• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Шілде, 2024

Ауласын гүлзар еткен тұрғындар

231 рет
көрсетілді

Қалалық жерде көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына ойын алаңдары мен тас жолдан басқа ештеңе орналастырмайтыны белгілі. Ағаш егілуі мүмкін, болмаса ол да жоқ. Дегенмен бұл қағиданың талдықорғандық Ольга Серебренникова жоққа шығарды. Ол өзі тұратын көпқабатты үйдің ауласына 60 түрлі гүл отырғызып, шаһардың сәнін арттырып отыр. Шағын ғана ауланың шырайын келтірген тұрғынның еңбегі көпке үлгі.

Осыдан оншақты жыл бұрын «Талдықорған – таза қала» акциясы қолға алынып, жыл сайын дәстүрлі түрде тұрғындар ауласын ретке келтіріп жүрді. Бұл үрдіс кейін­нен әдетке айналды. Содан да болар облыс орталығы ел ішіндегі таза шаһарлар қатарынан түскен емес. Оның үстіне қала басшысы Ернат Бәзіл таңнан аралап, көшелердің тазалығына баса мән беріп отыр.

«Әрбір тұрғын қаланы Ольга ханым секілді аялап, есік алдына гүл егіп, ағаштарды суғарып тұрса, қаланың көркі одан әрі жайнар еді. Біз тазалықты өзімізден бас­тамай, қаланы қоқыстан құтқара алмаймыз. Жыл сайын тұрғындар саны артып келеді, үйлер де жиі салынып жатыр. Олардан шыға­тын қатты қалдықтар да көбейеді. Сондықтан барынша әрбіріміз қаланы аялай білуіміз қажет. Қоқыс­тан арнайы жәшіктерге тас­тап, ауланың сәндеп отырғанымыз абзал», дейді Е.Бәзіл.

Шынында Ольга ханымға қа­рап, көпқабатты үйдің де алдын бақ­қа айналдыруға болады деген ойға келесіз. Себебі жұпар аңқы­ған таңғажайып гүлдер көрген кісі­нің көңілін баурайды. Оған ешкім сол гүлдерге бағбан болғаны үшін ақы төлемейді. Жыл сайын көктем бастала баласындай қарап, үнемі қа­дағалап отырады. Қыс келгенше жайнап тұрады.

Кейіпкеріміз гүлдерін ауладағы балалар жұлып алмауы үшін көз жазбауға тырысады. Алақандай жерге осыншама мейірімін төккен жанға қала басшылығы да дән риза болып отыр. Әр гүлге жан жылуын, көңіл шуағын қоса құйып, өзгелерге де осындай иігілікті істі қолға алуға шақырады. Он бір жыл ішінде әуесқой бағбан жүздеген түрлі гүл өсіріп келеді. Оның өз туған жері мен өз қаласына деген сүйіспеншілігі көпке үлгі болып отыр. Мұндай игі іс бос жатқан жер учаскесін тиімді пайдалансақ деген ниеттен басталған еді.

«Медицина саласында жұ­мыс істедім, зейнеткерлікке шық­­қаннан кейін бос уақытым кө­бейді, сосын гүл өсірумен айналыса бастадым. Әртүрлі гүл өсіремін. Шырайгүл, түймедақ, балшатыр, бақытгүл, астра, барқытгүл, қоңыраугүл басқа да көптеген түрі бар. Ал бөртегүл көктемде гүлдейді. Жалпы, гүлдің 60-тан астам түрі бар. Әсіресе тас раушан – өте ерекше гүл. Өз қолым­мен гүлзар жасадым. Басқа да гүл өсі­ру­ші­лер­мен араласып тұрамын. Біз бір-бірі­мізбен тәжірибе алма­самыз, бір-бірімізге көшет, тұқым береміз. Өз қолымызбен ­оазис жасап отырмыз, соны күте­міз, суа­рамыз. Әрі әдемі, әрі пай­далы. Көршілерге ұнайды, олар бізге қолдау көрсетеді, бірге қуа­нады, балалар да гүлге ұқыпты қа­райды», дейді зейнеткер бағбан.

Осы ретте тағы бір тұрғын­ның игі ісін айтпаса болмас. Ол да ауласын көгалдандырумен 15 жылдан бері айналысып келеді. Татьяна Ибрагимова 50 сотық жерге үлкен гүлзар жасап, жеміс ағаштарын өсіріп отыр. Ләззат Асанова кө­ше­сіндегі №69 көпқабатты үйдің ауласын гүлді баққа айналды­руға оның қанша тер төккенін гүл­зар­ға қарағаннан-ақ ұғыну қиын емес. Гүл өсірушінің өзі мұ­ны­мен шек­телмейтінін айтады, туған қала­сына деген сүйіс­пеншіліктің ерек­ше үлгісін көр­сетіп, гүлдің жаңа сорт­­тарын отырғызуды жал­ғастыр­мақшы. Талдықорған қала­сы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл облыс орталығында «Үлгілі аула» байқауы өтеді. Ондағы басты мақсаты – қаланың кескін-келбе­тін жақсарта түсу, аулалардың таза, ­әрі жинақы болуын насихаттау. Осы арқылы әрбір тұрғынның шаһар­ға деген құрметі артпақ.

«Аула аумақтарының сани­тарлық жағдайы мен кө­гал­дан­ды­рылуын, абаттандырылуын қол­ға алу үшін арнайы іс-шаралар жүзе­ге асады. Тұрғындарды бірлесе жұмыс істеуге шақырып, ауласын таза ұстауға жол ашуымыз қажет. Осындай тұрғындарды үлгі ете отырып, өзгелерді де осындай іске қызықтыра аламыз», дейді қала әкімінің баспасөз қызметі.

Жетісу облысы