ШЫҰ төрағалығы кезінде Қазақстан Еуразиядағы геосаяси шиеленісті бәсеңдетуге, аймақтық ынтымақтастықты арттыруға және ұйымды жүйелі ілгерілетуге ұмтылды. Ұйым төрағалығы Астанаға осымен төртінші мәрте ауысып келді.
Халықаралық саяси іс-шараға 16 елден делегат қатысты. Былтыр Делиде онлайн форматта өткен саммитте Қазақстан тарабы жаһандық деңгейде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қағидаттарды ұсынды. Негізі ұйымның жыл сайынғы саммиттерінде осыған ұқсас құжаттар қабылданып тұрады.
Жалпы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер көзқарастарының әртүрлі екені белгілі. Осы орайда бауырлас Әзербайжан, Түркия, Орталық Азия елдерінің Қазақстанның қауіпсіздікке қатысты ұстанымына қолдау көрсетіп отырғанын ерекше атап өту қажет.
ШЫҰ аясында «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» құжатқа қол қойылды. Бастаманың көздегені – бүкіл Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепіл болатындай айрықша мүмкіндіктерді жүзеге асыру. Сондай-ақ осы қағидат негізінде мемлекеттердің терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша 2025–2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын бекіту туралы шешімі, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жоспарын бекіту сынды түйінді мәмілелерге келуі орынды. Өйткені кез келген ел үшін ең басты мәселе – аймақтың қауіпсіздігі.
Оған қоса Қ.Тоқаевтың «Шанхай ондығына» мүше мемлекеттерді трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, заңсыз есірткі айналымы және киберқылмысқа қарсы күреске шақыруы да құба-құп. Яғни бәріне ортақ өткір проблемаларды парасатты дипломатия аясында ұжымдық әрекетпен шешу жаһандық тұрақтылыққа сеп бола алады.
Анар СОМУНЖУОҒЛЫ, Хаджеттепе университеті стратегиялық зерттеулер орталығының директоры, доцент (Түркия)