• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Көрме 11 Шілде, 2024

Төрқала тарихынан сыр шертеді

110 рет
көрсетілді

«Астана-Бәйтерек» мо­нументі алдында Астана күніне арналған «Тарих таң­даған Астана!» ат­ты фотоқұжаттар көр­месінің ашылу салтанаты өтті. Игілікті іс-ша­раны Астана қаласы Тіл­дерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Астана қаласының мемлекеттік архиві ұйымдастырды.

Көрмеге өткен ғасырдың көрнекті ғимараттары, алғашқы сауда үйлері және көне қала көшелерінің суреттері қойылды. Ақмола дала­сының ХІХ ғасырдағы бедер­лі бей­несінен бастап бүгінгі Аста­наның көрікті көріністері таныс­тырылды.

Алғашқы болып сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов Ас­тананың арғы тарихынан баян етті. «Қан жусандай егіл­ген қадым заманнан бастап бұл өлкенің тарих сахнасында маңызы ерекше болды. Бергі дәуір бейнесінде оның саяси рөлі тіпті айқындала түсті. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ке­с­кілескен шайқасы мен Жұмабек Тә­шеновтің арпалысқан айқасы – Алаш баласы үшін Ақмола өлкесінің құндылығын біржола дәлелдеп берген оқиғалар. Абыз­дардың арманы, бабалардың аманаты болып жеткен Астана – бұл күнде мемлекетіміздің жүрегі», деді ғалым.

Иә, уақытында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елорданың жылнамасы тәуелсіз Қа­зақстанның шежіресімен ты­ғыз астасып жатыр. Шын мәнін­де, астананы көшіру геосаяси тұр­ғыдан өте дұрыс қадам бол­ды. Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім», деген болатын.

«Астананың бір ерекшелігі, тоғыз жолдың торабында тұрған қала. Патша өкіметі кезінде де солай еді. Кіре тартушылар Ақмола арқылы өтетін. Яғни әуел бастан Астана қаласы маңызды орталық болды, заман ағымына сай қалыптаса бастады. 1994 жыл­дың 6 шілдедегі Жоғарғы Ке­ңестің отырысы – Қазақ елі­нің тарихында үлкен орын алатын оқиға. Астананы көшіруге қатысты көп қарсылық болды. Ақыры пікірталастан кейін тарихи қаулы қабылданды. Соның жемісін көріп отырмыз. Елордамыз күннен-күнге өсіп, өніп, өркендеуде», деді Астана қа­ласы Мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин.

Іс-шара барысында ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова архивтік құжаттары сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің ма­ңыз­ын атап өтті. «Өткенін біл­меген ел ертеңіне сеніммен қарай алмайды. Бүгінгі құжат – ертеңгі тарих. Архивтік құжаттар – тарихымыздың сарқылмас қоры. Сондықтан мұрағатқа мұ­қият қарау – келесі буынның алдындағы басты парызымыз», деді С. Нұрланова.

Құттықтау сөздерден кейін көрме тұсауы кесіліп, көпшіліктің назарына ұсынылды.