• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 10 Шілде, 2024

Бәсі биік биология олимпиадасы

110 рет
көрсетілді

Әлқиссаны атақты диқан Ыбырай Жақаевтың сөзімен бастайық. «Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Әрбір ағашты, әрбір бұлақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – бас­ты міндеттің бірі», депті қазыналы қария. Бұл сөздің 35-халықаралық IBO-2024 олимпиадасына тікелей қаты­сы бар. Табиғатты аялау, сақтау биология ғылымын жандандыру­дан басталады.

Ал ел тарихында алғаш рет өтіп жатқан осы олимпиаданың биология ғылымын дамытуда маңызы зор. Себебі олимпиада биохимия, молекулалық биология, биоинформатика және жануарлар анатомиясы мен физиологиясы бойынша теориялық және төрт практикалық турдан тұрады. Астана төрінде 83 елден 275 ғалым мен әлемнің 305 мықты жас биологі жиналып, білім бәсекесіне түсіп жатыр. Еліміздің құрама командасы сапында төрт мектеп оқушысы өз білімдерін көрсетеді.

Бейбітшілік және келісім сарайы. Жұрт Астана күнін тойлап жүр. Шілденің жетісі. Біз әр елдің орта мектеп оқушылары ара­сын­дағы өте беделді әрі білім сала­сындағы ең ірі іс-шара­ның біріне келдік. Келсек, олим­пиаданың ашылу салтанаты болып жатыр. Оған Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев басқа да бірқатар министрлік пен елшілік өкілдері, сондай-ақ IBO халықаралық комитетінің төрағасы Ленка Либусова қатысты.

Ал бәсі биік бәсекенің өзі IBO-2024 оқу кабинеттері мен зертханалары биологиядан халықаралық олимпиаданың стандарттары мен талаптарына толығымен сай Назарбаев университетінде өтпек. Жарыстың ережесіне қаныққаннан кейін, олимпиада биохимия, молекулалық биология, биоинформатика және жануарлар анатомиясы мен физиологиясы бойынша теориялық және төрт практикалық турдан тұратынын түсіндік. Барлық тапсырманы еліміздің жас биолог­тері әзірлеген. Олимпиаданың практикалық және теориялық турларын өткізуге қажетті барлық зертханалық жабдықтар мен аспаптар, қажетті оргтехниканы «Freedom Broker» компаниясы қаржыландырған.

Ашылу салтанатында сөз сөй­леген Ғани Бейсембаев халық­ара­лық олимпиаданың елімізде өткізілуі аса маңыз­ды екенін айтты. Биоло­гия­дан халықаралық олимпиада алғаш рет 34 жыл бұрын өткізілді, оған ол кезде тек 6 ел қатысыпты. Ал бүгін ел астанасында 83 мем­лекеттің командасы жиналды.

– Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлы осыдан бір жарым ғасыр бұрын «Адамның күші оның ойы мен білімінде жатыр» деген. Осы сөздің бүгінгі күні де өзекті екеніне күмән жоқ. Сіздердің көбі­ңіз болашақта белгілі биолог атанып, мыңжылдықтың орасан зор жаңалықтарын ашасыздар деп сенемін. Осы олимпиа­да әрқайсыңыз үшін мамандық таңдаудың, әлемдік ғылымның игілігі үшін елеулі жетістіктерге жетудің маңызды кезеңіне айналатынына сенімдімін. Олимпиада сіздерге біздің елмен танысып, салт-дәстүріміз, қонақжай­лығымыз бен достығымыздан ұмытылмас әсер қалдырады деп ойлаймын, – деді Ғ.Бейсембаев.

Негізінен, «Биологиядан Халық­­ара­лық олимпиада» әлем­­дегі ең үздік 7 пәндік олим­пиа­даның біріне жатады. Отандас­тары­мыз – 28 жыл бойы оның тұрақ­ты қатысушылары. Осы жылдар ішінде олар әр­түрлі аталымдағы 70-тен астам мара­патқа ие болды: 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль. Осы көр­сет­кішті ескере отырып, халық­аралық ұйымдастыру комитеті олимпиаданы биыл Астанада өткізу туралы шешім қабыл­даған еді. Нақтырақ айтар болсақ, 2023-2024 оқу жылының қорытындысына сүйенсек, 1 218 оқушы 12 халықаралық олимпиа­далар мен ғылыми жарыстарға (Мажарстан, Сингапур, Грузия, Таиланд, Әзербайжан, Қазақстан, Қытай, Болгария, Түрікменстан, Кипр, АҚШ) қатысты. Ұлттық құрама мүшелері 603 медаль жеңіп алды, яғни біздің елден қатысқан әрбір екінші қатысушы халықаралық жарыс­тар­да жүлделі орындарға ие болды. Қазақстан құрамасының қор­жыны 118 алтын, 201 күміс және 284 қола медальмен толықкан.

– Бүгін Астанада биология­дан 35-халықаралық олимпиада басталды. Мен келген қатысу­шыларды қарсы алғаныма қуанамын. «Freedom Holding Corp» бұл іс-шараны қолдайды. Өйткені бұл біздің балаларымыз үшін аса маңызды әрі ғылымды насихаттауға көмектеседі. Біздің бас­ты байлығымыз – бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін, зор әлеуеті мен өсу келешегі бар бірегей және серпінді өнімдер мен шешімдер жасайтын адамдар. Біздің халқымыздың 30 пайызға жуығы – 14 жасқа дейінгі бала­лар, 12 жыл ішінде олардың үлесі 5 пайыздан өсті. Меніңше, керемет сан­дар. Біз оларды қолдау, өсу мен дамуға ынталандыру, әлеумет­тік лифттер құру үшін қолдан кел­геннің бәрін жасауымыз керек. Сондықтан «Freedom Holding Corp» білім беру жобаларына ин­вес­тиция салады, спорт пен ғылым­ды қолдайды, біз жас отан­дас­тары­мыздың барынша кең ауқымын қамтуға тырысамыз. Еліміздің атынан 4 оқушы Ғалымжан Бақтыбай, Амина Тынырбай, Нұртөре Төреханұлы, Диас Сүлейменов қатысады. Балаларымызға сәттілік тілеймін, сіздерді мақтан тұтамыз, – деді Т.Турлов.

Оқушылар демекші, бір қызық үрдіске куә болдық. Қатысушы­лар оң қолдарын жүрек тұсы­на қойып, барлығы бір уақытта «Олимпиадаға мүше боламыз. Ең адал түрде қатысамыз. Ереже бұзбаймыз» деп ағылшынша ант берді. Қазылар алқасы да «Әділ боламыз» деп сөз берді. Оқушы­лардың қызыл кілемнен өтіп, ерекше ілтипатқа ие болғаны да ерекше ауан сыйлады. Білім саласындағы мұндай құрметті алғаш көріп, таң-тамаша болып тұрғанымызда, тағы бір ерекшелік елең еткізді. Ұйымдастырушылар акаде­миялық адалдықты сақтау мақ­сатында бәсекеге түсетін бала­лар­дың ұялы телефондарын тү­гелдей жинап алды. Қатысушы­лар жарыс біткенше ешқандай бай­ланысқа шықпауы қажет. Осы қызық­ты тамшалап тұрғанда, еліміз­дің намысын қорғайтын жас өрен­дерді де көріп қалдық. Әр­қай­сысы жарысқа жақсы да­йын­дық­пен келген. Ұғысып-білістік.

Шетелден білімге құштар, еліміздің мәдениетіне қызығатын қаншама оқушы, жетекші, ғалымдар, сыйлы қонақтар келді. Тіл табысқанымызша сөзге тартып көрдік. Жаңа Зеландия командасының жетекшісі Анжела Шарплес өз әсерін ерекше сезім­мен жеткізді.

– Қазақстанда болу керемет! Біз бірінші келген команда болға­нымызға өте қуаныштымыз. Жаңа Зеландиядан ұзақ ұштық, бірақ сіздің елге келуді асыға күттік. Бізді қызықты әрі қиын емтихандар, сондай-ақ Қазақ­станмен танысу мүмкіндігі күтіп тұр. Әртүрлі экскурсиялар жос­пар­ланып отыр, оның ішінде бүр­кіт пен саятшылық та бар. Қазақ­стан біздің елден мүлдем бөлек, ерекше. Бұл да жағымды әсер береді. Біз ескі достарымызбен кездесуді, жаңа таныстар табуды аңсаймыз. Жарыс басталар алдында Исландия және Аустралия құрамаларымен бірнеше күн боламыз, – деді ол.

Ал Норвегиядан келген Олав Джонсен де толқыныс үстінде тұрды. Оған жарыстың боларынан, болатыны қызық екен. Себебі ұшақтан түскенше қобал­жып келдім дейді. Өзінің айтуы бойын­ша, біздің елдің топырағы тыныш­тық сыйлапты. Мұны естіп, таңданысымызды жасыра алмадық. «11 жыл бойы оқыған біліміздің сыналар кезі келді. Тәжірибеге басымдық беріледі. Осы олимпиадаға жолдама алғанымызға қуанышты­мыз. Мұның өзі – біз үшін жоғары жетістік. Қазақстанды тұңғыш көруім. Астана – әсем қала екен. Бұл қаланың ерекше энергия­сы бізге шабыт берді», дейді әсерлене.

Сонымен өрендерге сәттілік тіледік. Ғимараттан шығып бара жатып, бұл бәсекені өткізу үшін үлкен дайындық жүр­гізге­ні есімізге түсті. Еске сала­йық, былтыр қараша айын­да Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен IBO Халық­аралық ұйымдастыру коми­те­тінің төрайымы Ленка Либусова­ның кездесуі өткен. Тараптар зият­керлік сайысты ұйымдас­тыру мәселелерін, сондай-ақ отандық білім беруді дамыту келешегін талқы­лаған болатын. Ал еліміздің жас ғалымдары мен өткен халықара­лық олимпиа­да­лардың жеңімпаз­дарынан тұра­тын IBO-2024 ғылыми комитеті практикалық және теориялық турларға тапсырмалар әзірлеп, осы жылдың наурыз айында стресс-тест жүргіз­ген. Астанадағы «Park Inn» қо­нақ­үйінде әр елден 13 сарап­шы жиналып, Ғылыми комитет мүшелерімен бірге олар эксперименттік және теориялық емтихандардың тапсырмаларын талқылаған. Ғылыми комитет төр­ағасы Ілияс Сақимов биология пәнінен Дүниежүзілік олим­пиада тапсырмаларын әзір­леу үшін Ғылыми комитет құрыл­ғанын, оның ішінде еліміздің жас биолог-ғалымдары мен биология олимпиадасының жүлдегерлері бар екенін атап өткен-тұғын.

Осының бәрін ойға алып, көзімізбен көргенді көңілімізге түйіп қарасақ, бұл – шынымен де еліміздің тарихындағы елеулі оқиға. Біз қайтадан бастапқы ойы­мызға оралдық. Бірақ Ыбырай ата­мыздың басқа сөзі көңілі­міз­ді толқытты. «Ел мен жер – оның көгілдір арманы мен мөл­дір көлдері, байтақ даласы мен асқақ таулары – біздің басты байлығы­мыз. Жер, су, ауа адам баласының ұрпағынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына. Міне, осы қазынаны аға ұрпақ өкілдері біз де, кеңес адамдарының жас ұрпағы – сендер де, барлығымыз да көз қарашығындай сақтап, ел игілі­гіне жұмсауымыз қажет», деген сөзді тек біз ғана емес, олим­пиадаға қатысып жатқан әр ба­ланың ойлағанына күмәнім жоқ.