Жазушы Қуаныш Жиенбайдың шығармашылығы хақында
Жазушы Қуаныш Жиенбайдың бірде-бір шығармасынан теңіз тынысының сырт қалғандығын көрген емеспін. Оның тырнақалды туындысы – «Жалғыз желкен» «Жалын» баспасына жаңадан қызметке кіріскенде біздің қолдан өтіп, кітап болып жарияланған-ды. Қуаныш інім туралы жақсы пікірлер айтылып жатса, шын ниетіммен қуанып қаламын. Біраз әдебиет сыншылары оның өнімді, тіршіліктің тынымсыз соққан қан тамырындай шындық атаулының бары мен жоғын шашыратпай, барынша дәлдікпен жазатынын айтып жүр.
Шындық – шығарманың жүрегі. Кейіпкеріңнің кескін-келбетінен шындыққа жанаспайтын не асыра сілтеген, не жеріне жеткізбей, бір қайнауы ішінде кеткен оқыс тұстарды байқаса, сауатты оқырман майлап берсең де кітабыңды одан әрі оқымайды. Ал Қуаныштың шындығы – теңіз төңірегіндегі тірліктер. Жарықтық ұлы теңіз кейбір есерсоқ пенделердің пейілдеріне кейістік білдіргендей, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап біртіндеп жағалаудан алыстай бастады ғой. Қуаныш осы көріністің бәрін балаң жүрегінен өткізген, кейін ес жиып, оқу бітіріп, жазушылыққа бүйрек бұрған шақта тартылған теңіз тағдыры шығармашылығының ең басты тақырыбына айналды. Біреулер, бәлкім, теңізді жырлаумен әлем жұртшылығының назарына іліккен, түз гранитіндей тегеурінді талантымен дүйім елді мойындатқан, көзінің тірісінде-ақ аса сирек айтылатын марапат – классик қаламгер атанған Әбекеңнен, Әбдіжәміл Нұрпейісовтен не қалды деп те ойлауы мүмкін. «Соңғы парыз» – Арал теңізінің арғы-бергі тарихының өлмес шежіресі, бүгін де, ертең де үздіксіз оқылатын маңдайы жарқыраған ғажайып туындылар.
Алайда кім-кімнің де өзегін өртейтін бұл ащы тақырып сарқылып қалды дей алмаймыз. Орайын тауып кестелей білсе, теңіз төңірегінде әлі де жазуға сұранып тұрған тың тақырыптар жеткілікті екен. Байқағаным, Қуаныш Жиенбай теңіз төңірегіндегі көп адам аңғара бермейтін түйткілді проблемаларды майдан қыл суырғандай ептілікпен әрі салқынқанды сабырлықпен шабытына шабыт қосып, көркем әңгіме, хикаяттарын айтпағанда, үш бірдей роман жазды: «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде де жұмақ бар». Әдеби жылдың қорытындысында табысты шығармалар тұрғысынан баяндамаларға ілікті, елімізге белгілі әдебиетшілер мен сыншылар романдарды талдап, көлемді мақалалар жазды. Бірнеше шығармасы орыс және басқа да тілдерге аударылды. Мұны Қуаныштың шығармашылығындағы елеулі жетістігі деп бағалағанымыз абзал.
Былтыр «Фолиант» баспасы Қуаныштың «У мен уылдырық» атты кітабын шығарды. Аты айтып тұрғандай, мұның да теңіз туралы шығармалардан топтастырылғаны белгілі. Кітап үш хикаят, жиырма шақты көркем әңгімеден тұрады. Осы кітап биыл Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. Одан бұрын автор шығармасы мәртебелі сыйлыққа екі мәрте ұсынылған-ды, биыл үшінші рет.
Ұлы теңіздің келмеске кеткендігі рас. Теңіз екіге бөлінді. Ендігі үміт – Кіші Аралда. Кіші Аралдың да анау айтқандай кенересінен асып-төгіліп жатқаны шамалы. «У мен уылдырықта» «Оны мазаламаңыздаршы» дейтін хикаят бар. Тақырыбы тартып тұр, оқымасыңа қоймайды. Жұмабек – «Урал» мотоциклімен анда шапқылап, мұнда шапқылап, жерлестері «сенің көмегің қажет» десе, «жедел жәрдем» секілді заматында жетіп баратын ауылдағы қарапайым дәнекерлеуші. «Қарапайым дәнекерлеуші» айтқанға ғана жеңіл, ал Жұмабек – шын мәнінде, айтулы шебер. Әлдекімдердің қақпасын, жаңадан кіргелі жатқан үйдің есік-терезесін, тіпті ауыл сыртындағы бейіттің қоршауын сан түрлі темірмен әшекейлеп, дәнекерлеп беру деген оған түкке тұрмайды. Темірден түйін түйетін хас шебер Жұмабек. Жанқиярлық еңбегінің өтеуін сұрап, алдын ала «келісімшартқа» отыратын Жұмабек қайда? Жұрттың азды-көпті бергеніне мәз, үстемеақы дәметпейді. Ал сол топырақтың әтібірлі азаматы ретінде тартылған теңіз тағдыры Жұмабектің де жүрегін ауыртады, түн ұйқысын төрт бөледі. Не істеу керек? Елдің назарын аударатындай, Кіші теңізге жанашыр болатындай қолынан не келеді?
Жұмабек ары ойланып, бері ойланып, ақыры мынадай берік шешімге тоқталады. Қаңылтырдан аспан тірейтін ескерткішті портты қаланың кеме қатынайтын қақпасына орнатпақшы. Ескерткіштің силуэті – ешкімге ұқсамайтын тың. Аспанға айбат шеккен жұдырық. Яғни туған табиғатқа жандары ашымайтын қаскөй пенделерге түйілген жұдырық, соларға айтылған лағынет! Бомба! Ауылдағы қарапайым шебер Жұмабектің жобасын дүниежүзіне әйгілі мүсінші Зураб Церетели атындағы халықаралық қор қолдап, оң сапар тілейді. Ойға алған шаруасы орындалғанша тыным таппаған дәнекерлеуші ақыры ескерткішті тұғырына қондырады. Жақұттай жалтыраған алып ескерткіш маңайдағыларға «туған табиғатқа жауыздық жасағандарыңды доғарыңдар!» дегендей, күндіз-түні сес көрсетіп тұр. Бұл кезде Жұмабектің көзі әбден нашарлаған еді. Міне, осы сәтті пайдаланып, аудан әкімі Айтуғанов қайдан шықса, одан шықсын деп, ескерткішті жасағандардың тобына еркетотай ұлын қосып кеп жібереді. Ескерткіштің аяқ жағындағы алтындаған тақтайшаға Жұмабек Исағалиевпен бірге әкімнің ұлының аты-жөні де жазылады. Көзіне ота жасатып, ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан Жұмабек мұндай сорақылықты көргенде дүниеден баз кешіп, айдалаға қаңғып кеткісі келеді... Арғы жағы түсінікті, шығарма аса тартымды жазылған.
Екінші хикаят – «У мен уылдырық». Тағы теңіз төңірегіндегі тірліктер дөңгеленіп көз алдыңа келеді. Күндердің күнінде тірі жанның қаперіне келмеген айтулы оқиға – Есберген Жұмасұлтанов жағалаудағы жатаған Көнебөген аулынан шаң береді. Көнебөген – Қуаныштың кіндік кескен туған ауылы. Есберген анау-мынау адам емес, есімі сол төңірекке белгілі, өте ділгір, қызметтің де тұтқасын ұстаған. Тұрмыстық жағдайы да «ханға сәлем бермейді». Онысынан бұрын ол – жастау кезінде теңіз астына сүңгіп, дем алмастан ұзақ уақыт шыдамдылықпен жүзе алатын атақты «чемпион». Осы «чемпиондығы» атақ-абыройын аспанмен тілдестіреді. Теңіз астында ұзақ уақыт дем алмастан және скафандрсыз жүзе алатындықтан, оған құда түсушілер шаштың түгінен көп. Әсіресе сан түрлі себеппен суға батқан кемелердің түреніндегі бағалы заттарды су бетіне шығару үшін Есберген секілді жүрек жұтқандар керек-ақ. Әрі ондайларға төленер гонорардың мөлшері түске кіреді. Ана бір жылдары аттай қалап, Петербордағы мұхит пен теңіз тіршілігін зерттеу орталығы Жұмасұлтановты арнайы шақыртып алған. Атақты «водолаз» Ес-ағаң Баренц теңізіндегі суға батқан кеменің алтындарын су бетіне шығаруда да ел есінен кетпестей ерлік көрсеткен. Норвегиядағы дүниежүзілік аквариум бірлестігіндегілер де Есбергенмен жиі-жиі хабарласып тұрады.
Туған жерге деген перзенттік борышты бар болмысымен сезіне білетін және оның өмір бойы бойтұмардай ұмытылмайтынын білетін көпті көрген Есбергеннің жан дүниесі мұндайда қайтіп байыз тапсын. Кіші теңіздің дене тітіркентерлік қазіргі аянышты жағдайы дүңкіл-дүңкіл естіліп жатады. Жағалауға жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптаған балық зауыттары қоныстанып алған. Оларға күні-түні жұмыс істеу керек, сапалы балық керек, балық өнімдерін шетелге тонналап жөнелту керек. Бірақ мұндай «ауырлықты» Кіші теңіз көтере ала ма, белі шойырылып, күндердің күнінде болмашы байлығы ит тартқан қара терідей тоналып, ақыры құм суырған қу тақырға айналмасына кім кепіл? Бұрын балық уылдырық шашатын көктем айларында тірі жан кәсіп іздеп, айдынға қайық салып, тәуекел жасамайтын. Балық уылдырық шашатын мезгілде шыбын жанын шүберекке түйіп, айдынға аттанғандар айлап, жылдап айып төлейтін. Жағадағы шүпірлеген балық зауыттары мұндай «запретке» құлақ аса ма? Балық, балық...
Есберген өз күшіне сеніп, осы келеңсіздікпен күресуге қаладағы тұрмыс-жайымен уақытша қоштасып, бір кездегі балалық шағы өткен Көнебөгенге көшіп келеді. Келе сала іске кіріседі, теңіз астына сүңгіп, уылдырық шашар мезгілде оңай олжаға кезікпек болғандардың торларын аяусыз кескілейді. Қолдан келгенше балықтың өсіп-өнуіне жағдай жасайды. Теңіздің болмашы байлығына бірден қарқ болғысы келетіндер балықты умен аулайтын да жаңаша «әдіс» тауып алған. Есберген туған жерге осы үшін келдім ғой деп, тыным көрмейді, талай-талай асыра сілтеушіліктің «ауыздарына құм құяды».
Хикаят бұрын әдебиетімізде көп кездесе бермейтін тосын эпизодтарға толы. Жалықтырмайды, жылдам оқылады. Бұл да – Қуанышқа ежелден таныс тақырыптың бір қыры.
«Қашқын». Жазушы Қуаныш Жиенбайдың шығармашылық әлеуетінен Арал төңірегін былай қойғанда, теңізге тиіп тұрған Төретам, Байқоңыр космодромы, Қорқыт кесенесіне қатысты оқиғалар жиынтығы көптеп ұшырасады. Бұлар бұрын-соңды қағазға түспеген, бұрын-соңды ешкім жазбағандай тың толғаныстармен жеріне жеткізе суреттеледі. Оған автордың мүмкіндігі молынан жетіп тұр. Түптеп келгенде, осының бәрі экология мәселелерін толыққанды, жан-жақты қамтуға тырысады. «Қашқындағы» Бөрібай – әпенділігімен алдына жан салмайтын, аузынан шыққан әрбір сөзі бірден ауылға қарай тартып тұратын атажұрттың исі бұрқыраған нағыз қазағы. Төретамнан үлкен қалаға көшіп келіп, жүзіктің көзінен өтетін пысық әйелінің арқасында таксист болып орналасады. Әйелі Гүлжәмила – көпті көргендігімен де, кісімен тіл табысқыш пысықтығымен де, өмірге бейім алғырлығымен де Бөрібайды он орап алатын күрделі бейне. Бір кездері Төретам космодромында аспазшы болып қызмет істегені бар. «Төретамнан көшейік, қалаға барып жұрт секілді біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік жасармыз, балаларымыздың келешегін ойлайық» деп Бөрібайдың құлағын сарсытқалы қаш-шан. Бірақ туған ауылын қимайтын Бөрібай оған көнбей жүрген. Құланның қасуына – мылтықтың басуы, Гүлжәмила армандаған жағдай ойламаған жерден туа қалады.
Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында күнкөрістің қамымен әркім нәпақа табу үшін тұс-тұсқа тентіреп кетті ғой. Соның бірі Бөрібай еді. Бөрібайлар Бетбақдаланы кезгілеп, сирек кездесетін құнды металл ракеталардың сынықтарын жинайтын. Ауылда оларды қабылдаушылар тағатсыздана тосып отыратын. Одан түсетін табыс та қомақты еді. Сол жолы Бөрібайдың сирек металл жинап жүрген бір «командаласы» кездейсоқ иіске уланып, айдалада жан тапсырады. Мүрдені ауылға әкеліп жерлейді. Мәселе мұнымен бітпейді, құқық қорғаушылар келгіштеп, ажалдың себебін, марқұмның жанында кімдердің болғанын, оған дер кезінде неге көмек көрсетілмегенін, тағы тағыларды індетіп сұрайды. Қысқасы, Бөрібайларды да кінәлі деп жауапқа тартпақшы. Сөйткен Бөрібай енді Гүлжәмиланың дегеніне көнбеске амалы құрып, бір түнде анау-мынауларын жинап, астынан су шыққандай, қайда баратындарын да ешкімге айтпастан, ауылдан көшіп кетеді. Бөрібайлардың қаладағы қым-қиғаш тірлігіне кейде күлесің, кейде қынжыласың. Гүлжәмила Бөрібайды қанша жерден «жұмақтың төрінен шығардым» десе де, оның ауылға деген сағынышы бір басылмайды... Жинаққа енген әңгімелердің де айтары мол, шымыр жазылған дүниелер.
Сол экологиялық ауыртпалықтың нақ нүктесінде өмір сүрген, теңіз экваторындағы ірілі-ұсақты оқиғаларды бала күнінен бастан кешкен, куәгер болған, сол өңірдің адамдарымен тығыз қарым-қатынастағы жазушы Қуаныш Жиенбайдың бұл тақырыпқа батыл әрі тиянақты қалам сілтеуі – заңдылық. Былай қарағанда, оның бар шығармасы қиналыстан, қимастықтан туып, теңізге тамған көз жасына ұқсайды.
Биыл Халықаралық Аралды қорғау қорына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді. Мемлекетаралық түйінді мәселелердің біразы енді оң шешімін таппақ. Арал – әлем назарында, таяуда Еуропалық одаққа мүше 19 мемлекеттің елшілері Аралда болды, шетелдік қаламгерлер де тартылған теңіз тағдыры туралы кітап жазамыз деп ерекше құлшыныс танытып отыр. Олардың бірсыпырасы қазірдің өзінде жаға-лауда жүр.
Қорытындылай келгенде, жазушы Қуаныш Жиенбайдың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «У мен уылдырық» атты прозалық кітабы осы сыйлыққа әбден лайық.
Молдахмет ҚАНАЗ,жазушы