Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі желісімен сахнаға лайықталған «Ай мен Айша» драмасы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының сахнасында жүріп жатыр. Қоюшы режиссері – Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай әл-Тарази, сахналық нұсқасын жасаған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек, қоюшы суретшісі – Мұрат Сапаров.
Жазушы Шерхан Мұртазаның екі бірдей шығармасын біріктіріп, бір пьеса жазып шығу арқылы инсценировка авторы қойылымның ауқымын кеңейтіп, қазақ ұлтының бойындағы небір асыл қасиеттерді, дүниетанымдық ерекшеліктерді айшықтаған. Барысханның автордың өзі екені түсінікті, бұл – автобиографиялық туынды. Спектакльдің құнды тұстарының бірі де осында. Бүкіл қазақ үшін қастерлі есім – Шерхан Мұртазаның өз анасына, балалық шағы мен туған мекеніне жасаған рухани тағзымы іспетті бұл туындылар қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов театрында қайта түлеп, өзінің сахналық ғұмырын бастады. Жазушының көзі тірісінде сонау Тараз қаласынан Алматыға арнайы келіп тамашалаған, батасын беріп, ризашылығын танытқан нышаналы дүние.
Қазақ басынан небір нәубет өтті. Соның бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс еді. Қазақстаннан майданға 1 млн 378 мың адам аттаныпты. Олардың 600 мыңнан астамы қаза болған немесе хабар-ошарсыз кеткен. Әскерге жарамды ер-азамат түгел соғыста. Тылда қарттар, әйелдер мен жас балалар қалды. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен халықтың қолындағы бар малы мен астығы жүйелі түрде алынып отырды; аштық, ауру жайлаған, жетім-жесір қан қақсаған, қариялар жоқтау айтып жер тоқпақтаған уақыт қайта туды. Спектакль бір үйдің оқиғасын баяндау арқылы бүкіл халықтың жай-күйін, сол заманның картинасын көз алдыңызға әкеледі. Бұл жерде жалған патриотизм, жалған кеудемсоқтық көрмейсіз. Тіпті жинақ бейне, жинақ тағдырлар да жоқтың қасы. Жарық Айға ғана мұңын шағып, жасығанын көрсететін Барысханның анасы Айша (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп, Жастар одағы сыйлығының лауреаты Баян Қажынәбиева) – халық жауы ретінде ұсталған Мұртазаның (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жалғас Толғанбай) жары, ол – шиеттей үш баласымен жалғыз қалған сормаңдай жесір. Балаларымен қатар оның қолына қарап отырған алыс туыс болып келетін қариялар отбасы бар. Олар: көзі көрмейтін кемпір Қамқа (Қазақстанның халық әртісі Гүлнәр Жақыпова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айзада Сатыбалдиева), қария Мамай (Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай әл-Тарази, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Айдос Бектемір), олардың соғыста өлген баласы Орақтың жесірі Тотия келін (Арай Өмірова) және он бес жастағы ұлы Нұрперзент (Ермек Бектасов, Мерей Мұхтарұлы). Нұрперзент өзінің сыныптасы Айдайды (Саяжан Реал Бланко, Ажарлым Бақытжанова) сүйеді. Айдай да оған ғашық. Осылармен бірге спектакльде ауылдың бригадирі Тасбет («Құрмет» орденінің иегері Жандарбек Садырбаев) бар. Ол Айшамен көңіл көтермек болады, Айша көнбейді. Сол үшін бүкіл отбасы сүтін талғажау етіп отырған жалғыз сиырды ауру деп өртеп жіберуге өкім етеді.
Қарап отырсаңыз, жан шошитын ауыр жағдай. Бірақ олар өмірден жерімек емес. Күн санап, түн санап өмірлерін сүре береді. Көктемде ұшып келген нәуірзекке қуанады, үйден өрмекші шықса, соғыстан Орақ келіп қала ма деп үміттенеді. Бірін-бірі егер тез ұйықтап қалсаң, қарныңның ашқаны білінбей қалады деп сендіреді.
Айша бар болғаны әйел ғана. Әдетте қазақ «әйел қырық жанды» деп сенім артады. Шындығында олай емес қой. Мысықтың тоғыз өмірі болмайтыны сияқты, әйелдің де қырық жаны жоқ. Бірақ қазақ әйелінің қасиеті де сонда: қырық жанды екеніне барша жұртты иландырып қойған. «Ай мен Айша» спектаклін қазақ әйеліне арналған ода десе де болады. Қойылымда бір аңыз айтылады: «Бір ханның көзінің қарашығындай қоритын елігін түнде қасқыр жеп кетіпті. Хан ордасы жау шапқандай аласапыран болыпты. «Қасқырды тірідей ұстап әкеліңдер! Мұның терісін тірідей сыпырыңдар!», дейді хан қаһарланып. Ол кезде неше түрлі қасапшы бар, тірі қасқырға пышақ салып, терісін сыпырғанда, әлгі арлан бір қыңқ етпепті. Тек шоқ шашқан көздерінен бірер тамшы жас шықса керек. Арлан қаны шыққан жалаңаш етіне шөп-шалам, қиыршықтас жабысып, орнынан әрең тұрыпты. Дымын шығармастан адам көзінен ұзап кеткен. Көзден таса болғанда ғана зарлана ұлыған. Адамдар арасынан таса болғанша шыдап, көктегі айға қарап, Тәңірге ғана мұңын шағатыны содан дейді». Айтулы қойылымға бас кейіпкер болып отырған Айша да – осы. Оның бойынан біз қазақ әйеліне тән барлық асыл қасиетті көреміз. Мұртаза өзін жендеттер алып бара жатқанда: «Айша! Балаларға ие бол. Атымды өшірме!» деп кетеді. Бір рет емес, үш мәрте қайталайды. Айтуға оңай. Көп ұзамай соғыс басталады, қолында үш бала, Мамай мен соқыр Қамқа. Олар баласы Орақтан айырылып, қылшылдаған жас Тотия келінге ие бола алмай отыр. Тотия кетемін деп жұлқынады. «Қайда әлгі қу жетім? Тумай жатып әкесін жалмаған жалмауыз қайда? Басыңды жұтқыр шешек, бұл шешектің шоқпыты қайда, ойбай? Кетем бұл моладан, кетем, ойбай!». Тотияға кім не дей алады? Ол – жас. Жастыққа сот болушы ма еді? Бірақ ол кетсе, бесіктегі Әскербекті қоса әкетпек. Орақтың көзі – жер әлемде қалған жалғыз белгісі. «Әрі-беріден кейін мысығың жоғалып кетсе де, ішің ашып қалады. Мына менің жағдайымда мысық емес, адам жоғалайын деп отыр ғой. Орақтың жалғыз баласынан айырылғалы отырмыз. Масқара болатын болдық. Мен көзімнің тірісінде ұрығымды әлдеқайда қаңғыртып, тірі жетім, жаутаң көз етіп жібере алмаймын», дейді сорлы Мамай. Содан соң он бестегі Нұрперзентті ескі салт бойынша әмеңгерлік жоралғысымен Тотияға қосуға бел шешеді. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді». Ол басқа ешбір амал көрмейді. Оған Айша қарсы, Барысхан қарсы, Нұрперзент қарсы, Тотия қарсы. Бірақ Мамай мен Қамқа қара жердің өзіндей меңіреу. Қойылымда ұрпақ сақтау мәселесі тағы да алдыңғы планға шығады. Қазақ үшін ұрпақсыз қалудан артық қасірет жоқ. Қалайда ұрпақты сақтап қалу керек. Біздің бүгінгі тіршілігіміз – осы адамдардың түсінік-пайымдарының арқасы, еңбектерінің ақталуы.
Заман көз ілеспес жылдамдықпен өзгерістерге ұшырап жатыр. Салт-дәстүр мен ұлттық дүниетаным заманауи жаңару, жаңғыру ықпалына ұшырамай тұрмайды. Гибридті мәдени даму ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Өз құндылықтарын түрлі жолмен санаға сіңіруге тырысқан (және сіңіріп үлгерген) жаһандық мәдениетке қарсы тұрар жалғыз қасиет – осы көк бөрінің шыдамы екені анық. Бірақ ол осында, бізбен бірге ме? Әлде жоқ па? Үрейлі сауал.
Қазақ өзгерген әлемнен тыс, өз капсуласында қаймағы бұзылмай бұйығып отыра алмайды, бізге де жаңа әлемдік мәдениетке сай бейімделуге тура келеді, оған құрбандық болып кетпей, өзіміздің ұлттық мәдениетіміздің, әдебиетіміздің, өнеріміздің шекарасын кеңейту арқылы қол жеткізсек, құба-құп болар еді.
Қалай дегенмен де жаңа межені, жаңа соқпақты жастар көрсетпесе, кәрі қашанда өзінің қауіпсіз білгенінен шықпақ емес. Спектакль Барысхан, Нұрперзент пен Тотия келіннің құстармен бірге биікке шарықтап ұшып кетуімен аяқталады.
Кәрілер олар ұшқан ұяны күзетіп, шырақшы болып отыра бермек. Олардың запыраны, олардың зары жастардың бойына дарымайды. Олардың иммунитеті оны қабылдамайды, сыртқа тебеді. Себебі өмір сүруге тиіс, енді ұрпақ сақтау аманаты соларға өтті.
«Барысхан, Нұрперзент! Ұшыңдар! Мына желді қанат қылып ұшыңдар! Мен ошақтарыңды бағып отырамын. Ошақтарың да сендердің бір жұлдыздарың. Ешқашан ұмытпайсыңдар. Жаққан оттарың ешқашан сөнбесін!», дейді Айша ана. Жаңа заманның көк бөрілері енді олар болмақ керек, қазақтың тұқымын сақтап қалатын енді солар.
Мадина ОМАРОВА,жазушы, драматург