• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Шілде, 2024

Сейсмологияны дамытудың кешенді жоспары

103 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Үкіметтің тиісті қаулысына Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Құжат еліміздің сейсмологиялық қауіпсіздігін нығайту бойынша ауқым­ды шараларды іске асыруды көздейді. Олардың ішінде мониторингті айтар­лықтай күшейту, ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық төзім­ділігін қамтамасыз ету, жаңа цифрлық технологияларды енгізу, кадрларды даяр­лау деңгейін арттыру, т. б. бар.

Осылайша, 15 сейсмикалық аудан­­дас­тыру картасы әзірленеді, бұл еліміздің сейсмикалық қауіп­­ті өңірлеріндегі жер сілкінісі ошақ­­тарының 70%-ын болжауға мүм­кін­дік береді. Сондай-ақ олар аталған аумақтардағы ғимараттар мен құры­лыстарды паспорт­тауға және жаңа құрылыс нормаларын әзірлеуге негіз болады.

Паспорттау ең осал құрылыс объек­тілерін анықтауға мүмкіндік бере­ді, оларға қатысты бірінші кезекте сейсмикалық қауіптілігін төмендету шаралары қолданылады. Оның ішін­де: сейсмикалық күшейту, құнды жаб­дықтарды қорғау немесе шығару, мақсатын өзгерту тағы басқалары бар.

Сонымен қатар 285 сейсмикалық стансаны орнату, сондай-ақ қолда бар 70 стансаны жөндеу және жарақтандыру көзделген. Бұл Алматы облысында және еліміздің басқа да сейсмоқауіпті өңірлерінде сейсмикалық қауіпті сапалы болжауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде қажетті әрекет ету шаралары жедел қабылданады.

Бұдан басқа, ғимараттардың құры­лысы мен жұмыс істеуіне бақы­лауды күшейту, мониторинг әдіс­терін жақ­сарту, сейсмология сала­сын­дағы маман­дарды заманауи жаб­дық­тармен және техникалық құралдармен қамта­масыз ету жоспарланып отыр.

Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтама­сыз ету – Үкіметтің басым бағыттарының бірі, өйткені Қазақстанның сейсмикалық аймақтары республиканың жалпы ауданының шамамен 40%-ын алады. Еліміздегі сейсмикалық қаупі жоға­ры өңірлер — Алматы, Шым­кент қалаларының, Алматы, Жам­был, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыс­тарының аумақтары.

Жалпы алғанда, Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде сейсмикалық қауіп­ті аумақтардағы азаматтардың, құры­лыс­тар мен инфрақұрылымның қорға­лу деңгейі айтарлықтай күшеюге тиіс. Сон­дай-ақ жер сілкінісі болған кезде мем­ле­кеттік органдар мен бейінді ұйым­дар тарапынан ден қою жүйесі жетілдіріледі.