді. Айтуынша, дімкәс, ауру-сырқау, жас не кәрі емес, тек қана сау малдың ішегі мықты болатын көрінеді. Оның үстіне бір орында бордақыда тұрмаған, жайылып жүрген ешкі болуға тиіс. Ішектің кей тұстары осалдау болса, өзінің сыртындағы тоңмайды жағып, жылқының қылынан буылған шөткемен ысады екен. Мал сойған қазақтар ішекті тоңмай сақтап тұрарын жақсы білетінін ескерсек, бұл – кәдімгідей ғылым. Қой-ешкі сойған соң, ащы ішегін ит жемейді, далаға лақтырылады. Ал оны аршып, тазалап, кәдеге жарату деген – саты-сатыдан тұратын жұмыс. Ол ол ма, мұны бірнеше сатылы өңдеуден өткізіп, домбыраға ішек қылып тағудың машақатын айтып болмас. Ертеректе бірер аптадан аспай үзілетін ішектің уақыт талабына сай төзімділігін жетілдіру – жаңалық емей не? Азаматтың ұлттық аспап өнеріне қосқан бұл үлесін қазір ел ішіне кеңінен таныстырып, кәсіпке айналдырушы жігіт Бабыр Арғынов атты өзінің бауыры көрінеді.
Күйді көңіл көзімен тыңдау керек
Күй тыңдаудың рақатын сіз Астананы қапталдаған Қосшы қаласындағы Болат Сарыбаев атындағы қазақтың музыкалық аспаптары музейіне барып сезініңіз. Әлгі табиғи ішекті кейінгі күйшілер домбырасына тақты, тақпады білмеймін. Әзірге кездестірмедік. Ал Қосшыдағы музейде қолданылып жүрген домбыраның бәрінің ішегі сондай. Қоңыр әуен алыстан үзілердей талықсып жетеді. Жошы этнофольклорлық ансамблі де, күйші де, домбырашы да, аспап шебері де, қазақтың ұлттық жүз аспабы да – киіз үй үлгісінде безендірілген осы мұражайдың ішінде. Барған бойда бірден күй тыңдатпайды мұндағылар. Әуелі аспаптарды қызықтатып ғажапқа қалдырады. Одан соң күй-әуенге құрылған әңгімеге құлақ тосасыз. Содан соң қайнардан бұрқылдап шыққандай ойлы күйге балбырайсыз.
Күйші туындысын өз деңгейінде тартады. Мәселен, физик не химик әңгімелесе кетсе, біз түсінбей жатамыз ғой. Сол сияқты күйді де халыққа бірден тыңдата салуға болмайды. Кәнігі тыңдарман болмаса, қабылдай алмайды. Дайындық керек. Күй деген сондай ақсүйек өнер екенін ескерген жөн. Мысалы, бұрын қазақ арасында жуандар асқа ақыны мен күйшісін, балуаны мен мешкейін ертіп жүрді ғой. Сонда күйшілер ақсүйектер тоқайласатын жерде отырады. Күрес пен көкпар көпшілік ортада болып жатады.
«Күй тартыс бөлек те, күй шашу бір бөлек. Екі күйші білетін күйін бастап жалғастыру күй шашу болсын. Домбыраны енді тыңдап жүрген турист үшін, домбыра үйренуші үшін, көптен бері күй тыңдамағандар үшін өте береді. Ал күй тартыс – екі күйші бірі бірінен ала алмайтын ырғақта күй шығарып тарту. Сондықтан күй тартыста екі өңірдің күйшілері кездескені қызық. Өйткені екеуінің пернесі екі түрлі. Бірі екіншісінің пернесін өзінікіне икемдеп сытылып шығады. Тергеп тартысады. «Жол тауып кетті» деп халық та мәз болады. Солай дамыған күй өнері. Құймақұлақтықтың атасы осында жатыр», дейді Азамат.
* * *Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» романы есіңізде ме? Онда бала Нәрікті жастай бауырына салып алған күйші атасы мен тағы бір кісі (күйші әлде домбырашы екенін ұмыттым) түн іші сөйлесіп отырғанда, төрде ілулі домбыраның өздігінен тартылғанын сәби Нәріктің іші сезетін тұсы бар. Қазақ өнер қонады деп тегін айтпаса керек. Сол сияқты құбылыстар қозғамаса, сыбызғы мен шаңқобызды құйқылжытып, домбыраның ішегін қалпына келтіріп, мыңнан астам аспаптың басын құрап, ұлттық аспаптар институтының жүгін жалғыз арқалап отыру ақылға сыймайды. Музейден біз сол ойдың жетегінде ұзай бердік. СУРЕТТЕ: сол жақтан бірінші – Азамат Бақия.