Ол кезде бала біткен смартфонға емес, «Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен» басылымдарына қарайтын. Иә, «Балдырған» сол күйінде, «Ұлан» – «Қазақстан пионері» газеті, «Ақжелкен» – «Пионер» журналы кезі.
Қалам ұстаған немесе газет-журнал оқитын оқушыларға аса таныс санаулы есім бар-тын. Соның бірі – журналист Бақыт Досымов (1959-1998) еді.
Әлі есімізде, ол кісі жас өркендер басылымы мен «Қазақ радиосының» балалар мен жастар редакциясында талай таланттың жолын ашып жүретін. Әп-әдемі, сыршыл да табиғи әңгімелері, эсселері жиі жарияланатын.
Кейін Бәкең Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері атанды. Балаларға арналған шығарамалары, ұлт зәруліктері туралы мақалалары «Жас алаш», «Өркен», «Ұлан» газеттері мен «Балдырған», «Айгөлек», «Мөлдір бұлақ» журналдарында басылып тұрды. Қайсыбірі бастауыш сыныптың оқу құралдарына да енді. «Ана тілі» газеті ашылғанда, сол басылымның алғашқы тілшілерінің бірі болды. Радиохабарлары да тартымды-тын. Жүрек пен тілекті баурап тұратын.
Бүгінгі жас журналистерге өнеге болсын деп айтайық, Бақыт Досымов радиожурналистикаға студент күнінен атсалысты. 1984-1998 жылдары осы салада үзіліссіз қызмет етті. Ол кезде үлкенірек репортер болатын. Соны асынып алып, желдің өтінде де, жұрттың ортасы мен шетінде де жымиып қана жүретін.
Осындай белсенді де белгілі қалам қайраткері 1998 жылы қапияда көз жұмды...
Туған-туыстарының тілегіне құлақ асқан сол кездегі Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы сүйегін туған топырағы Қарақалпақстанның Жаңадариясына жеткізуге себепші болды.
Қаламгердің мерейтойы қарсаңында белгілі ардагер радио-режиссер Ақбол Үдербаева: «Бізбен бірге Бақыт Досымов деген өте бір талантты жігіт жұмыс істеді, алайда ерте қайтыс болып кетті. Өзі бойы шап-шағын жігіт. «Идеялар осының қай жерінен шығып жатады?» деп біржағы қалжыңдап, бір жағы таңғалушы едік» деп еске алса, курстасы, танымал жазушы Жаңабек Шағатай: «Бақыт – балаларды жақсылыққа, әдiлдiкке, шындыққа, iзгiлiкке сендiре бiлетiн және өзi де, соған шексiз сенетiн. Қазақ халқының ұлы халық екенiне, елдiң ертеңiне сенетiн. Қазақ тiлiнiң болашағы зор екенiне еш күмән келтiрген емес» деп жазды.
Әрине, қаламгер Бақыт Досымов мұрасы өз зерттеушісін күтіп тұрғаны да ақиқат. 2000 жылы жанашыр азаматтар оның бір десте туындысын «Мейірбектің көгершіні» деген атпен кітап етіп жариялады. Аз ғана таралыммен шықты. Жуырда елшіл азаматтардың арқасында осы кітаптың екінші басылымы жарық көрді. Қуанбаған қаламдас замандастары, іні-қарындастары кемде-кем.
Алдағы уақытта мүдделі азаматтар Бақыт Досымовтың радионың алтын қорындағы материалдары мен балалар басылымдары бетіндегі түрлі жанрдағы жазбаларын құнттап, тағы да бір жеке жинақ етіп жариялайды деп үміттенеміз. Бұл іске әкесінің жолын қуған қызы Әйгерім де атсалысуға белін бекем буып отыр.
Айтуған ДОСБИ